"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Алаш арыстарының аманаты

 

 «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы».

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

                                          АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АМАНАТЫ

 

Былтыр жүз жылдығын атап өткен Алаш қозғалысының тарихы жайлы баяндағанда, Алаш үкіметі құрылғанға дейін, құрылғаннан кейін және де Алаш үкіметі күштеп таратылғаннан кейін деп үшке бөлсек дұрыс болар, әрине. Себебі, Алаш зиялылары туған халқының мүддесі жолындағы   қызметтерін ғасыр басынан бастап, соңын сонау сұрапыл жылдардың сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде ұлт үшін жандарын құрбан етумен тәмамдағаны шындық. Ал Алаш қозғалысының құрылуына қазақ даласында қандай уақиғалар түрткі болды деген сұраққа жауап табу мақсатында, Алаш үкіметі құрылғанға дейінгі уақытқа сәл шегініс жасауды жөн санадық.

 

Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары

Ұлтымыздың ұлы жазушысы М.Әуезовтың тілімен айтқанда зар заман ақындары шерменде болып жырға қосқан дәуірдегі ұлт азаттығы үшін болған Кенесары көтерілісінің трагедиямен тамамдалуынан кейін патшаның отарлау саясаты тіптен қарқын ала түскен еді. Бұл кезеңдердегі қара шекпенділердің ұлы даламызға қарай үздіксіз ағылуы алым-салықтың жоғарылығы қанаудағы халықтың күн көрісін қиындатып жіберді. Абайдың тілімен айтсақ, «қазақтың ұстарасыз аузына мұрты түскен» кезеңдерде патша саясатына тегеурінді қарсылық көрсетер, яки қазақта қолға қару алып тойтарыс берерлік әскери күш жоқ еді. Қайтпек керек? Отаршылдарға қарсы ұлтты сақтап қалар тек интеллектуалдық күш қана болған еді. Бұл қазақ даласынан шыққан, Ресейдің белді деген жоғары оқу орындарындарында еуропалық білім алған, саяси-құқықтық өзіндік ой-пікірі бар ұлтымыздың зиялы қауымы еді.

Алаш қайраткерлерінің ең алғаш саяси іске белсене араласуы бірінші орыс революциясы болып өткен 1905 жылдан бастау алады. Сол жылы бодандықтың қамытын киген, талау мен қанауда жүрген жұртты оятпаққа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды ұлт жанашырлары қазақ даласының жер-жерлерін аралап, қалаларда халықпен митинг ұйымдастырумен болады. Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары нақ осы кезден басталды деуге толық негіз бар. Саяси белсенді әрекеттерінің бірін Қарқаралыда өткізген алаштықтар Ресей үкіметіне арнап петиция (арыз-тілек) жібереді. Бұл петиция жайлы кейіннен Мұхтар Әуезов өз мақаласында: «… Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық- мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақандар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған» –деп  жазады.

Бұған қосарымыз, арыз-тілектердің ішінде ұлт мүддесін қорғау мақсатында қазақтан Думаға депутат сайлауға  құқық беру мәселесін де көтерген еді. Бұл тарихи құжатқа барлығы 12 767 адам қолын қояды.

Ұлты үшін саяси белсенділік танытқан  қайраткерлеріміздің бұл әрекеттері  империя билігіне ұнай қоймады, әрине. Петициядан көп уақыт оздырмастан-ақ патша адамдары Алаш арыстарының артына шам алып түсе бастайды.                                                        Сонымен тарихи  құжат Петербургке аттандырылған  соң,  санаулы уақыттан кейін патшаның «Мемлекеттік Дума» туралы манифесінде қазақ ұлтының өкілі мемлекеттік думаға сайлану құқығын алады. Осы кезеңдерден бастап Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстары депутаттыкқа сайлану арқылы   қазақ халқының мәселелерін мемлекеттік мінберден көтере бастады. Сол кездегі ұлы держалық  ұстанымдағы депутаттардың: «Думада соншалықты қазақ жерінің мәселесін қайта-қайта көтере беретіндей басқа мәселе құрып қалып па?» – деп  наразылықтарын білдіруі Алаш алыптарының думада қаншалықты белсенді жұмыс істегенін аңғартса керек.

Алаштықтар баспасөз арқылы халықты оятты

Қазақ зиялылары саяси белсенділігінің бір әрекеті билік мінберінен ұлт мүддесін қорғау болса ,екінші әрекеті халық  санасын бұқаралық ақпарат құралы арқылы ояту болды.

