Жылдың үздік тіл қайраткерлері анықталды

Руза Бейсенбайтегі мен Оғыз Доған 2017 жылдың үздік тіл қайраткерлері атанды. Бұл туралы «Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталы ұйымдастырған «Жыл адамы - 2017» байқауының қорытындысында белгілі болды. 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына және Қазақ тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Жыл адамы - 2017» жобасы аясында дауыс беру бір ай бойы - 24 қараша мен 25 желтоқсан аралығында жүргізілген.

Телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы мыңға жуық ұсыныс келіп түскен.

Арнайы құрылған сарапшылар алқасы анықтаған 2017 жылдың үздіктерінің қатарында «Жылдың тіл қайраткері» аталымына Руза Бейсенбайтегі мен Оғыз Доған лайық деп танылды.

Мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған батыл да, табанды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан күресі үшін биыл Руза Бейсенбайтегі «Тіл жанашыры» Құрмет белгісіне ие болып, Ақордада марапатталды.

Оғыз Доған «Эйр Астана» қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуін талап етіп, аталмыш алпауыт компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты. Сот шешеімімен «Эйр Астана» қазақ халқынан кешірім сұрап, мемлекеттік тілді білуге міндеттелді.