СОТ ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕ ҚАШАН КІРЕДІ?

СУДЬЯЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ АШЫҚ, ШЕШІМІ ӘДІЛ БОЛУЫ КЕРЕК

Кез-келген азаматтық немесе қылмыстық іске заң тұрғысынан әділ баға беруге міндетті бірден-бір құқық қорғау орны болып табылатын еліміздегі сот саласы өткен 2017 жылды қорытындылап, жиын өткізді. Ордалы отырыста жаңадан Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалған Жақып Асанов сөз сөйлеп, сала жұмысына қатысты өз пікірін білдірді. Бұл лауазымның алдында ҚР Бас прокуроры қызметін атқарып, халықтың қолдауы мен ризашылығына бөленген Жақып Асанов жаңа жұмысты да лайықты деңгейде жүргізетінін аңғартқандай болды. Алғашқы жиындағы төрағаның кіріспе сөзі соты әділ жұмыс істейтін, заңды құрметтейтін елдің қандай болатынын түсіндіруге арналды. Сот жұмысының барынша ашық және халықтың көңілінен шығу керектігін баса айтты. Олай болмаған жағдайда сотқа көңілі толмаған халық бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейтінін, құқық қорғау саласының беделін түсіретінін тағы бір еске салды. Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, өз елінің сотына сенбейтін жұрттың ұйқысы тыныш болмайды. Себебі кез-келген азамат заңы үстемдік құрған елде еркін, бейбіт өмір сүргісі келеді. Сотына сенген ел өзінің ертеңгі күніне сенімді, балаларының болашағы үшін де алаңдамайды, өз мемлекеті мен оның заңын сыйлайды, кәсібімен уайымсыз айналысады, заң мен тәртіпке бас иеді. «Жалпы мемлекеттік билікте соттың алатын орны ерекше. Жұрт сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, заң орнынан әділдік іздейді. Ал егер көңілі толмаса, ол сотқа ғана емес, бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді», – деді сот төрағасы. Сонымен қатар, соттың өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы барлық салаға, соның ішінде тұрмыстық жағдайымызды айқындайтын ел экономикасына қалай әсер ететінін де түсіндірді. «Инвесторлар «Бұл елдің соты әділ екен» деп, еліміздің экономикасына қыруар қаржысын құяды. Елбасы бұл жөнінде бізге талай айтып жүр, соны есімізде ұстауымыз керек», – деді Асанов. Жоғарғы сот төрағасының бұл сөзінен экономика саласындағы заңбұзушылықтардың кең етек алғанын, жемқорлықтың асқынып кеткенін, онымен нақты күрес жүргізу керектігін меңзегенін байқауға болады. «Біз өзіміздің проблемамызды, кемшіліктерімізді жасырмай, ашық түрде жеткізе білсек, қоғам біздің қызметіміздің қыр-сырын жақсы білетін болады. Ал, қоғам жұмысымыздың қыр-сырын білген сайын, судьяларға деген талап өседі. Бұл түбінде бізге нені береді? Қоғам білгеннен кейін, біздің әр қадамымыз, сөзіміз жұрттың бақылауында болады. Халықтың бақылауында болғаннан кейін, әрбір судья, әрбір сот төрағасы жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады», – деді ол. Құқық қорғау орындарында көптен бері қызмет етіп келе жатса да сот саласының тізгінін енді ғана қолына алған төраға заңымызды әділ іске асыруға міндетті мемлекеттік мекемелердің алдында тұрған мәселелерді жақсы білетінін көрсетті. Сондықтан да қол астындағыларға алдағы уақытта не істеу керектігін, қандай бағыт ұстану жөнінде біраз мағлұмат берді. «Азаматтар мен мемлекеттік органдардың арасындағы дауларға қатысты өте көп хаттар мен ұсыныстар алдым. Қараңыздаршы, адам шағым береді, ал оның оппоненті кім? Заңгерлер штаты мен қуатты әкімшілік ресурсы бар мемлекеттік органдар. Бұл әсіресе кедейлерге, қарттарға қатысты істе анық байқалады. Олар шенеуніктермен дауласпақ тұрмақ өздерін де қорғай алмайды. Ал сот ше? Сот тараптар берген деректерді ғана саралайды. Біз шындықтың түбіне қазбалап жете алмай жүрміз. Біз тек құқық қорғау орындарының алдынала берген деректерін ғана бағалаймыз. Бермеді ме, өзгесі ескерусіз қалады. Істің кейбір тұстарын сұрауға біздің одан ары құқымыз жоқ. 70-тегі қария мен мемлекеттік органның мүмкіншілігін қалай бағалауға болады, салыстыруға келмейді», – деді ол. Осы ретте Жоғарғы сот төрағасы еуропалық елдер мен қазақстандық соттың айырмашылығын айтып, мысал келтірді. «Оларда азаматтың мемлекеттік органмен даулы ісін қарайтын әкімшілік соттар бар. Шетелде басқа ереже. Судьяның өзі зерттеу жүргізіп, белсенді түрде шындықты анықтап, мемлекеттік органға қарсы тұрады. Екіншіден, сот өз шешімінің орындалуына өзі қатаң бақылау жүргізеді. Орындалмағаны үшін шенеунікке және мемлекеттік органға санкция салады», – деді Жақып Асанов. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе мұндай соттардың тиімділігін көрсетіп отырған көрінеді. Соған қарағанда алдағы уақытта біздің елімізде осы тәжірибе енгізілуі мүмкін сияқты. Біз осы шағын мақаламызда Жоғарғы сот төрағасының жылдың қорытынды жиынында айтылған негізгі пікірлерін толығырақ қамтуға тырыстық. Өйткені оның сөзінде сот саласындағы кемшіліктер мен алда шешілуге тиісті мәселелер түгелдей ескерілмесе де, күн тәртібінде тұрған біразы атап көрсетілген. Асановтың ашық айтқан кемшіліктерімен кері кеткен кейбір судьялар келіспесе де қатардағы қарапайым халық толықтай қолдайтыны айдан анық. Ендігі мәселе сол аталған олқылықтарды толтырып, сот саласының жұмысын нақты жандандыруда болып отыр. Оған жаңа төрағаның мүмкіндігі бар, тәжірибесі де жетерлік. Бұлай деп айтуымызға Жақып Асановтың Бас прокурор болып тұрған­дағы атқарған қызметі дәлел бола алады. Естеріңізде болса Асанов алдымен прокуратураның өз қатарын тазалап, іште тәртіп орнатудан бастаған-ды. «Біреуден заңның орындалуын талап етпес бұрын, өзің үлгі көрсетуің керек!» деген қағиданы басшылыққа алғаны зая кетпеді. Білікті, таза ниетті кадрлар тартылып, прокуратура саласының жұрт алдында беделі бір саты көтеріліп қалғанына куә болдық. Оны еліміздің кез-келген тұрғыны айтып бере алады. Рас, тәртіп орнатамын, жұмысты жөнге келтіремін деп Жақып Асанов өзіне жау тауып алғанын да байқадық. Біреулер «тыныш жүр» деп қоқан-лоққы да көрсетті. Былық істермен айналысатын басшысымақтарға темірдей тәртіп ұнамайды. Сондықтан алдымен өз ішіндегі осындай шенділермен күрес жүргізу аса қажет. Құлқынның құлына айналған құқық қорғаушыдан не қайыр, бірінші кезекте солардан арылу қажет. Елімізде судьялардың ашық, әділ жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Жалақылары жоғары, өзге де бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Соңғы төрт жылда елімізде судьялар саны 30 пайызға артқаны туралы сонау 2004-жылғы жұмыс қорытындысы бойынша өткізілген ҚР Жоғарғы соты судьяларының кеңейтілген отырысында Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мәлімдегені есімізде. Бұл лауазымға бір рет емес, екі рет келіп сот саласын ұзақ жылдар басқарған білікті маман Қайрат Мәми судьялардың жұмысын жоғары деңгейге көтере алды деп айту қиын. Сол жиында Қайрат Мәми 2003-жылы кері себептерге байланысты 25 судья, 2004-жылы 11 судья жұмыстан шығарылғанын айтқан-ды. Пара алды деген күдікпен сол кезде үш судья құрықталғанын ашық жария еткен болатын. Тізе берсек сот саласында кемші­лік­терден аяқ алып жүре алмайсыз. Біріншіден, жаңағы деректер көрсеткендей пара алу кең етек алған. Істі жабу немесе жазаны жеңілдету үшін өздері ант берген әділ заң алдында сатқындыққа барады. Екіншіден, біздің соттар жоғарыға жалтақтап отырады. Биліктің айтқанын істейді, қылмыстыны босатып, кінәсізді темір торға қамауға дейін барады. Үшіншіден, сот саласында ашықтық мүлдем жоқ. Сот құпиясы деген желеумен ешкімді жанына жолатпайды. Былық атаулының бәрі ашықтық, жариялылық жоқ жерде болатыны белгілі. Төртіншіден, кеңсенің кіре берісінде мемлекеттік қызметкердің әдеп кодексі әдемі жазылып ілулі тұрғанмен, сол судьялар тарапынан әдеп деген сақталмайды. Оны Алматы қалалық сотында азаматтық іске қатысқанда өз көзімізбен көргеніміз бар. «Бұл жерде сұрақты мен қоямын» деген судья жа­уапты адамның аузын аштырмай, дөрекі мінез танытқанына куә болғанбыз. Тіпті іске қатысқан прокурор «қайда отырғаныңызды ұмытпаңыз» деп сес көрсеткен-ді. Шын мәнінде жауапты адам судьяның шаңырағына шай ішу үшін келген жоқ. Мемлекеттік мекемеден әділдік іздеп келіп отыр емес пе? Заң өз қолымда екен деп өктем сөйлеу судьялар арасында жиі кездесетіні жасырын емес. Төртіншіден, пара алған судьяларды жұмыстан қуып, соттаумен іс бітпейді. Олардың қылмысы үшін заңды барынша, тіпті 2-3 есе қатайту қажет. Сонда адамның тағдырымен ойнауға болмайтынын әрбір судья түсінетін болады. Ең бастысы, құқық қорғаушылар арасында идеологиялық жұмысты жандандыру керек. Өмір тек қана заңның баптарынан тұрмайтынын, адамгершілік, азаматтық құндылықтардың да бар екенін әрбір судья есінде ұстағаны жөн. Бүгін жұрт сот десе сескеніп тұрады. Ашығын айтсақ сот табалдырығын аттауға қорқады. Неге? Өйткені оған деген сенім жоқ. Алдымен сол сенімге ие болу қажет. Бәріміз де заң алдында бірдейміз, бәріміз де заңды сыйлауға міндеттіміз.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz