Шардарада шағын футболдан республикалық турнир өтті

Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында кіші футболдан Шардара ауданының ашық кубогы өтті.

Блогерлер мен журналистер, баспахана қызметкерлері арасында өткен дүбірлі жарыста аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, облыс әкімінің баспасөз қызметінің өкілі Айдар Сейдазым сөз сөйлеп, оларға сәттілік тіледі.

Алаңға алғаш болып «Оңтүстік» телеарнасының командасы мен облыстағы блогерлерден құралған команда шығып, шеберлік байқасты. 30 жылға жуық телеарнада жетекші инженер болып қызмет атқарып келе жатқан Сегізбай Өскенбай бастаған «Оңтүстік» командасы қарсыластарын ойсырата ұтып, топ бастады.

Келесі ойын шардаралық ардагер футболшылар мен «Медиа» командасы арасында өтті. «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «ҚазагроТВ», «Ернияз» жарнамалық баспаханасының қызметкерлерінен құралған «Медиа» командасы қарсыластарына барынша төтеп беруге тырысып бақты. Белгілі журналист Арай Есенбектің әдемі голын жанкүйер қауымы біразға дейін ұмытпайтын болды.

Мұнан кейінгі ойындарға шыққан Жамбыл облысынан келген «Тараз» командасы, Талғат Балтабаев басқаратын «Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ұжымы әдемі ойын өрнектерімен көрерменді тәнті етісті.

Сонымен, Шардарада тұңғыш мәрте ұйымдастырылған БАҚ өкілдері арасындағы кіші футбол жарысында «Тараз» командасы жеңіске жетіп, 150 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығаға байлады. Екінші орынды «Оңтүстік» телеарнасының футболшылары еншілеп, сыйлыққа 100 мың теңгені иеленді. Ал, жүлделі үшінші орынды «Медиа» командасы бағындырып, оларға 50 мың теңге сыйақы бұйырды.

Сондай-ақ, ойын барысында шеберліктерімен көзге түскен ойыншылар «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» атақтарымен марапатталып, оларға да бағалы сыйлықтар тарту етілді.