"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Әдебиетті шектеп, жүйесіз оқыту кімге қажет?

Қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша орта мектепке қазақ әдебиеті пәнінен берілетін базалық білімнің мазмұнын қарап шықтым. Кәсіби әдебиетшілер толықтыра жатар, меніңше мұнда бірнеше кемшілік (олқылық) бар.

1. Бұл пән іштей әдебиеттің тарихы, сыны және теориясы деген салаларға бөлінеді. Бұрынғы бағдарламада жоғары сыныптар халық ауыз әдебиетінен бастап бүгінге, қазіргі қазақ әдебиетіне қарай бірте-бірте жылжитын еді, мұнда әр сыныпта әдебиет тарихының ана кезеңінен, мына кезеңінен бір-екі шығармадан үзіп-жұлып беріледі. Осы дұрыс па?

2. Әдебиеттің әр кезеңін бастап тұратын жазушылар болады. Солар түгел қамтылған ба? Мәселен, әнұран авторы Н.Нәжмеденов, 30 том мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп, қысқа сөз шебері Б.Майлиннің әңгімелері және т.б. бұл бағдарламаға кірмей қалған.

3. Ауыз әдебиеті Керқұла атты Кендесбай мен Қобыланды, Қыз Жібек, Асан Қайғымен біте ме? Қазақ оқушысына халқының ғасырлар бойы жинаған мол мұрасы (100 том бабалар сөзі) енді керек емес пе? Ауыз әдебиетінен осыларды ғана оқыса жетеді деп кім шешкен? Мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс және т.б қайда?

4. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ тіл білімінің негізін салушы, жалпы қазақ филологиясы ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің ішінен бүкіл орта мектеп бойы бала тек «Егін бастары» мен «Адамдық диқаншысы»деген екі өлеңін оқыса, жеткілікті ме? Ақаң ұлттың ар-ожданы емес пе? Екі өлеңінен бала Ақаңды бала толық танып бола ма? Абайдан кейінгі поэзияның ірі өкілі Мағжанның «Батыр Баяннан» басқа бір де өлеңі кірмеген. Неге?

5. Бір тоқсан бойы (24 сабақ) әдебиеттен бір-екі шығарманы ғана оқыту баланы шектеу емес пе? Мәселен, бұл бағдарлама бойынша оқушы 9 сыныпта 4 тоқсанда (24 сабақ) тек Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы мен Кнут Гамсунның «Аштық» романын ғана оқиды екен. Бұл қазақ мектебінде қазақ баласын рухани аштыққа ұшырату емес пе? Көркемсөздің шеберлері-сол кезеңнің бейнесін дәл танытатын Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтың әңгімелері неге толық кірмеген?

6. Қазақ әдебиеті пәніне 5-пен 11-ші сыныптарда алты жүзден аса сағат беріледі екен. Оқушыға әр шығарманы талдауға үш сағаттан берілгенде, неге ең құрығанда 200-ден аса шығармамен танысуға мүмкіндік берілмеген? Неге бұл бағдарлама бір оқу жылына берілетін 108 сабаққа бар-жоғы 12-14 туындымен ғана шектелген? Мысалы,

5-сыныпта жыл бойына 14 шығарма,

8-сыныпта жыл бойына 16 шығарма,

11-сыныпта жыл бойына 8 шығарма. Бұл қолдан жасалған шектеу емес пе?

7. Әдебиеттің теория мен сыны қайда? Ондай білім неге оқушының жас ерекшелігіне қарай мөлшерлеп берілмеген? Бұл әдебиеттану деген ғылыми пәннің мектептегі базалық біліміне кірмей ме? Жалпы әдебиеттанудың салалары, осы уақытқа дейінгі жүйеленген категориялары, типтері деген ұғымдардан оқушы мақұрым болуы керек пе? Неге, нені оқытуды кәсіби әдебиетші ғалымдар шешіп, ал Кембридждің «Жаңа» мазмұндағы оқыту технологиясымен қайта қаруланған әдіскер-тренерлер соны қалай оқытудың жайына ғана араласпайды? Әдебиеттану ғылымының методологиясын бейберекет бұзуға оларға кім құқық берген? Негізін Ақаң салған әдебиеттану ғылымы енді әдірем қала ма?

