Амангелді Құсайынов, профессор: «ҰҚТЫРА АЛСАҢ – АЙТ!»

– Қадірлі Әбеке, сіз әсіре шектеушілігі жоқ адамсыз. Қандаспен де, тамырмен де тез тіл табысасыз. Айтатын жерде айтып жүре бересіз. Адам санасындағы комплекс неден туындайды? – Мен сөйлер сөзімді, айтар ойымды, «кірмей тұрып шығар есігімді» ойлайтын адаммын. Тәуекел деп тас жұтқан жанмын. Шектеушілік дегенді әр қилы түсінуге болады. Адам шектеліп қалса, біреуді шектесе, ол – жаман. «Шектеуі жоқ» деп, біреулер «еш тыйымы жоқ» деп ойлап қалмасын. Сірә, әңгіме де, ой да – ұлт, адам болмысы хақында болып тұр. Рас, кейде бет-жүзіне қарамай ақиқатты айта салатыным да бар. Бүгін әділін айтсаң - ағайынға, әзілін айтсаң – маңайыңа жақпайсың. Кейде мені кінәлайтынның көбі «ақиқат айту адамға жақпағанымен, құдайға жағатынын, есекке мінудің де ебі бар екендігін» ескермейді. Бірақ «менің айтқанымның бәрі дұрыс» деп бет бақтырмаудан аулақпын. Бұл өмірде менен де асқан білгіштердің, даналардың барын мойындаймын. Асау атты таға қалай тоқтатса, кейде шектен шыға бастасам, мені тоқтататындар бар, оны несіне жасырайын. Әлі есімде, бала кезімде мен шектен шыға бастасам, анам жарықтық: «әй, балам, дүниені бүтіндейтін де, бүлдіретін де - сөз, от көрінген жаққа жүрме, ит үрген жаққа жүр» деп отырушы еді. Бұл сөздің даналығын кеш те болса қазір ұққан жағдайымыз бар. Шектелушілікке бару – «ұлтым», «дінім», «дәстүрім» деп өзін, пендешілігін, карьерасын, құлқынын ойлайтын адамдардың ісі. Білім адамы, ғылым адамы, әрине, одан аулақ жүруі тиіс. Әр ұлттың жақсысы да, жаманы да бар. Сондықтан қай этностан шықса да адамшылығы, қайырымы, достығы болса, сол адам – тамырымыз. Санадағы комплекс қараңғылықтан, жетесіздіктен туындайды. «Ұлтым!» деп жалындап мінберден түспей, өз ұлтын қорлап жүргендер аз емес. Тағдырдың бұралаң жолымен өзге ұлт өкілдерімен ерте араластым, тұрған жерімде де басқа жерден ауып келгендер ел қатары күн кешіп жатты. Ұлтыңды, дәстүріңді, біліміңді кеудемен емес, ақылмен, қайратпен, жігермен таныту – жол екенін жастай түсіндім. – Қазақ қоғамы үшін діннің мәні неде? Атеисті аңладық, вахабисті барладық, дүмшені дүрілдеттік, діндарды діңкілдеттік – не ұттық? – Кеше құдайсыздарға тапталдық, бүгін әсіре құдайшылдықтың шырмауындамыз. Өз басым әсіре діншілдіктен қазақ қоғамының ұтқан жерін көріп тұрған жоқпын. Қазір діни уағыздан құлақ тұнады, бірақ айтушының сөзі жеңіл ме, өзі жеңіл ме – халық жанын баурай алмай тұр. «Ананы бүлдірді, мынаны бүлдірді» деп байбалам саламыз. Кім кінәлі? Бұзықтықты тиятын – дін болса, ширек ғасырдағы мың-миллион уағыз, екінің бірінің «иншаллах-машаллах» дейтіні тоқтатар еді ғой. Жоқ, қазір аузына құдай атын алып, шімірікпей алаяқтық жасайтындар көбейді. Жалпы, жастарды жүйелі тәрбиелеуді мүлдем доғардық. Оларды шоуда, той-думанда мойындарына лента байлап, қолдарына ту ұстатып айғайлатқаннан отаншыл жасай алмаймыз. Жеке үлгімен, нақты іспен, уәдені орындаумен отаншыл жасаймыз. Қазіргі діни берекесіздіктің көбі – жұмыссыздықтан, масылдықтан. Адасқан ауыл жастарын діни топтар өз «қамқорлығына» алып, тоқтаусыз тәрбиелеп жатыр. Сақалың анау, қап-қара хиджапқа оранған тоқалың анау... Саунада көлбеңдеуің анау, көз сүрінетін көбелектерің анау... Бірі – үңгір мен қараңғылық, екіншісі – шыңырау мен батпақ... Мен «дінді мойындама, оның керегі жоқ» деуден аулақпын, бірақ діни уағыз да, діни жүріс-тұрыс та – барлығы Қазақстан Республикасының заң шеңберінде болуға тиіс. «Нас адам кіршіл, надан адам діншіл болады» деуші еді баяғылар. Бұл жерде, әрине, әсіредіншілдікті айтып отыр. Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік жұмыстарды дұрыс жолға қою керек. Тәрбие мәселесімен айналысатын біздің шенеуніктердің теледидардан сөйлеген сөзінен қара қазандағы қара су оттықсыз да қайнайды. Құр сөз, құрғақ үгіт, жалаң ақыл, жайдақ тәжірибе... Ұқтыра алмасаң айтудың, тойдыра алмасаң берудің керексізін өздері де жете түсінбейді. Мәселе – осында. – Қазір шекара ашылды. Әлем аралау, ел-жер көру дегенге қалай қарайсыз? Ел шет жұрттан нені үлгі алуы тиіс? – Мен үшін Қазақстаннан басқа жердің қажетті шамалы. Шет елге барып келіп, сол жақтың әдет-ғұрпын бізге тықпалау – қисынсыз әрі дұрыс емес үрдіс. Батыстың балағына жармасып, Шығыстың етегіне ұласып, өз алдымызға баянды ел бола алмаспыз. Жатқа жастанып жастық, төсеніп төсеніш боламыз деп, өзіміздегі біраз дүниелерден қазірдің өзінде айырылдық. Талай құндылықты жоғалтып алғанымызды мойындайтын кез келген сияқты. Өзгенің іс-тәжірибесінен үйренген жөн, бірақ оны толықтай көшіріп алу – ақылды адамның ісі емес. Өкінішке қарай, еліктеу мен солықтау ұзаққа созылып кете ме деп қорқамын. Бұған қарап, ауылдан және қалаңнан шықпай жүре бер деп айтпаймын. Білім-ғылым болса, жолы мен амал-тәсілін үйрен, оның қайсысы бізге келеді, қайсысы келмейді – осы жағын есептеп барып меңгер. Бұрынғы тәжірибені тып-типыл ету, одан жеріну – барып тұрған қасиетсіздік. Өз басым жаппай шетелге бару, шетелде оқу дегенге қарсымын. Соңғы ширек ғасырда әлем мемлекеттеріне барған мамандарды және оған жұмсалған елдің қаржысын есептеп көрейікші. Меніңше, жерге қарайтындай біраз мәселе бар. Өте ұят жағдай: көп шенеунік шет елге шыққанда, білім-білік іздемей, дүкен аралап, көше тамашалап жүретіні мәлім. Сондай-ақ мемлекет қаржысымен талай азаматты шетте оқыттық. Соның қайтарымын кім бақылайды? Біраз жұрт сыртта өзі оқып жатыр. Олар елге келе ме, әлде сонда қала ма?.. Жастар арасында 30-40 пайыз «шетелге кету» ойы бары шошындырады. Отанның қадірі осы ма? Отаншылдық ісіміздің, ұранымыздың жемісі ме бұл? Шұғыл шаралар, дәйекті жұмыстар қажет! – Бүгінде шоу көбейді, шу молайды. Классикалық өнердің насихатына, оған деген халықтың пейіліне көңіліңіз тола ма? – Жоқ, толмайды. Қазіргі қазақтың тойындағы ырду-дырду теледидардың бетінен толық орын алды десем, өтірік емес шығар. Мағынасыз, мәнсіз әндерді шырқағандардың күні туды. Талғамсыздық пен дарақылық көбейді. Тәуір деген әнші, күйшілеріміз де кейде өзге тұрпатта шыға келгенде, «е, бейшаралық деген осы екен-ау!» деп ойланып қаламыз... Бүгін классикалық өнер өлместің күнін кешіп жатыр. Шынында өткенге тек қана өкініш жүретіндігіне, өтініштің жүрмейтіндігіне өнер саласындағы бүгінгі күндегі жағдай толық дәлел. – Қиналғанда, жабыққанда өз-өзіңізді немен жұбатасыз? Өлең оқисыз ба, музыка тыңдайсыз ба, дұға оқисыз ба, жоқ табиғат аясына кетесіз бе? – Не қалды - қартайғанда намыс қалды, Дос-жаран, туған-туыс алыс қалды. Сырласуға кей кезде пенде таппай, Жан-жаққа жалтаңдаумен көзім талды, – деуден басқа не айтамыз?.. Өз басым тыныштықты ұнатамын. Газет-журналдардан жиған әңгіме, мақалаларды қайта оқығанды әдетке айналдырғанмын. Ой-ойды қозғап, кейде бірдеңелерді түртіп жазып та қоямын. Кімге керегін өзім де білмеймін. Жаным соны қалайды, көңілім содан жай табады. Мені қатыгездігі сүзген, қайғысы езген бүгінгі аласапыран заманның әділетсіздігі алаңдатады. – Саламатты өмір салты – сіздің өмірлік приципіңіз. Қазір жас ұлғайды, қаншалықты спортпен айналысасыз? Жетпістен асқандарға не істеу керек деп кеңес бересіз? – Жастық шақ болашақты аңсауымен бақытты, сондықтан уақыт қадірін білмейді. Жігіт кезімізде спортпен айналысып жүріп, бас ауырып, балтыр сыздайтын шақтың келетінін білмеппіз. Жас жетпістен асқаннан кейін барлығы басқаша болады екен. Спортпен жасалынған нәрсенің бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі екенін енді біліп жатқан жай бар. Жасыңда спортпен айналысып жалықпасаң, қартайғанда тарықпайтыңдықтың куәгерімін. Өмір мәні – қозғалыс. Сондықтан да жетпістен асқандарға қолдарыңнан келгенінше қимылдауды ұмытпаңдар дегім келеді. – Әр толқын ұрпағына, әсіресе немереге баға беріп жатады. Әбеке, немере деген қандай екен? – Қазақ «балам – балым, баламның баласы – жаным», деп бекер айтпаса керек. Немерең – бауыр етің, көзіңнің нұры, орны ерекше. «Немерең етін жеп, сүйегін беріп» жатса да, бірауыз «ата» деген сөзі төбеңді көкке жеткізеді. Бірде осы мақалды немереме түсіндіріп жатсам, ол: «Немене, өзіңіз етін жеп, маған сүйегін бересіз бе? Сіз сүйекті мүжуді жақсы көресіз, бірақ сүйекті жей алмайсыз ғой» деп күлкіге қарық қылғаны бар... – Сіз зейнеттесіз, әрі қызметтесіз. Құдайға шүкір! Ал, зейнет жасына келіп, қызметтен амалсыз кеткен замандастарыңыз не істеу керек? Оларға не ақыл бересіз? Алла берген ғұмырын қалай мағыналы, мәнді-сәнді ете алады? – Құдайға шүкір, жұмысым бар, қызмет­темін. Рас, құрдастарымның біразы үйінде отырып қалды. Ақылы да, жігері де орнында, реті келсе орайлы жұмыс та істегісі келеді. Ортасында бал-бұл жайнап жүрген оларға «зейнерткерсіз, орныңызға жастар келуі керек» деп ымдағанда, қиналғанын жақсы түсінемін. Өкінішке қарай, көптеген ЖОО-ларда «жасың келді» деп оқытушы-профессорларды демалысқа жіберіп жатқаны шындық. Ал, олардың орнына алынғандардың барлығы - тәжірибесі аз жастар. Ау, бұрынды-соңды институт, университет тәжірибесінде ғалымдар «шаршадым» дегенше жүретіні – «адасқандық» па еді? Анау Мәскеу мемлекеттік университе­тінде сексендегі азамат – басшы, жетпіс­тегілер – қосшы және әжептәуір оқыту­шылар. Осыдан олардың беделі түсті ме? Несін айтайық, бүгінгі қоғам аға ұрпақтың алдында ұятсыз, мәдениетсіз және жадағай... Ертең өздері қартайғанда не күй кешеді – ойламайды. Қартайғаны «дарамын» деп тайраңдайды. Тауық бір рет қана желінеді, ал адамды қан шығармай бірнеше рет жеу үйреншікті іс болып кетті. Сол ЖОО басшылары өзіне қарамай, басқаларды сынайды, ақсақалдардың әр ісінен мүмкіндік іздемей, сылтау іздеудің шеберіне айналды. Теңге жүрген жерде теңдік жүрмейтініне көзіміз жетті. Қазір көп жерде төрде жастар отырады және батаны да солар береді. Бұл қисынды түсінбек түгіл, түсіндіре алатын емеспін. Қамкөңіл замандастарыма өртіңді де, дертіңді де ешкімге сездірмегейсің деймін. Дейтұрғанмен, бабалар «бұл дүниенің қиянаты ақиретке кетпес» деп жұбатқан. Жақсылықтан үміт еткейсіңдер. Ғұмырды мәнді де сәнді ету – отбасына, ұрпаққа қамқор болу деп ойлаймын. Анау алдыңа сиіп қойған, бұзықтығы балалық шағыңды елестететін жаман немереңді күн сайын жақсылап тәрбиелеші, ертең қоғамның түзелуіне - сол себепкер. Құрығанда одан ақсақалды, кәріні сыйлай білетін адам шығады. – Адами ой-пікіріңізге рахмет!

Әңгімелескен Айтуған ДОСБИ, Астана

qazaquni.kz