Қазақстанда автокөлік құжатын интернет арқылы рәсімдеуге болады

Қазақстанда алдағы уақытта автокөліктерді рәсімдеуге қатысты құжат жұмыстары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, интернет арқылы реттеуге болады.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жартыжылдықтың соңына дейін бір жұмысты жүзеге асырамыз деп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, автокөліктерді рәсімдеу жұмысы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйден интернет арқылы реттеледі. Яғни, сіз интернет арқылы тапсырыс беріп, қажетті құжатты «Қазпошта» арқылы ала аласыз. Бұл қадам көлік жүргізушілеріне ұнайды деген сенімдемін. Бізге осы жұмысты жүзеге асыру керек», - дейді Асқар Жұмағалиев.

Айта кетсек, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмасы бойынша елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.