Қонаев Сәтпаевқа неге қарсы болды?

1975 жылы теруден алынып тасталған жазушы Медеу Сәрсекеевтің Қазақстан Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтпаев туралы кітабын еске алайық.

Жазушы қаламақысының біршамасын алып, жұмсап үлгерген баспадан шығуға дайын тұрған кітапты кімнің не себеппен өндірістен алып тастағанына жауап ала алмай өзінің әуре-сарсаңға түскенін, еш нәтиже шығара алмай әрі-бері сенделгенін кейін жеке бір кітап етіп жазып шықты. Дінмұхамед Қонаев оның екі бірдей хатын жауапсыз қалдырған.

Жазушыны Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев он үшінші күні қабылдаған, бірақ, нақты жауап беруден жалтарып баққан. Ол жазушының Сәтпаев туралы кітабын жарияламауын сұрап, не ұсынбады десеңізші, моралды-материалды игіліктің барлық түрін беруге даяр болған. Бірақ, ақыр-аяғында бұл «үйде» өзінен басқа да адамдардың бар екенін айтып, шындықтың бетін ашпасқа амалы қалмаған. Әлгіден соң басқа сөздің қажеті жоқ, бәрі де түсінікті болған.

Қаныш Сәтпаев туралы кітап тек бес жылдан кейін ғана, 1980 жылы Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрді. 1994 жылы «Санат» баспасынан Медеу Сәрсекеевтің «Қуғындалған Сәтпаев» деген Сәтпаев туралы әңгіменің оқырмандарға жетуі ауыр да ұзақ болған қиын жолы туралы кітабы шықты.

Көптеген деректердің арасында мынадай да бір өте қызық дерек бар. 1981 жылы Дінмұхамед Қонаевқа ССРО геология министрі Евгений Козловский келеді. Сол министр Сәтпаевты мақтаныш көретінін, Үлкен Жезқазғанды ашқан осынау ірі геолог ғалымның алдындағы борышы жайында сөз қозғайды.

Сол кезде Дінмұхамед Қонаев министрді тоқтатып, «Сіз қателесіп отырсыз, Жезқазғанды түбегейлі зерттеп, ашқан адам – геолог Сейфуллин. Сәтпаев оның еңбегін пайдаланып кеткен» дейді.

Министр дауласпады, өйткені, СОКП ОК Саяси бюросының мүшесіне бәрі жарасымды. Сәтпаев халықаралық қорының президенті Кәкімбек Салықовтың сөзімен жауап берейік: «Қаныш Сәтпаев дүниеден өткеннен кейін советтік замандағы кейбір басшылардың оның есімін ұмыттырып жіберуге тырысқанын үлкен қынжылыспен айтуға тура келеді. Оның бәрі биікке қалықтап шыққан даңқының көлеңкесінде қалудан қорықты».

Десе дегендей-ақ, Қаныш Сәтпаев – Қазақстан Ғылым академиясының бірінші президенті, одақтық Ғылым академиясының мүшесі болған тұңғыш қазақ, осы академия төралқасының мүшесі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі, Жоғарғы аттестациялық комиссияның мүшесі.

Академик Шапық Шоқин оған тағы бір өте биік баға береді:

«Синтетикалық ақылдың ойшылдары өте сирек туады. Барынша синтетикалық құрылымдағы ақыл-парасат иелері кеңінен танымал: Леонардо да Винчи, Эйнштейн, Андрей Сахаров. Олар немен шұғылданса да қайталанбас тұлғаға айналады. Мен еш күмәнсіз Қаныш Сәтпаевты да осы айрықша ақыл-парасатқа ие ойшылдардың қатарына жатқызамын».

Ал тіпті Қазақстанның өзінде беймәлім геолог Сейфуллинді онымен салыстыруға да келмейді.

Мадат Аққозин,

Дереккөзkazakh-tv.kz