Газетті халықтың  көзі һәм тілі деп бағалайтын  алаштықтар  бүкіл қазақ сахарасындағы  қоғамдық-саяси мәселелерді газет бетіне жариялап, халықты құлағдар етті, талқыға салумен болды. Тіптен оятты десек те қисынды болар.

Әрине, сол кезеңдерде Алаш ардаларының «Оян,қазақ!» сынды   шығармалары халықтың үлкен құрметіне ие болғанымен, билік тарапынан таралуына, насихатталуына қатаң тиым салынып, қудаланып жатты. Осы жылдарда қазақ даласында «Айқап», «Қазақстан» сияқты газет-журналдар жарыққа шыға бастады. (Өкінішке орай патша үкіметі бұл газеттердің ғұмырын ұзаққа апармады). Олардың ішінде 1913 жылдан бастап Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газеттің халықтың саяси санасын оятуға қосқан үлесі ұшан-теңіз болды болды. Газеттің соншалықты сұранысқа ие болғанына айғақ, алғашқы таралымы 3000-нан  8000 данаға дейін жетіп, Қытай, Түркия  мемлекеттеріне дейін таралып жатты. Ол кезде 8000 дана дегеніміз Ресейдің белді ақпарат құралдары үшін екінің бірі жете бермейтін меже болса керек.

Дәл осы «Қазақ» газетінің 12-нөмірінде Алаш арыстаны Бөкейханов Шәкәрім Құдайбердіұлының  шежіресіне жазған рецензиясындағы Алаш ұраны, Алаша ханға байланысты жеке пікірінен соң «Алаш» сөзі газет беттерінде жиі айтылып, осы газет арқылы саяси айналымға тереңдей еніп кеткені жайлы алаштанушы Б.Мүрсәлім өз еңбегінде атап өтеді. 1915 жылы Әлекең қазақ газетінің 106-санында «Неміс мәдениеті» атты мақаласында: «Мәдениет ілгері басқан сайын, қала зорайып, қалада табанақы, маңдай термен күн көрген адамдар көбейеді… Европа жұртының ішінде ғұмырын бақыт жолына аударған неміс ұлты. Ғылым неміс халқының артықша өсімі, осымен болды…» – деп жазады. Еуропа елдеріндегі қала халқының үлес салыстыра  көрсетеді. Өркениеттің, ғылымның қалада екенін, халықтың қалаға көптеп шоғырлануы, елдің дамуына апаратынын меңзейді. Ал мал шаруашылығына байланысты бір мақаласында: «Еуропада Швейцария жұрты, жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы –мал бағу. Қадағын 80 тиын, бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында ірімшікті осы Швейцария шығарған болады. Австралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң, Австралия жұрты қой бағып, мал шаруасын қылып отыр. Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүзіп келіп, Петербург базарында сатылады… «Енді заман өзгерді. Базарда бағлан ғана пұл болды. Қазына басы көпке байлаулы емес базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын десең мал сүйегін асылда» –деп жазады. Бұл мақалаларда көтерген екі мәселе де бір ғасыр өткен соң да өзектілігін жоғалтпай отырғаны ақиқат қой.

Сонымен  өз заманында «Қазақ» газеті жөнінде дөп басып пікір айтқан Мұхтар Әуезов: «Қазақ  газеті қазақ жұртының 1905 жылғы өзгерістерді өткізіп,ел дертінің себебін  ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытта келді… Бұл тұтынған жолында газет өз міндетін дөп атқарды», – деп жазады.

Ал «Алаш» сөзін ұлт ұранына айналдырған  арыстарымыздың саяси бағыт- бағдары қандай болды деген сауалға жауап іздеп көрер болсақ, 1915 жылдары Ресейдің белді мемлекет қайраткері Керенскиймен пікір алысқан Алаштың асылы Бөкейхановтың: «Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Діни іс мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек», – деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болар. Бұған қоса ескерер жайт, кезінде кеңестік дәуірдегі теріс пікір қалыптастырғанындай Алаш ардаларының  панисламистік, пантюркистік  пиғылда емес, өркениеттік зайырлы мемлекет құру бағытын ұстанғаны жөнінде Алаш зиялыларын зерттеуші  жапон ғалымы Уяма Томохико да: «Олар (Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов) ең алдымен өздерін қазақпыз деп ұқты, ал содан кейін мұсылманмын деп санаған еді» деп өз зерттеулерінде атап көрсетеді. Сонымен патшаға қарсы петициямен басталған Алаш қозғалысы баспасөз арқылы ұлтты оята жүріп, он жетінші жылға аяқ басады.

Қазақ тарихындағы тұңғыш ұлттық-демократиялық үкіметтің құрылуы

Империядағы  саяси және экономикалық дағдарыс нәтижесінде1917 жылдың ақпан айында Ресейде үлкен төңкеріс болып, патша тақтан құлады. Осы кезеңдерде Ә.Бөкейханов бастап қазақ зиялыларының 15 өкілі «Қазақтарға, жаңарған Россияның ерікті азаматтарына» арналған мәлімдемесінде: «…Россияның барлық халықтары үшін бостандықтың, теңдіктің және туысқандықтың күні туды. Жаңа қоғам мен жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтар ұйымдасуы керек. Жаңа коғамды қолдайтын барлық ұлттармен байланыса жұмыс істеу қажет..» деп жария салады. «Қазақ» газетінің  кезекті бір санында Әлекең: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» – деп  жазуынан ақпан төңкерісін алаштықтар тәуелсіздікке  жақындатар  бір үлкен қадам ретінде үмітпен қарсы алғанын байқауға болады. Төңкерістен кейін Керенский басқарған уақытша үкімет жер-жерлерде уақыт оздырмастан атқару комитеттерін құруға кіріседі. Осы сәттерден бастап Ғалел Ғаббасов, Жаһанша Досмұхамаедов, Жақып Ақбаев, Асфендияр Кенжин сынды ұлт зиялылары жергілікті атқару комитетерінің мүшелері болып тағайындалады. Ал Алаш көсемі Ә.Бөкейханов алғашында Торғай облысының комиссары сәл кейіннен Мұхамеджан Тыншпаевпен бірге Түркістан комитетінің мүшелігіне өтеді. Бұл жерде айта кетер жайт, Бөкейхановтың Ресейдегі саяси төңкерістерге байланысты елде қандай да бір бүліншілік болдырмау мақсатымен өз серіктестерімен бірге қазақ даласындағы жағдайды бірден бақылауға алуы өте орынды қадам болған еді.

Әлихан Бөкейханов сол кезеңдерде Француз жұртының  кезіндегі ұранына ұқсас «Бостандық. Теңдік. Құрдастық» сөзін ұран етіп, сол сөзді ұғынбасақ, артта қаламыз деп жазды. Бұл тұста қазақ даласында саяси істер тіптен белсеніп, жер-жерлерде қазақ сьездері өтіп жатқан еді. «Бұл уақыттарда тіпті европадағы 20 мемлекеттің ішінде тек Франция мен Швецария ғана республика болатын. Ал қалған елдердің бәрі монархиялық елдер еді. Бірінші Француз Республикасының ұранын көтеріп отырған Әлиханның да арманы бірінші Қазақ Республикасын құру еді» –  деп жазады алаштанушы Болат Мүрсәлім өз еңбегінде. Өкінішке орай, уақытша үкіметтің тірлігінен әрекеттерінен аз уақыттың ішінде-ақ қазақ даласындағы  саяси-әлеуметтік мәселеде патшалық замандағы отаршылдық саясаты байқала бастайды. Бұл үкіметтің де қазақтың көсегесін көгерте қоймасын сезінген Ә.Бөкейханов уақыт оздырмай кадет партиясымен ат-құйрығын кесіседі. Сәл кейініректе «Қазақ» газетінің №256 санында «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық. Француз, орыс, һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молла хукметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Біздің қазақ ісін көрсететін болсақ, хукімет ісін бөліп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партия менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Мен содан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мен мұны шілдедегі жалпықазақ съезінде айтқан едім» – деп жазады. Сонымен, саяси жағдайлардың ширыға түсуіне орай шұғыл әрекет еткен ұлт зиялылары 1917 жылы 21-26 шілде аралығындағы Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезін өткізеді. Аталмыш съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары және Бөкей ордасынан барлығы 20-дан астам өкіл қатысады. І-ші жалпықазақ съезд төрағасы Халел Досмұхамедов, ал төрағаның серіктері: А.Байтұрсынов, А.Көтібаров, хатшылары М.Дулатов пен А.Сейітов болды. Сонымен бірге әр облыстан қатысқан кандидаттар тізімі «Қазақ» газетінде жарияланады.

Бұл съездің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі – Алаш партиясы құрылып, бағдарлама жобасы сол жылдың соңына таман газет бетіне жарияланған еді.

Бір өкінішті жайт, сол кездегі елдегі орын алған саяси ахуалдың күрделене түсуі, жаңадан жария етілген партияның толыққанды жұмыс істеуне мүмкіндік бермегені ақиқат. Бірақ, сьездің ұлт мүддесі үшін нақты қандай нәтижесі болды деген сауалға, біріншісі, партия мүшелері тарапынан елдегі  шешілуі тиіс өзекті  мәселелерді ашық талқылауға салу арқылы тұжырымдамалар жасалды десек, екіншісі ұлт зиялылары Алаш партиясы құру арқылы желтоқсан айында ұлттық-демократиялық бағыттағы Алаш автономиясын жариялауға алғышарт болды деп тұжырымдағанымыз жөн болар.                                                                                             Империядағы ахуал күрделене түсті. Қазан төңкерісінен кейін белең ала бастаған Ленин бастаған большевиктер бүкіл қараша айында халыққа үндеу тастап, Ресей империясының жер-жеріне іс-қимылдарын бастап кеткен еді. Ленинді сонау жылдарда Петербург қаласында оқып жүрген кезінен жақсы  білетін және оның сұрқия саясатын көрегендікпен байқаған Әлихан  Бөкейханов: «Ленинге сенбеңдер, ол үшін демократия-буржуазиялық сандырақ» – деп халыққа жария етті. Сонымен, қызылдардың қазан төңкерісі мен империядағы анархия Алаш арыстарының ұлтты аман алып қалу мақсатында батыл саяси қадамдар жасауымен ұласты.

Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Әлихан жетекшілік еткен Алаш қозғалысының бес ұстанымы болды деп есептейді. Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды. (Бұл жерде айта кетер жайт, патша үкіметі жүргізген отарлау саясатының нәтижесінде тек 1895-1917 жыл аралығында ғана 1 млн-ға жуық адам Ресейдің ішкі өлкелерінен қазақ жеріне қоныстандырылып, барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынған еді. Қ.А)

Екінші ұстаным: жердің астын­дағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейха­новтың жобасы бойынша, «Қазақ­тың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.

Төртіншісі: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында бар қазақтың рухын көтергенекінші қазақ съезі басталып кетті. Құрылтай Орынбор қаласында бұрынғы генерал губернатор кеңсесінде өткізілді. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамбетовтар, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан, Міржақып, Ермеков сынды ел ағаларымен қоса асылдың сынықтары іспеттес Тұрағұл Абайұлы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының  немересі Әзімхан және Самара, Алтай губериясы мен қырғыз елінен  жиыны 82 адам, ұзын саны 300-ге жуық делегат жиналады.

Ең бірінші сөз алған Әлихан Нұрмұхаметұлы  Қазақ автономиясының үкіметі мен милициясын құру туралы баяндама жасаған соң, төмендегідей қаулылар қабылдайды:

Өкімет төрағалығына ұсынылған үш қайраткер – Әлихан Бөкейханов-40 , Құлманов-19 және Тұрлыбаев-20 дауыс алып, нәтижесінде көп дауыс алған Бөкейханов Алаш үкіметінің тұңғыш төрағасы (премьер-министрі) болып болып сайланды. Съезде бірауыздан қабылданған қаулы туралы Әлімхан Ермеков өз естелігінде былай деп жазды: «Декабрьдің 12 күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш автономиясы» келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Үлкен ауылдарға қоңсы қонып шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды. Алаш автономиясына құран оқылып, ат қойылған жалпы қазақ съезінде, ел ішінен көптеген қария ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді. Өзгелер ұмтылып жергілікті автономия алып жатқанда, 6 миллион қазақ халқы, тұтас жері бар қазақ жұрты қарап отырып қалса, жұрттығын жоғалтып, өзін-өзі тірідей көмгені…».

Арыстардың тілімен айтқанда ақ ордасы  тігіліп ,туы көтерілген жас мемлекеттің   ұлт мәселесінде ұлтшылдық бағытта емес  ,қазіргі тілмен айтқанда толерантты, демократиялық бағыт ұстанғанына алаш көсемі Әлекеңнің: «Еліміздің Орал Торғай, Ақмола, Семей өңірінде көп мұжық бізбен қоныстас.Егер мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып (тек қазақ ұлты мекендейтін)шығамыз десек, жеріміз орыста қалады; ал қазақты көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ  ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. (Алаш көсемінің  бұл арманы 1920 жылы 26 тамызында орындалады). Біздің автономия енді тұрмыс халда  туысқан автономия емес; жерге байлаулы автономия болмақ» деп жазады. Алаш Орда үкіметінің тағы бір қаулысында «Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі..» деп тайға таңба басқандай анық көрсетсе, сьезде құрылған  Ұлт Кеңесі – Алашорда үкіметіндегі  25 орынның 10 орны қырғыз-қазақ арасындағы  басқа халықтарға берілу құқығы қарастырылған. Жалпы Алаш көсемдерінің бірден ел тәуелсіздігін жарияламай, алдымен Алаш Үкіметін автономия деп жариялауы, қазақ даласындағы  ұлттық құрамның алалығы мен мен жоғарыда көрсетілген жер мәселелерін ескере отырып, қандайда бір қантөгісті алдын алу сақтығымен жасалған  қадам деп түсінген жөн. Айта кетер жайт, бұл съезд барысында қазақ халқы жайлаған  оңтүстік өңірлердің автономияға ену мәселелерін (ол кезде Түркістан автономиясы құрылып қойған) халық талқысына салу және де т.б  көтерілген өзекті мәселелер мен бағдарламалардың ауқымын бір ғана мақала аясында  сиғызу мүмкін болмағандықтан  жоғарыда тек түйінді мәселелерді көрсетуді жөн деп таптық. Сонымен, қазақ тарихында тұңғыш рет құрамында 15 министр жасақтаған  Алаш  үкіметі өз жұмысын Алашқалада (Семей қаласы) бастап кетті.

Алаш қаланы  астана еткен арыстар және  қазақ жерлерін қайтарылуы

Алаш үкіметін жариялануын халықтың қаншалықты зор қуанышпен қарсы алғанын, ұлт зиялылыарының Алашқалаға келіп  орналасуына орай Шәкәрім Құдайбердұлы  құттықтап  сөз сөйлеп, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы өлең оқып, Әріп Тәңірбергенұлы домбырамен ән шырқап салтанатпен қарсы алғанын айтсақ та жеткілікті болар. Аласапыран заманда шаңырақ көтерген Алаштықтардың алдында зор міндеттер тұрған еді. Буыны бекімеген жас мемлекеттің сыртқы күштерден қорғар қорғаныс күштеріне байланысты белгілі Алаштанушы Б.Мүрсәлім өз зерттеуінде Алаш әскерінің (халық милициясы) Алашқалада жасақталғанын  және әскери жаттығулар өткізіліп отырғанын  айтады. Оған қоса сарбаздардың бір  бөлігі  Орынборда  арнайы әскери оқуды бітіріп шыққанын. Тіптен  Жетісу, Батыс өңірдегі большевиктерге қарсы қақтығыстарға қатысқаны жайлы деректер келтіреді.Алаштықтар қару-жарақ  мәселесінде Колчак үкіметінен большевиктерге қарсы алаш милициясына қажетті қару-жарақпен көмектесуін өтінгенде, Колчак  үкіметінің бір  әскери  адамы: «Сіздер Алаш милициясы дейсіздер, олар кімдер?» – деген сауалына Әлихан Бөкейханов:«Олар біздің ұлттық гвардиямыз» деп жауап қайтарған екен.

Алтай мен Атырау арасындағы  ұлан ғайыр жерді  алып жатқан , сайдың тасындай кілең білімді интелегенция  көш бастап тұрған Алаш Үкіметі жер- жерлерде билігін орналастыра бастаған қызыл большевиктер үшін  оңай жау емес еді. Ал империяның шексіз даласында азаматтық соғысты отын қоздыру арқылы  ентелеп келе жатқан, туларын қан  түсімен бояп алып, ұрандаған қызыл большевиктермен ерте ме, кеш пе   дипломатиялық қатынас орнатуға мәжбүр екенін түсінген алаштықтар 1918 жылы наурыз айында Оралдан Мәскеуге Халел және Жаһанша Досмұхаметовтар  аттандырады. Мәскеуде олар большевиктер көсемі В.И.Ленинмен және Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы И.В.Сталинмен кездесіп, оларға екінші жалпы қазақ сьезінің  қаулысын табыс етеді. Сол жылдың сәуір айында Алаш қалада телефонограмма арқылыболған келіссөздердегі басты мәселеде большевиктер көсемі : «Егер сіздер Кеңес үкіметін мойындасаңыздар,біз Алаш Үкіметін мойындаймыз» – деген шарт қояды. Ал алаш ардалары өз шарттарын ұсынады. Өкінішке орай, келіссөздің ақыры еш нәтиже бермеді.

Еуразияның апайтөс даласыналып жатқан Ресей  империясындағы саясат сахнасындағы жағдайдың сәт сайын  құбылуы, большевиктердің таптық күресі, Колчак, Сібір сияқты  уақытша үкімет жасақтарыныңсойқан салуы , қазақ даласына кесірін тигізбей қоймады. Таптық күресті желеу еткен кеңестіктер бүкіл Ресей өлкелеріне құлашын кеңінен жая бастады.Осындай бір қиын-қыстау заманда Ертіс пен Еділ арасын алып жатқан сайын даланы бір орталықтан басқару бұғанасы қатпаған    Алаш үкіметіне қиынға соғады.Осы себепті, Алаш Орда батыс және шығыс болып екіге бөлініп,ақыры большевиктердің  билігімен келісімге келуге мәжбүр болған еді. Мұның соңы 1920 жылдың  наурыз айындағы 5-і күні арыстарымыз құрған үкіметтің Кеңес билігі тарапынан күштеп таратылуымен тынды. Сөйтіп, Орта Азиядағы ең алғаш демократиялық бағытты ұстанған, Семейді Алаш қала деп атап  астана еткен Бірінші Қазақ Республикасы небәрі екі жыл,үш ай ғұмыр ғана кешті. (Алаш Үкіметі 1917-1920 жылдардың аласапыран заманындағы құрылған Ресей империясы ішіндегі ұлттық автономиялардың ішіндегі ең ұзақ өмір сүрген үкімет ретінде тарихта қалды).

Алайда, Алаш Орда үкіметі мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатқанымен, Алаш қайраткерлерінің ұлтқа қызметін жалғастыра берді. Кезінде «Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ!» – деген сөзді ұран еткен алаш ардалары Ресейдің түкпір-түкпіріндегі құрылған басқа да ұлттық үкімет басшылары сияқты бас сауғалап шетелге қашып кеткен жоқ. Керісінше тар жол.тайғақ кешкен заманда, өз бастарын бәйгеге тіге жүріп, ұлтқа қызмет етулері ерен ерлік болды. Алаш қырандары, аңду мен тергеулерді бастан кеше жүріп, қазақтың тіл білімінің, қазіргі қазақ тілінің,математикасының, және журналистикасының негізін қалап кетті. Түйіндей айтқанда, қазақтың мәдениеті мен біліміне, ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірді. Өшпес із қалдырды. Алаштың асыл азаматтары  ұлты үшін бастаған толағай істерін соңғы демі шыққанша еш тоқтатпады.Әлімхан Ермековтай жалындаған рухты ұлдарымыз Кеңес билігімен жанқиярлықпен келіссөз жүргізу арқылы кезінде бөлшектеліп кеткен жерлерімізді бүтіндеп,қазіргі Қазақ Елінің территориясының  негізі қаланған Қазақ АКСР-ын құрып, ұрпағына ұлан-ғайыр жерді аманат етіп кетті. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» деп ұрандаған ардаларымыз артына мәңгілік сөнбес мұралар қалдырды.Ал осы Алаштың мәңгілік мұрасын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты  ұлттық  рухта тәрбиелеу арқылы отарлықтың санасынан азат ету – қазіргі таңдағы әр қазақтың қастерлі міндеті болса керек.

 

Азамат Құмарбекұлы

Өскемен қаласы

qazaquni.kz





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Мұхтар 17 Қаңтар, 2018, 23:34

    Ой АЛЛА сондай аласыпыран заманда ебін тауып қазақты қазақ қылып алып қалған арыстарым ай. Ә.Ермековты Ленинге салған Әлихан Бокейханов бастаған жігіттердін бастары мықты істеген гой.Шың мәнінде ұлт үшің бастарын бәйгіге тіккен қайсар бабаларым ай.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.