"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Оразалин Одақтағы орнынан кетеді

Алматыда Жазушылар Одағының кезекті VI Пленумы өтті. Қазақстан Жазушылар одағын ширек ғасырға жуық басқарып келген Нұрлан ОРАЗАЛИН  ХV-құрылтайда сайлауға түспейтіні белгілі болды. 70-тен асқан қаламгер бұл шығармашылық ұйымды 1996 жылдан бері басқарып келеді. Нұрлан Мырқасымұлы Жазушылар одағының тарихында ең ұзақ төраға болған ақын, – деп хабарлайды Ратель.

Ақын Төреғали ТӘШЕНОВ Facebook.com әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына кезекті пленумда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ есептік баяндама жасағанын жазады. Баяндама ұйымның осы уақытқа дейін жасаған жұмысына арналыпты.

– Одақты 22 жыл басқарып келе жатқан төраға Нұрлан Оразалин 1996 жылы Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ, Кəкімбек САЛЫҚОВ, Сəкен ЖҮНІСОВПЕН бірге баламалы негізде сайлауға түсіп, жеңіп шыққанын, осылайша 4 Құрылтайда Төраға болып сайланғанын айта келе, алдағы 5-Құрылтайда сайлауға түспейтінін, басшылықтан кететінін ашық мəлімдеді. Ақын Маралтай академик Серік ҚИРАБАЕВТЫҢ Пленумға қатысушыларға арнаған хатын оқып бермек болғанда, Дулат ИСАБЕКОВ жоқ адамның хатын оқып керегі не деген қарсылығын білдірді. Соған қарамастан хат оқылды. Сонымен жарыссөз басталды.Сəбит ДОСАНОВ Қазақстан Жазушылар одағының алдағы 15-Құрылтайына дайындық мəселесін қозғап, Құрылтайдың өтетін күні 15- мамыр болып белгіленсін деген ұсынысын айтты. Қабдеш Жұмаділов даулы мəселелер жөнінде біраз көсіліп, ЖО басшылығына ащы сын айтты. Құрылтай 24-ақпанда өтсін, оны өткізуге комиссия құрылсын деген ұсыныс білдірді. Пленум жалғасуда, – деп жазды Төреғали Тәшенов.

Жарыссөзге шыққан ақын-жазушылар өз ойларымен бөлісті.

Жазушы Марал ЫСҚАҚБАЙ асығыстыққа салынбайық, Құрылтай мамыр айында өтсін деп, төрағаға рахмет айтты.Төлен ƏБДІК ЖО-ның беделін қалай күшейтеміз, жұмыс стилін қалай өзгертеміз, Одақтың жұмысы ашық болу керек, Құрметті төраға дегенді қою керек, Құрылтай мерзімі 26-ақпан болсын деген ойларын ортаға салды.

Дулат ИСАБЕКОВ  22 жыл бойғы қаржылық есеп-қисап берілмеді, алда да берілмейтіні анық деп, өкпе-ренішін айтумен қоса ЖО-ның аппараты түгел жұмыстан босауы керек, алдағы Құрылтайды жаңадан құрылатын Комиссия өткізуі керек, мерзімі наурыз айы болып белгіленсін деген ұсыныс білдірді.

Жаңаөзен, Жер сатылуға қатысты мəселелерде ЖО бұғып отырды, ешқандай реакция білдірмеді, беделден жұрдай болды, тездетіп Құрылтайды ақпанның 24-де өткізу керек деп шамырқанды Темірхан МЕДЕТБЕК.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ болса Жазушылар одағына тікелей қатысты емес, қоғамға қатысты бұрын да айтып жүрген ойларын айтты. Үш тіл дегенді қою керек деді. Тақырыптан сəл ауытқыды.

Иран-Ғайып «академик Серік Қирабаев авторитет емес, кезінде Қасым секілді талай таланттарды тұқыртқан адам» деді. ЖО-ға еш өкпем жоқ деп, құрдасы Төрағаға ризалығын білдірді. Жаңа Ит жылы туралы өлеңін оқыды.

Смағұл ЕЛУБАЙ  Қазақфильм ғимаратынан айырыламыз ба деген қауіп бар, осы қауіп ЖО ғимаратына да төнетіні анық, сондықтан ЖО ғимараты жазушыларға мəңгілік берілетіндей билікке талап қою керек. Ал Құрылтай 12-сəуірде өтсін деген ұсыныс айтты.

90-ға келген Мыңбай РӘШ ескі өмірден естелік айтып кетті. Өлең шумағын оқыды. Жұрт сөз қылған Серік Қирабаевты жақтап сөйледі. Отырғандардың шыдамы таусылып, шулап, қарсылық білдірді.

Атап өтейік, пленум аясында белгілі болғандай жазушылардың құрылтайы ағымдағы жылдың 12-наурызында өтетін болды.





