Қазақтың продюсерлері мен режиссерлері!
Қазақтың эпостары мен ертегілеріне жоламаңыздаршы, Құдай үшін!
Эпосқа пародия
Алдымен неге «Құдай үшін!» деп отырғанымызды түсіндіре кетейік.
...Мұхаммед пайғамбар (с.ә.с.) көшеде келе жатса таяғын үйіріп қуып жетіп қалған қожайынынан қалай құтыларын білмеген бір байқұс құл: «Ағатай, Құдай үшін, мына бәледен құтқаршы!» деп оның артына тығылыпты. Пайғамбар (с.ә.с.): «Мен не істесем мына бейшараны азат етесің?» деп сұрапты. Шіренген бай: «Иә ақшасын төле, иә өзің құлым бол!» дейді. Суырып беретін ақшасы болмаған пайғамбар (с.ә.с.) құл болуға келісіп, баймен ілесіп кете барыпты.
Болса да бір күн өтпей-ақ достары, үмметтері оны іздей бастайды. Ол заманның пайғамбары бүгінгінің әртіс-әншісі емес қой, жұрттың бәрі бірдей таниды деймісіз, бірақ, іздеген соң тауып алады. Құлдың ақшасы төленеді. Достары: «Расулолла, неге сіз құл болуға келісім бердіңіз?» деп сұрайды ғой. Сонда Алланың Елшісі: «Ол маған «Құдай үшін!» деп жалынды ғой, Алланың атып атап тұрған соң қалайда азат етуім керек болды» деген екен...
Біз әдетте салмағы қара жердей ауыр бұл сөздің мәнісін білмеген соң жиі қолданамыз. Ал, мен амалым құрығаннан жазып отырмын. Менің амалымды құртқан - Баяны бар болғырдың атышулы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» сериалы. Бұл сериалда қазақтың ұлттық мақтанышына айналған құндылықтың иісі де жоқ екенін айтпаған қазақ қалмаған шығар. Мен өзім де жорамал жасап және оның өкінішке қарай шындыққа айналғаны жөнінде екі кішкентай пост жазып, «киноны көрмей ауырайын» деп тыныш жатыр едім, Баянның әкесінің мақаласы еріксіз қолға қалам алғызды...
Мен 1965 жылы 5-класқа келгенде 1959 жылы шыққан, «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қозы-Көрпеш-Баян-сұлу», «Қыз-Жібек» пен «Айман-Шолпан» бар қалың кітапты ауылдағы аталарым мен әжелеріме оқи-оқи алғашқы төртеуін мен жатқа айтатын болдым. Желісі қызық болса да, «Қозы мен Баянды» азырақ оқитынмын, өйткені ол 11-12 буынды, жаттауға қиындау еді. Ал, мына фильмде лирикалық эпостың аты ғана қалған... Эпостың желісі тұрмақ, қазақы салт, әдет, ғұрыптан жұрдай. Тіпті адами қисынды таппайсыз. Мақсат ағамыз қызын арашалау жолында, «ұялған тек тұрмасқа» салып «...бір отар қойды үш адамның бағуы фантастика жанрынан емес, күні кеше бір отар қойды бір жанұя болып баққан жоқ па!» дейді. Қойды әдетте бір үйлі жанның біреуі ғана баққан, ал, мұнда кино бастала сала 3 бірдей қойшы «бес қаруы сай 4 қарақшы 6 қойды алып кетті» деп, күзгі жапырақтай қалтырап тұр. О, тоба, қазақтың ҚОЙ БАРЫМТАЛАҒАНЫН естіген кім бар? Алдарынан салып қуып кеткені, ия 1,5 қойдан өңгеріп әкеткені белгісіз... Баян сұлу болса дүниеқоңыздықтың символына айналған әкесінен озып тұр: «Бүгін малыңды алса, ертең үйіңе тиеді!» деп, «қарақшыларды» қууға өзі аттанады. «Бармашы!» деп шылбырына оралған екі қойшыны атпен қағып ұшырып жіберсе, үшінші байғұстың тамағына қанжарын тақайды! Бес қой үшін! Міне, Баян түсірген «Баянның» сиқы...
Қазақтың іздегені, көргісі келгені осындай Баян ба еді? Бұл эпизодтан кейін телеарнаны ауыстырған адамға мін тағуға бола ма? Мен өзімді зорлап екі сериясын ғана көрдім. Бұндай сорақылықтарды (кейінгі 4 серияда қаншасы барын кім білсін) ақтап алмақ болған Мақсат Мұхитденов ағамыз “
кинодағы - әкесін тыңдамайтын, өңмендегіш, үлкен-кішіні айырмайтын, есерлеу, бейәдеп Баян мен жырдағы Баян арасын салыстыра ойлаудың өзі - күнәдай” - депсіз. ”Күнәдай” болмасын салыстырып көрейік» деп бастап, «
Біріншіден, Баян байдың жалғыз, демек, ерке қызы етіп көрсеткен жырдың «Бабалар сөзінің» 55-томындағы Бекмұрат Мақанов нұсқасынан;
екіншіден, бейәдеп етіп көрсеткен Дәндібай Айтбаев нұсқасынан (бұл да сол томда);
үшіншіден, Баян қанішер» деп көрсеткен: “
Қара күңнің көргенін Баян білді, Ұйқылы – ояу сескеніп тұра келді. «Барып әке-шешеме айта ма» деп, Сезіктеніп бұл күңді өлтіреді» деген, жырдың Қоңқабай Мейірманұлы нұсқасынан үш үзінді келтіреді. Сөйтіп,
«Құрметті Анар Төлеуханқызы, мына дәлелдерден кейін жырдағы Баян мен кинодағы Баянды шатастырып алғаныңыз үшін «Қозы-Көрпеш» телесериалын түсіргендерден кешірім сұрайсыз-ау деген жаман ойым болып тұр. Жаныңызға Иса ғ.с. мен Барманбекованы ертіп алғаныңыз дұрыс болар еді» деп
түйіндейді.
Ойпырмай, адам баласы тырнақ астынан кір іздеймін десе, қалайда табады екен ғой! Әйтпесе, қазақ тарихшыларының атасы әйгілі Әлкей Марғұлан 1985 жылы шыққан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты атақты шығармасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына 18 тараудың 3 тарауын, 361 беттің 66 бетін арнайды. Және онда «
Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көлемді, әрі көркем, әрі ең ескі түрінің бірі – атақты Жанақ ақын варианты» (320-бет) деп атап көрстеді. Қазақ арасына ең көп тарағаны да сол. Себебі, онда тоқсан мың жылқының соңынан еріп Қарабайдың бүгінгі қазақ жеріндегі бармаған, қалмаған аймағының бәрінің атауы тұр. Оны азсынсаңыз жырда Ай, Таңсық, екі қыздың «Бағаналы, Балталы, ел аман бол» деген қоштасуынан бастап, Айбас батырдың Баян сұлудың сәлемдемесін алып (кинода 16 жасар Баян Қозының атын да естімеген) Аякөзге келе жатқанда жолай жоғалтқан бұйымдарының атынан:
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
Мәнісін тамам жолдың оймен тапты.
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
«Қызыл белбеу», «Құба жон» қоя сапты.
..,Бір суытқан айғыры шығып кетіп,
«Шұбар айғыр жорға» деп қоя сапты.
...Қыздың берген мейізі түсіп қалып,
«Мейізек» деп тау атын қоя сапты.
...Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
«Қарқаралы» деп тау атын қоя сапты.
...Жанындағы шідері түсіп қалып,
«Шідерлі» деген сөзі содан қапты» деп, жарты Арқаның атауы тұнып тұр. Ал, әрбір қазақ тарихынан хабары бар адам қазақтың жер атын өте дәл тауып қоятынын, әр атаудың артында үлкен оқиға жатқанын жақсы біледі.
Міне, біздің алдымызда Шоқан варианты бастаған, Жанақ варианты қостаған, ғылымға да ең көп белгілі –
Радлов, М-Ж.Көпеев, Потанин, Шөже, Ильминский және Дәуіт нұсқасы берілген, 2002 жылы «Қазақ эпосының шоқтығы» деген атпен шыққан 692 беттік
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жинағы жатыр. Онда М.Мұхитденов көрсеткен нұсқалардың біреуі де жоқ! Неге? Жауабы белгілі – көркемдік деңгейі, тарихи шынайылығы, т.б. толып жатқан критерий жөнінен нашар болғандығы себепті кіргізілмеген.
Мынау жырға қиянат болмағанда не қиянат болады?
Ал, Мақаң болса:
«...Анар Төлеухан қызы, журналистсіз ғой, ендеше, біліп қойыңыз, ешкім “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосына қиянат жасаған жоқ. Бұл эпостың 12-15 шақты нұсқалары болса керек. Менің өзімде 8 варианты бар. Сол варианттардың негізінде “Қозы Көрпеш-Баян сұлу“ деген 6 сериялық телесериал түсірілді. Ал эпостарға қиянат жасау үшін оларды білмеу керек. Фильмнің сценариін жазған адам жырдың варианттарын білмеді деп айта алмаймын».
Ау, ағайын, мынау қиянат болмағанда не қиянат болады? Сонда Баян Мақсатқызы мен Ко мақсаты 15 нұсқаның ішінен ең сорақысын қалдырып, жамандарын жарыққа шығару болғаны ғой, солай ма? Олай емес десе неге жоғарыдағы ең көп тараған 8 нұсқаның ешқайсысын таңдамаған? Неге Мұхитденовтың қолындағы
Сол 8 варианттардың негізінде түсіріледі? (Менің, тіпті, сол «мұхитденов нұсқаларын» негізге алғанына да үлкен күмәнім бар, экспромтқа ұрынған ба деп қорқамын...). Эпостардың ішіндегі пендешілікті емес (батырлар мен сұлулар да қам сүт емген пенде екені белгілі, кез-келген пенденің Мұқағали айтқандай: «Арылайын десем де пенделіктен. Арылатын болмадым. Ол неліктен?» деп өкінетіні де, опынатыны да рас), батырлықты, адалдықты, махаббатты, шынайылықты, сыпайылықты, тәлім-тәрбиені, Ел мен Жерді сүюді, уәдеде тұруды, т.с.с. нағыз адами қасиеттерді жоғары көркемдік деңгейде жырлайтындары ғана ғасырлар сырнағына төтеп беріп, ұрпақтан ұрпаққа өтіп, жыр-дастандардың классикасына (латыншадан аударғанда – үлгі ) айналып, үлгілі-өнегелі шығарма санатына қосылмайтын ба еді?!.
«Барманбековадан: «Сен бақытты болуға тиістісің» дейді, Баянды шығарып салып тұрып анасы. О заман да бұ заман, қазақ анасы кетіп бара жатқан қызына бұлай сөйлемеген, «Бір Аллаға тапсырдым», «Жаратқан Ием жар болсын», «Барған жеріңде бағың ашылсын» деген». ...Сонда не мына кинодағы «тәрбиесі кеміс ана» кетіп бара жатқан қызына «сен барған жеріңде бақытты болуға тиісті емессің» деп айтуы керек пе?! Логикамен дос болу керек ардагер, журналист."
Мынадай сөз саптастан, мынадай сөйлем құрудан кейін мен «мәдениеттанушы Мұхитденов» бар деп есептемеймін...
«Анар ханым дейін десем, “ханым” тек қана ханда болар-ды. Анар бике, Анар бикеш дейін десем, ауырып қалыпсыз, жастар ауырмайды (?) ғой, Анар бише дейін десем, жұбайыңыз - күмән, байда ғана бише болады (бәйбіше/байбише)».
Бұл сөз бе, жоқ, сөздің б... ма? Әйелін «бәйбіше» деп күмәнсіз атайтындардың маңдайында Алланың басқан «Бұл – бай!» деген мөрі, немесе қолында адамдар берген «Пәленше Түгеншеұлы «бай» аталатын адамдар санатына қосылды» деген сертификаты бола ма екен? «Бай» саналмаса да 2 әйелі бар жандар жеткілікті, олар сонда бірінші әйелін қалай атауы керек?..
«Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі…» Ардагер Барманбекова эпостың бұл беті де сіз үшін құпия екен, таңқалып тұрсыз ғой. Ұйықтап жатқан Қозының жанына келіп Баянның айтқан сөзі: ”Жалғызым, мен қасыңа келіп тұрмын, Көңлімді шыныменен беріп тұрмын. Жапанға жалғыз біткен сен бір шынар, Құлын-тайдай айқаспай болдым құмар”. Бабалар сөзі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” Дәндібай Айтбаев нұсқасы. 58 бет».
Фильмде жігітті бар-жоғы екінші рет көріп, енді танысып тұрған қыз осылай дейді. Эпоста Баян ұйықтап жатқан Қозыға екеуінің өмірі аяқталардың алдында ғана келеді. Айтбаев нұсқасын оқымасақ та, бойын ғашықтықтың ғаламат от-жалыны шарпыған Баянның жан-дүниесіндегі арпалысты, сол сәттегі, драманың шырқау шыңындағы көңіл-күйін әрбір ересек адам пайымдай алады деп ойлаймын. Енді осы екі жағдайдың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені көрініп тұрған жоқ па? Бұл жерде дана Абайдың сөзі еске түседі.
«Абай жолында» шәкірттерімен отырған Абайға: «Осы жұрт мені «қырт» деп қоймайды. Көп сөйлейтін адам қырт атанар болса, онда кеше Құнекем, бүгін Абай атануы тиіс еді, неге менің қыр соңымнан қалмайтынын...» деп Жұман қырттың шағымданатыны, оған Абайдың: «Ақсақал, қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, боран басталмай тұрып т...п алғаным ақыл болған екен» деген сөз жетеді» деп жауап беретіні бар емес пе? Бізде де соның кері келіп отыр ғой дейміз.
Олай деуімізге тағы бір себеп, тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы ағамыз мақаласының «бісмілләсін» былай бастайды: «
Байлығым 5 мыңға таман кітәп, фонотекамда бір мыңнан аса күй, бір мыңнан аса ән, термелер, бүкіл дерлік европа классикасы бар. Баян осы атмосферада өсті, сондықтан кейде ешкі апа бола алады, ал жездең теке деген түсінік жоқ. ”Әке - балаға сыншы”, сондықтан да “Алаш” сыйлығының иегерінен (Қазыбек Исаны меңзегені) өресі әлдеқайда жоғары». Бокстан 1964 жылғы Токио олимпиадасының чемпионы, Вал Баркер кубогын иеленген жалғыз кеңес спортшысы, МВТУ түлегі, техника ғылымының кандидаты Валерий Попенченконың «...И вечный бой» деген тамаша кітабы бар. Автор өзін осындай биікке жетуінің бір себебін жас бозбала кезінде өзінен бір-екі жас үлкен, «стиляга» жігіттің жаздыкүні болса да, тері костюм-шалбар киіп – елде ешкімде жоқ қой! – жүргенін, соншалықты ерсі екенін байқамағаны үлкен ой салғанын, сол күннен бастап өзіне сыртқы сыншы көзбен қарауды, өзін үнемі қадағалап отыруды үйренгенін жазады. Мақсат ағамыз да өзіне сын көзбен қарап үйренбегендіктен, соншама кітаптың Баянға қазақ тілін үйренуге септігін тигізе алмағанын, ал, ұлтының тілін білмеген, оның, әсіресе, қазақтың теңдессіз жырларын, өлеңдерін, ертегі-аңызарын оқып-түсіне алмайтын адам ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын (
бұл сөз тек Баянға ғана емес, барлық орыстілді қазақ ұл-қызға қатысты), ұғына алмағандықтан ол жүз жерден Тайбурылдай дара тұлпар болып тусын, Көбіктінің Көкаласына қанша тырысса да «12 күннің кемдігінің» кесірінен жете алмайтынын, сол себепті ұлтыма қызмет еттім дегендердің кейбір игі ойлы ісінің өзі «хотел как лучше, получилось как всегда» болып шығатынын түсіне алмай отыр. Сондықтан да, қызын
“Алаш” сыйлығының иегерінен өресі әлдеқайда жоғары» деп, бос армандап та қояды. Қазақтың дарынды ақыны, ұлт мүддесін қорғаушы күрескер, қоғам қайраткері Қазыбек Иса мен Баян Алагозованың өрелерінің арасы жер мен көктей екенін елдің бәрі біліп, әке қиялына іштей күліп те отыр.
Белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекованы сотпен қорқытып қояды да, өзінің жас балаша "Иса ғ.с" деп, қазақ ақынының бабасының атын келекеге айналдырып отырғаны нағыз заң алдында жауап беретін әрекет екенін жетпістен асқанша жетесіне жетпегеніне таңым бар. Өкінішті-ақ. Кинодағы Баян өзін-өзі қорғай алмайды, өмірдегі Баян болса өзін, қазақша түсірген «Баян Сұлуын» орысша қорғап әлек.
Оның үстіне сериалды қаржыландырудан коррупция иісі мүңки бастағаны да жазылуда желілерде. Кино, да и только...
«Қазақтың салт-тәстүрінің бәрі тұнып тұрған білім»*
Сөзіміз соңында неге «қазақтың продюсерлері мен режиссерлері, қазақтың ертегісі мен эпостарына жоламаңыздаршы!» дегеніміз жайлы бір-екі ауыз сөз. Біз кеңес кезеңінен қалған ертегіні киноға (қандай түрі болсын) түсірсек тонын теріс айналдырып жіберетін жаман әдет бар. Мысалы, бір ғана «Ер Төстікті» алайық. Әлкей Марғұлан атамыз «ең ескі дәуірде шыққан, ең мағыналы, ең сұлу жыр» деп бағалаған ол өзінің Саққұлақ, Таусоғар, Көлжұтар, Желаяқ сияқты кейіпкерлері арқылы әлемдік мифологияда дара тұрған дүние. Соны біз осыдан біраз жыл бұрын «Бойся, враг, девятого сына» деп киноға түсірдік. Ұмтыпасам, басты рөлде Нұрмахан Жантөрин ойнайды-ау деймін. Бірақ, фильмде достардың орнына «Тас бол! Тас бол!» деп жүрген сиқыршыны көресің.
Сериалдың екі сериясының өзінде
аттың жүгенін алмай отқа жібере салады; қымызды кесеге жартысына жеткізбей құяды; бір топ ер адамның дәл алдынан әйел бала кесіп өтеді; шайқасып жатқан қарақшыларға көмек келіп қалғанда Қозы атына қарай ұмтылудың орнына қашып талдың арасына тығылады; Қодар Қарабайға «менің ұрын келгенімді елге тегіс хабарла(?)!» дейді, т.т., қисынсыздықты айтып тауысу қиын,
Игі жақсылар! Қазақтың салт-дәстүрін бұзып, ертегі-аңыз бен эпос-жырлардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ! Өйткені, оның бәрі – ой, білім! Сұрыпталған саф алтын! Біз ең болмаса орыстар секілді дайын желімен түсіре алмайды екенбіз, онда өзімізше өзгеріс енгізіп, өткендерден дана болуға тырыспайық, одан-дағы өз қолымыздан келетін бүгінгі күн жайын қаузай берейік. (Баян әнші қыздар тобын қалай құрғаны жайлы бір емес он серия түсірсін...).
Білімді, ескі идеологиямен уланбаған жаңа, жас ұрпақтың өсіп жетілгенін күтейік. Өтініш - тиіспеңіздерші. Құдай үшін!
*Семенов-Тянь-Шанскийдің сөзі
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Qazaquni.kz
http://www.qazaquni.kz/2017/12/29/79860.html
http://www.qazaquni.kz/2018/01/05/80086.html
http://www.qazaquni.kz/2017/12/31/79909.html
http://www.qazaquni.kz/2017/12/31/79898.html