"Крокодилді" қазақша "қолтырауын" деген қате емес". Белгілі журналисттің Елбасыға жауабы

«Крокодилді» қолтырауын деп аударған қатеге жатпайды. Бұл туралы белгілі журналист Қайнар Олжай айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында былай деген:

Мен студент кезімде шамасы 1979 жылы шығар, араб елдері мен Израиль арасындағы шекарадағы Иордан өзенінен әрлі-берлі ешкімді өткізбеу үшін қолтырауын өсіре бастағаны туралы памфлет жаздым. Сол кездегі партиялық газет ""Социалистік Қазақстанға" шықты. "Қолтырауынның көз жасы" деген тақырыппен. Кеңес заманы. Аударма мен терминге қазіргіден қатты қарайтын. Терминком барлық қалам ұстағанды тырп еткізбейтін кезде "қолтырауын" деген сөз болды және қалыптасып санаға сіңіп кетті. Енді оны Елбасының аузымен "крокодилді" олай аударуға болмайды" дегізіпті. Мемлекет басшысына бұл мәтінді жазып бергендер болса, алдымен қазақ журналистикасын жақсылап оқығаны, тарихымен танысқаны жөн еді.Араб, парсы, қытай, урду тілдері бұл мақұлықты өз тілдерінде атап,"крокодил" демегенде біз неге кері шегінуіміз керек? Онда арыстанды "лев", пілді "слон" не "елипан" дейік. Жалпы, сол "елипан" сөзінің арғы түбінен бәрібір түркінің "алып аң" сөзі шыға келер! Құрметпен Қайнар Олжай.

Еске салсақ, кеше Елбасы кейбір терминердің қате аударылатынын тілге тиек еткен болатын. Мемлекет басшысы күйсандық (фортепиано), қолтырауын (крокодил), ғаламтор (интернет) сияқты күлкілі аудармалар толып жүр деген еді.