7 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. 12 Ақпан, 2018, 20:54

    Елімізде Жазушылар Одағы бар екенін білеміз, бірақ Жерге, Жаңаөзенге, тағы басқа да халықтың, елдің мүддесіне байланысты жағдайларда Жазушылар Одағының үні шықты деп айта алмаймын. Сонда олар не үшін отыр, кім үшін отыр, біздің елде жастары келген, қартайған, қарт кісілер отыра бере ме бір орында 20 жылдан артық, өздері соны ерсі санамай ма екен, не көрінді екен соншама жабысып орынға, басқаларға да жол беру керек емес пе. Жасы келгендер бірден кету керек қой пенсияларына, орыстар қалай дұрыс айтқан НЕЗАМЕНИМЫХ НЕТ.

  2. 13 Ақпан, 2018, 00:36

    Оразалин о баста сайлауда бүгінде марқұм Сәкен Жүнісовпен, Қадыр Мырза Әлимен, Кәкімбек Салықовпен балама болған жоқ. Ол болса, үшеуінің де шаңын жұтып қала берер еді. Үшеуінің әрқайсысының қазаққа, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектері Оразалиннің еңбегінен он есе артық! Мұныкі: «Өлген қайтып келмейді, «мынауың өтірік!» демейді», баяғы. Ал Оразалиннің «Егемен Қазақстанның Бас редакторы қызметінен неге кетірілгеннін, Жазушылар одағына кімнің ықпалымен басшы болып сайланғанын білетін жазушылар бар, Оразалиннің аруақтарды аузына ала жалған сөйлегенін, егер, ашынса, айтып бере алар. Оразалиннің баламасы бүгінде марқұм Асқар Егеубаев қана болған. Шығармашылық үйді, мәжіліс залын, асхананы бұрынғы жалға алған қулардан қайтарып алуға негізінде күш салған, соттарға қажет құжаттарды жазған, екі рет сотқа барған да адам – Жазушылар одағында 15 жыл әкімшілік-шаруашылық жөніндегі хатшы болған Қалаубек Тұрсынқұлов. Ол да бүгінде марқұм, яғни ол да келіп айтып бере алмайды. Ал Оразлиннің «еңбегі» жазушылардың Шығармашылық үйін бірнеше рет жалға беріп, ақырында ухит-сухит жасап бітіргені. Онда жазушылар бола алмағалы он жылдан асты. Одақтың барахолкада өз базары болған, ол да сухитталды. Басқа да былықтары жеткілікті. «Қаламақы мәселесін шешілуге жақын дегені» де – баяғы жалпылама сөз. «Оразалинсіз өмір сүре алмадық, әлі де сүре алмаймыз, Нұрекең («Нұрекеңдер» мәңгілік болатын мода шықты-ау!) әлі де отырсын, жақсылығын жалғасын!» деушілер одан о кез, бұ кез әлдебір көмек көрген жандайшаптар екені сөзсіз. Пленум базар болып өтті, Қабдеш Жұмаділовтің, Темірхан Медетбековтің… орынды сөз-талаптарын алдын ала ұйымдасқан оразалиншілдер аяқсыз қалдырды. Төлен Әбдіков «Одақта құрметті төраға болмауы керек» деген ойды дұрыс айтты. Ол ұсыныс та еленбей қалды. «Құрметті Төрағалар» – Олжас Сүлейменов пен Нұрлан Оразалин. Екеуі де Одақты жетістірген жоқ. Сонда бұлардың алдында Сәкен Сейфуллиннен басталып, Әнуар Әлімжановпен аяқталған төрағалар бұл екеуінен кем болған екен ғой?!. О, қос бетпақ!..

  3. 13 Ақпан, 2018, 01:04

    Төраға алдыменен өз каламдастары алдында беделі болуы және халык тануы керек. Оның іске деген ниеті мен аузы дуалы болуы кажет

  4. 13 Ақпан, 2018, 11:21

    Ол касиетты, кара шанырак СОВЕТТЕР ОДАГЫМЕН бырге алмисактан беры жерге комылген. Енды бурынгы касиетыне ие бола алмайды. …

  5. 13 Ақпан, 2018, 16:08

    Жазушылар өздерінің құрылтайларында ең маңызды жағдайға көңіл бөлгені жөн болар еді, төраға 3-4 жылдан артық бастық бола алмайды, ЕКІНШІ РЕТ САЙЛАУҒА және ӨЛГЕНШЕ отыруға рұқсат жоқ деп. Не деген масқара бір орында 20 жылдан астам уақыт отыру.

  6. 15 Ақпан, 2018, 01:02

    Ендігі төрағаны қайсы аймақ, қайсы жүз, қайсы рудан сайлағалы жатыр? Бұрынғы төрағаның шашбауын көтерген жағымпаздары қайда кетеді?

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.