Н. Назарбаев: Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі

Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Бұл туралы бүгін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» тақырыбындағы отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі іс-шара Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы кезіндегі негізгі шара. Жиын жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне арналып отыр. Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу мен маңызды жаһандық проблемаларды шешуде негізгі рөл ойнайды. Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру жөнінде ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизм құрылды», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, қазіргі таңда Азиядағы өзара ықпалдастықтың және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, жемісті жұмыс істеуде.

«Ширек ғасырдан кейін БҰҰ ғимаратында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан атынан сөз сөйлеп тұрмын. Бірақ жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мәселесінің әлі де күрделі екенін және оның күннен-күнге өзекті бола түскенін айтуға мәжбүрмін. Сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуі тиіс», - деді Елбасы.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың оның себебін де түсіндіріп берді.

«Біріншіден, сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Біздік басты міндетіміз ‒ келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ширек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті. Ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елдер таратпау жөніндегі қозғалыстың көшбасшысына айналдық. Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз және Қазақстанның барша халқы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген ерікті қадамымыз болды», деді ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып отырғанын баса айтып, ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекіткенімізді атап өтті.

«Екіншіден, өзара сенім ахуалы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септігін тигізе алады. МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылуы ‒ осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы әрі оның жүзеге асуының көрінісі, Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты. Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді», - деді Қазақстан Президенті.

Біз тәуелсіз ел болып, мемлекетімізді нығайттық. Ядролық қарудан бас тартып және ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алып, жоғарғы беделге ие болдық.

«Осы ретте, Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз»,-деді Президент.