8. Әдебиет пәнінің негізгі мақсаты: ұлттың рухани әлеуетін қалыптастыру емес пе? Орта мектептегі осындай жүйесіз білімнен кейін тамыры тарихи құндылықтарға тереңдемеген батыстың лебіне де, шығыстың желіне де көзсіз домалай беретін ұлтының аялық біліміне қанықпаған қаңбақ сияқты жастар қайдан шығады деп таңқалуға бола ма?

9. Жалпы сұрақ көп. «Негізгі орта білім беру деңгейіне арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы» алдарыңызда. 1,2 және 5-7 сыныптар осымен оқып та жатыр. Не дейсіздер, әдебиетші мырзалар? Ең құрмаса, үн қосыңыздар!

Бижомарт Қапалбек, 

филология ғылымдарының кандидаты





24 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. 8 Қаңтар, 2018, 20:28

    Біріншіден, жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы қазақ əдебиеті бағдарламасы сіз айтқандай ретсіз жазылмаған. Ауыз əдебиетінен бүгінгі күнгі əдебиетке дейінгі шығармалар қамтылған. Екіншіден, сіз жазғандай барлық ақын-жазушыларды қамту қажет емес. Ол мүмкін де емес. Мектеп бағдарламасы резина емес тығындай беретін. Түсінік хатта жазылғандай ақын-жазушылардың бір-екі шығармасы ғана енгізіледі. Жəне ол шығармалар толығымен оқытылады. Сіз айтқандай 200 шығарманы 3 сағаттан оқыту мүмкін емес. Басын бастап, аяғын тастап жедел оқыту кімге керек. Мысалы бұл жаңартылған бағдарламада 11-сыныпта 3-тоқсан бойы Абай жолын оқытады. Бұрынғы (қазіргі қолданыстағы) бағдарламада Абай жолына 5 сағат қана берілген. Осы 5 сағатта сіз ұлы туындыны қалай меңгертпексіз? Сіз іздеп отырған Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» жаңартылған бағдарламада қамтылған. Сіз іздеп отырған əдебиеттің сыны мен ториясы оқу мақсаттары арқылы меңгертіледі. Бұл бағдарламаның мақсатын ғалымдар түсіне алмай жүрсе өкінішті. Жалпы оқулық жазар кезде оқулық авторлары бағдарлама авторларымен бірігіп, оқу семинарларына қатысқаны дұрыс. Сонда түсінбестік орын алмас еді.

  2. 8 Қаңтар, 2018, 22:01

    Әдебиетте дәстүр жалғастығы, әдебиеттің дамуы деген ұғымдар бар. Өткен ғасырдың 60 жылдары қазақ поэзиясындағы сол дәстүрді дамытып, жалғастырушы ақын, тіпті, жаңа биікке көтерген ақын Төлеген Айбергеновтің шығармалары неге енбей қалған?

  3. 8 Қаңтар, 2018, 22:11

    Əлімбай, өкінішке орай бағдарламаны дұрыс көрмепсіз. Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» өлеңі енгізілген. Білмей пікір қалдырмаңыздар

  4. 8 Қаңтар, 2018, 22:46

    Мұғалім ретінде жаңартылған мазмұндағы бағдарлама оқушыларымның шығарманы ат үсті оқымай, тереңінен талдап, салыстырып, саралап оқуына жол ашты. Ең бастысы, кітап оқуға деген ынтасы болсын. Ұлы Ахмет Байтұрсыновтың » Баланың үйрену талабын қоздырса, керегін өзі-ақ тауып алады» деген пікіріне сүйене келе, шығарманың санына емес сапасына қарай оқытсам, шәкірттерім 300 емес,өзіне керек 3 мың шығарманы оқитынына сенемін.

  5. 8 Қаңтар, 2018, 23:20

    Ойбүй ау, 10 томдық энциклопедия мен 5 томдық фольклор қайда қалды? 20 томдық пен 1000 томдық жинақтарды да қоспайсыңдар ма?!
    Əдебитте бардың бəрін тыға беретін компьютер əзірлеп жатырсың ба автор? Əлде біздікі көп, ұзын деп жарысатын нәрсе ма пəн? Баланың қызығушылығын оятып, тарту керек, миын зорлай бермей

  6. 8 Қаңтар, 2018, 23:24

    Бағдарлама дененнің сөзден мұрнына иісі бармайтындар осындай мақала жазып жұртты жынды етіп бітетін болды!!!

    • 9 Қаңтар, 2018, 00:42

      филология ғылымының кандидатының мұрнына бағдарлама иісі бармаса, сіз академик болдыңыз гой

  7. 8 Қаңтар, 2018, 23:40

    Бағдарламаның исі мұрынына бармайтындар əңгіме айтып елді шатастырмаңыздар. Қазір малшы, жалшының бəрі пікір жазғыш боп алды ғой.

    • 9 Қаңтар, 2018, 00:45

      Малшы мен жалшы да салық төлеп отырған соң,пікір айтуға болатын шығар, кітап та салықтан түскен қаржаға шығарылады ғой.

  8. 9 Қаңтар, 2018, 00:08

    мен сендер мақтап жатқан 7 сыныптың әдебиетін алып қарадым..Түсінгенім мынау: Басы «Қыз Жібек» жыры Төлегенді Бекежан өлтіреді, Хоренді Сансызбай өлтіреді.Жамбыл «Зілді бұййрық» өлеңі Саттарды өлтірді.Мағжан «Батыр Баян» жыры Баян інісі Ноянды өлтіреді. М.Әуезов «Көксерек» Құрмашты қасқыр өлтіреді.Қ.Қайсенов «Жау тылындағы бала» екі жас бала екі немісті атып кетеді.М.Шаханов «Әке үкімі»әкесі баласын атып өлтіреді.Бұнда қазақ қазақты өлтіре береді екен.7 класс оқушыларына осы көп өлім керек па? Балалар туралы қызықты әдебиетке қазақтар ештеңе жазбады ма? Бағдарлама иісі мұрнына баратында не ойлап отырып жасадыңыздыр

  9. 9 Қаңтар, 2018, 09:11

    сан мыңдаған ғылым кандидаттары. Солар не істеп кандидат болып жүр екен? Несімен ғалым?

  10. 9 Қаңтар, 2018, 09:44

    Əдебиет- өмір. Адалдық пен арамдық, əділет пен жауыздық өмір болған соң болады. Ақ пен қараны мектепте ажырата алу үшін де сіз айтқан Қыз Жібек, Батыр Баян, Көксеректерді оқытамыз.

  11. 9 Қаңтар, 2018, 09:45

    Мақаланы да, төмендегі комментарийлерді түгел оқып шықтым. Сын-пікірдің орынды, жүйелі болғанына не жетсін! Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – оқушы бойында көркем шығарманы талдау дағдысын қалыптастыру, бір шығарманы бастан-аяқ оқып, оған жан-жақты талдау жасай алған оқушы кез келген шығарманы өз бетінше оқи да, талдай да, бағалай да алады. Ал қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын қандай бағдарлама да толық қамти алмайды.
    Жоғарыдағы бәрі «өліммен аяқталады» деген пікірге келсек, классикалық шығарманың көпшілігі солай аяқталады. Мыс, «Ромео-Джульетта», Л.Толстойдың шығармалары т.б. Бұл – біржақты пікір.

  12. 9 Қаңтар, 2018, 10:21

    Негізі бұл бағдарламада өз нәтижесін көрсетеді гой.жалпы әдебиет түгіл кітап қадірі кеткен уақытта әдебиетті жан жақты талдайтын оқушылар өсіп шығады деген бола қояр ма екен.Казіргі ең танымалы әншілер.кітап оқымай журналист болып отыр.соны бәрі көріп отыр.әдебиет туралы бағдарлама бар ма

  13. 10 Қаңтар, 2018, 22:11

    Мектепте жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бірімін. Бұл бағдарламаның оқушыларға берері қаншалықты екендігіне пікір қосуға тəжірибеміз де, ойымыз да тиянақталып қалған сияқты. Біздер, мектеп мұғалімдері, бұл бағдарламаның балаларға берері көп деп ойлаймыз. Себебі, жаңартылған бағдарлама əдеби шығарманы жан-жақты талдап, автор бейнесін де, кейіпкер тұлғасын да, шығарманың тарихи құндылығын да, негізгі ой мен əдеби-теориялық тұтастығын да, көркем тілін де тасада қалдырмай, 5-сыныптан бастап əр оқушының өз бойынан өткізуін, өз бағасын, сыни көзқарасын білдіруін, тілдік санасының қалыптасуын тұтастай қамтиды. Бұл – оқушыны өмірге дайындаудың бір жолы ғой. Біздің ойымызша, бағдарламаның артықшылығы мен ерекшелігінің өзі -осында. Ендігі кезекте осы тиімді жақтарын дұрыс бағалай білген жөн деп ойлаймыз. Кемшілік жаңа дүниенің бəрінде кездеседі. Алдымен жақсылығын бағалап алайық дегіміз келеді.

  14. 11 Қаңтар, 2018, 09:33

    Оқу бағдарламасы аспаннан алып жасамайды.Оны жазатын да ғалымдар кейін бірден ұсынылмай талқыға түседі тәжірибеден,оқулықтар сараптамадан өтеді. Қазіргі жаңғыртылған білім мазмұны үш басты əдістемелік негізге сүйенеді біріншіден,мəтінге негізделген оқыту, екіншіден;оқушылардың функциональдық қызметін яғни өз бетінше білім алу дағдысын ,қалыптастыру,үшіншіден,тілдік төрт дағды тыңдалым,айтылым;оқылым,жазылымды дамыту,бұрынғы кеңестік методика емес, Кемридж университеті ұсынған əдістемемен оқып жатқанымыз рас.Əртүрлі пікір болуы орынды, дегенмен қандай пікір болса да құнды.Мұғалім ретінде айтайын дегенім қазіргі кезде екі мəселе бізді алаңдатып отыр,оқушылар бұрынғылай əдеби кітаптарды оқымайлы, сөздердің лексикалық мағынасын түсінуі де қиындап бара жатыр.Сондықтан жаңа бағдарлама,жаңа оқыту əдістемесі оқушылардың əдебиетке,əдеби шығармаларға қызығушылығын арттырады деп ойлаймын.

    • 11 Қаңтар, 2018, 12:10

      «тілдік төрт дағды тыңдалым,айтылым;оқылым,жазылымды дамыту,бұрынғы кеңестік методика емес, Кемридж университеті ұсынған əдістемемен оқып жатқанымыз рас»

      деген дағдылар қалай шықты: тыңдалым: ағылшын емес халықтар ағылшын тілінің сөздерін тыңдап үйренуге арналған,оқылым: ол да ағылшын тілін дұрыс оқуға арналған….
      енді оны қазақ тіліне әкеле салған.енді нені тыңдатып жүрміз,қазақтар өз тілінде әріптер қалай жазылса солай оқылады.аса тыңдалымның қажеті де жоқ сияқты.
      Жаңа бағдарлама деп көп нәрсені түбегейлі өзгертіп жіберді.
      Не дейміз, балаларымызға әйтеуір жақсы болсын дейміз.

  15. 11 Қаңтар, 2018, 12:42

    Қазақ әдебиетін ағылшынша оқытайық деп жүргендерге не дейміз?

  16. 11 Қаңтар, 2018, 19:51

    Бұл оқулық не керек бір екі жылда латынға бармаймыз ба

  17. 12 Қаңтар, 2018, 16:09

    коллеги- казаховеды,такая же безграмотная программа и по русской литературе для казахских школ.почему тщательно скрывают фамилии авторов?напишите их фамилии, а мы погуглим,какие у них есть труды по методике литературы, какое базовое у них образование.исключили «тараса бульбу» гоголя,но включили произведения шведской писательницы туве янссон, которая прожила 45 лет в однополом браке с художницей-иллюстратором ее произведений

  18. 12 Қаңтар, 2018, 16:30

    т. н. кембриджская методика-развитие критического мышления через письмо- это винегрет из трудов советских дидактов прошлого века. у них никогда не было методики преподавания частных дисциплин. педагогика вообще не вошла в болонский процесс .российская певица алсу, которая обучалась в англии, в одном из интервью говорила, что все годы дети изучают только шекспира. приехав в россию, она самостоятельно изучила учебники по литературе. критическое мышление-это наше проблемное обучение, которое успешно развивается у нас с 80-х гг.20 в.,функциональная грамотность-это зона ближайшего т. н. развития ребенка л. выготского,а это т. н. слушание.восприятие ,интерпретация и т. д.- это теория поэтапного формирования умственных действий гальперина и т. д.потом как это вначале -слушание, а потом восприятие? это один непрерывный, неразрывный процесс.

  19. 12 Қаңтар, 2018, 22:46

    Мен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Мен де қазақ баласының өз елінің ақын-жазушыларын танып, шығармашылығымен танысып, рухани жетіліп өсуін қалаймын. Менің осы күні түсінгенім – бұған дейінгі пәндік бағдарламада қамтылған барлық тақырыптарды алдымызда отырған 25 оқушыға бірдей күшпен оқытуға тырысыппыз. 11-сыныпта 5 сағатқа оқуға ұсынылған М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын аз ғана уақытта бала қайдан оқысын? Сіз айтып отырған бала құқығын шектеу дегеніміз осы емес пе? Бала оқып үлгермеген соң туындыдағы негізгі мәселе мен идеяны біліп, ұғып кетсін деп өзіміз көп сөйлеуге тырыстық. Мұғалімдер көп сөйлейді десе де тыңдамадық, сөйледік. Бірақ баланың аузы байлаулы қалды. Тілден қағылды, сөйлеуден қағылды. Шығарманы оқуға жетпеген бала несін айтсын? Нәтижесінде өз ана тілінде ойын ашық айта алмайтын, пікірін дұрыстап жеткізе алмайтын жасқаншақ балалар шыға бастады. Бұл ше? Бұл баланың құқығын шектеу емес пе? Сондықтан «Қазақ әдебиетінде» оқытылатын 600 сағатқа сіз ұсынып отырған 200 сағатты сыйғызу – әдебиетті шектеу емес, баланың құқығын шектеу десек анағұрлым дұрыс болар еді.
    Қазіргі жаңартылған білім бағдарламасының идеясын әбден түсініп қабылдамайынша, әртүрлі пікірдің болуы заңдылық. Дегенмен бағдарлама мазмүны оқушылардың алған білімін өмірде қолдана алу дағдысымен байланыстыратындығын ескерген жөн. Бұл – қазіргі әлем кеңістігіндегі қажеттілік. Құзырлы оқыту бірінші кезекте қолданылатындықтан бағдарламада пән мұғалімдерінің ұлттық құндылық, халықтық педагогика мәселесін оқушы ұғымына сай қазіргі заманмен байланыстыра отырып тиімді оқыту мүмкіндігі қарастырылған.

  20. 15 Қаңтар, 2018, 11:15

    Психологтардың зерттеуі бойынша, жалпы жаңалықтарды халықтың 10% ғана автоматты түрде тез меңгеріп, алға жүрсе, тағы 10% мүлде қабылдамайтындар, ал қалған 80% ұзақ мерзімді қажет ететіндер екен. Сондықтан бұл өзгерістерді бірден қабылдамау, түрлі пікірлер мен көзқарастардың болуы – заңдылық. Қай жағдайда да өзгерістерді бірден қабылдап кету қиын. Көп жағдайда мемлекеттің де дамымайтыны, жұмыстың жүрмей қалатыны да соған байланысты.
    Жаңартылған бағдарламаны түсінбей отырған орта өте көп. Бағдарламаны түсінбегендер бұрынғы сарынды, бұрынғы көзқарасты, бұрынғы қалыпты қалдырғысы келеді. Бірақ бізге ол рамкадан шығатын уақыт болды. Себебі ақпарат өте көп. Бала классикалық шығармаларды 40 минутта меңгере ала ма? Соған мән беруіміз керек. Бұрын шығармаларды автоматты түрде бірінен кейін бірін төпелеп беріп заттық. Оқушы түсінбей қалады деп, өзіміз түсіндіріп бердік, бала есінде қалғанымен кетіп жатты. Кейін оны өмірде қолдану дағдысы қалыптаспады.
    Қазіргі жаңартылған бағдарламада бала 5-6 шығарма оқысын, оның зерттеуіне, пайымдауына, талдауына, бағалауына мүмкіндік беріп тұрмыз ғой. Егер бала сол 5-6 шығарманы мақсаттарына сай оқып, талдай білсе, интерпретациялай алса, салыстырып, бағаласа, балада басқа шығармаларды да солай оқи алатын дағды қалыптасады ғой. Балада дағды мен қызығушылық қалыптасса, кез келген шығарманы және қанша болса да өз бетінше оқитын болады.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.