Сара Алпысқызының туған күнінде барлық мектепте «Өзін-өзі тану» сабағы өтеді

12 ақпан күні барлық оқушы «Өзін-өзі тану» пәнінен сабақ оқиды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы Сара Алпысқызының бастамасымен республиканың барлық өңіріндегі 71 білім беру мекемесінде жалпы оқу-тәрбие бағдарламасында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын біріктіру жөніндегі жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Бағдарлама оқушылардың кең ауқымды әлеуметтік рөлдерді, өмірлік және білім беру стратегияларын, ерекше моральдық-құндылық бағдарларға басшылық жасауды меңгеруге бағытталған және отбасы институтын нығайту, қоғамымыздағы зорлық-зомбылықты, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою сияқты көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Биыл 12 ақпан күні Сара Алпысқызының туған күнінде елдегі барлық білім беру мекемелерінде оқу күні «Өзін-өзі тану» сабағымен басталады.