"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Төрт ай жалақы алмаған тәрбиешілер білім бөліміне басып кірді

Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері төрт айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Әкімдіктегілердің оларға қарызы 70 миллион теңгеден асқан. Бірақ шенеуніктер мектепке дейінгі білім беретін мекеме қызметкерлері алдындағы бережақтан құтылуға асығар емес. Олардың құр уәдесіне тойған тәрбиешілер білім бөлімін басып алды. Бұл туралы КТК хабарлады.

Шыдамның да шегі бар! Бұған дейін азғантай айлыққа шүкіршілік етіп келген ақтөбелік балабақша тәрбиешілері апта соңында ашуға мінген. Өйткені, жаңа жылды жалақысыз қарсы алса да жақ ашпапты. Енді маңдай термен тапқан теңгесін төрт ай бойы бермеген шенеуніктерге сенуден қалған. Бастықтарына қарсы шығудан қаймығатын олар бүгін керсінше білім бөлімін басып алды. Ақтөбеде балабақша тәрбиешілерінің алатын айлығы 50 мың теңгеден әрі аспайды. Енді бұл да қолдарына тимей қарызға белшеден батып отырғандарын айтады.

«Бұл жерге еріккеннен келген жоқпыз. Біз төрт айдан бері жалақы алған жоқпыз. Үйде балаларымыз бар. Мен көп балалы анамын. Жеті балам бар. Жолдасыма жақында операция жасалды. Оған өте жақсы күтім керек жүрегіне. Ал біз әлі күтіп жүрміз ақшаны мысалы. Біздерге береміз, береміз деп алдайды»,- деді балабақша тәрбиешісі Гүлжаһан Мейірманқызы.

Ақтөбедегі балабақша қызметкерлеріне әкімдіктегілердің қарызы жетпіс миллион теңгеден асқан. Осы күнге дейін тәрбиешілерді құр уәдемен тойдырып келген олар бұл жолы да үйреншікті әдеттерінен айныған жоқ.

«Қаражат толық бөлінбегеннің кесерінен біздерде  кредиторлық берешек пайда болды. Қазіргі таңда ол жылдың аяғына 70 миллион теңге құрады. Қазіргі таңда және алдағы дүйсенбі күні қаражат түседі деген ойдамын»,-дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов.

 Әкімдіктегілер әзірге тәрбиешілердің жаңа жылға дейінгі жалақыларын төлемекші. Жетпіс миллион қарыз сол уақытқа дейінгі есеп екен. Ал олардың қаңтардағы айлықтарын енді қашан алатындарын шенеуніктер нақты айтпай отыр. Ең қызығы, бюджет шығынын бекіткенде білім бөліміндегілердің қайда қарағаны белгісіз.





9 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. 10 Ақпан, 2018, 19:17

    Не деген масқара, сол 50 мың теңгеге қарап отырған қарапайым халықтың ақшасын төлемегендер не ойлап жүр екен, білім бөлімі де өздері 4 ай бойы жалақыларын алмады ма екен, сонда отбасын бағып отырғандар не жейді, не ішеді, балаларын қалай асырайды, оны ойлайтындар бар ма екен? Үн шығармайтын Халықтың барын ұмытып кеткендер, күткендерің осы ма еді, 4 ай бойы шыдап, сенген елдің жағдайын неге ашық түрде үлкен мінбелердегі халықтың атынан сайланғандарға жеткізбедіңдер, көшелер мен қаланың атын ауыстыру мәселесін шешкенсе, осындай ақшасыз азап көріп жүрген, әлеуметтік жағдайлары шешілмей жүрген халықтың прблемасын шешуге кірістірмейсіздер ме, 4 ай бойы шешімін таппау не деген масқара, ШЫДАМ МЕН ТӨЗІМ ДЕ ШЕКСІЗ БОЛМАЙДЫ соны ұмытпаған жөн болар еді.

  2. 10 Ақпан, 2018, 22:30

    Ботагөз Ханым ол тек Ақтөбеде емес қой ол Қазақстанның барлық жерінде, небір құрлысшылар, тағы сол сияқты азаматтар айлықтарын ала алмай жүргендер көп.Ал крутойлар баяндамаларын орысша дайындап келеді.

  3. 10 Ақпан, 2018, 23:25

    Сол крутойлар баяндамаларын орысша дайындағандарынан не пайда, не өзгеріс болып жатыр, өздерінің орысша баяндама жасап, орысша сөйлегендерін жетістік деп санай ма екен, олардың орысша баяндамасын тыңдап жатқан халық бар ма, орысша баяндама мен орысша сөздерінен іске көшер уақыт өтіп кетті, сонымен тағы да өздерін-өздері немен таңқалдырғылары келеді, оны өздері ғана біледі, теледидар көрмегелі қашан, ең дұрыс шешім осы болды, сондықтан ендігі олар қандай тілде баяндама жасағандары қызықты да, маңызды емес.

  4. 11 Ақпан, 2018, 03:13

    Иә, отбасының басшысы алжып, ел кезіп, қайда айқай шу болған отбасыларды іздеп тауып, оларға алжыған ақыл атып, тентіреп жүрсе, әрине өзінің үйінде де береке-бірлік кетеді! «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?» демекші, кешегі үкімет отырысындағы жағдай Қазақстанның шаруасы да шалқалай бастағанының белгісі болды.

  5. 11 Ақпан, 2018, 03:53

    Батыстық Мәншүк пен Әлияның сіңілілері бас көтере бастапты ғой. Бұл нені білдіреді?

    • 1 Сәуір, 2018, 17:15

      Бұл ашынған халық демократияны талап етіп өз намыстарын қорғауды қолға ьала бастады деген ойға жетелейді.
      Роза

  6. 11 Ақпан, 2018, 22:31

    Бала бағу оңай шаруа емес. Əрбір үйдің еркесін. Оның үстіне ана қағаз, мына қағаз, жоба, эксперимент деп есті тандыратын басшылық. Бітпейтін субботник, шөп жұлдыртулары тағы бар. Тəрбиеші емес, универсал жұмысшылар!Сондағы алатындары мардымсыз ақша. Əбден ашынған адамнан қандай сапалы жұмысшы шығады?

  7. 13 Ақпан, 2018, 09:29

    Қарыштап дамыған 30 елдің ішіндеі бейшара Қазақстанның шынайы көрінісі демеске амал жоқ.

  8. 1 Сәуір, 2018, 17:22

    ,Дамуын дамимыз ау.Бірақ рухани жұтаңдығымыз жүректі ауыртады.Адам деуге келеме,те ақша табуды,баюды ойлаймыз.Ал бюрократтық қанаушылықты не деп айтуға болады.Қашан өзгелермен тең ел боламыз..Бәрінен қорқыныштысы 18милл халқы бар біз өзгелердің қармағына кетіп қалмаймыз ба деген ой?Себебі:Өркениетті,дамыған ел болу үшін үш тілді таңдадық.Бұл өте дұрыс әрекет.Әлемдік тұрғыдан өте үлкен бастама.Бірақ балық басынан шіриді деген.Ұлтымыздың ұлттылығы,ұлтымыздың тектілігі өз тілінде емес пе?Неге біз өз тілімізді құрметтей алмаймыз.Неге өз тілімізге деген құрметті жоғары жақтағы керемет білімдімін деп санайтын басшылар көрсетпейді.Қазақ қайда барасың?

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.