Жоғары сот төрағасы: сотқа көңілі толмаған халық бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді

Жоғары сот  төрағасы Жақып Асанов соты әділ елдің қандай болатынын түсіндірді. Бұл туралы Астанада өткен Жоғарғы соттың 2017 жылғы қорытынды жиынында айтты.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Жиында Асанов барынша ашық болу керектігін және халықтың көңілінен шығу жолдарын айтты. “Біз өзіміздің проблемамызды, кемшіліктерімізді жасырмай жеткізе білсек, қоғам біздің қызметіміздің қыр-сырын жақсы білетін болады. Ал енді қоғам жұмысымыздың қыр-сырын білген сайын, судьяларға деген  талап өседі. Бұл түбінде бізге нені береді? Қоғам білгеннен кейін, біздің әр қадамымыз, сөзіміз жұрттың бақылауына болады. Олардың бақылауында болғаннан кейін, әрбір судья, әрбір сот төрағасы жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады”, — деді ол.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, өз елінің сотына сенбейтін жұрттың ұйқысы тыныш болмайды. Себебі кез келген азамат заңы үстемдік құрған елді өмір сүргісі келеді. Сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды, мемлекетті сыйлайды, кәсібін уайымсыз жасайды, тәртіпке бас иеді, дейді ол.

“Жалпы мемлекеттік билікте соттың алатын орны ерекше. Жұрт сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, әділдік сұрайды, ал егер көңілі толмаса, ол сотқа емес, бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді” – деді сот төрағасы.

Сонымен қатар, соттың ел экономикасына қалай әсер ететінін де түсіндірді.

“Инвесторлар “бұл елдің соты әділ” деп, сол елдің экономикасына қыруар қаржысын құяды. Елбасы бұл жөнінде бізге талай айтып жүр, соны есімізде ұстауымыз керек”, — деді Асанов.