"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Әйгілі айтыскер Әселхан Жүрсін Ерманға өлең арнады

Жүрсінге

Жалған деген жын ұрған,

Жаңылдырды халықты.

Бөренедей ғұмырдан,

Бөденедей қалыпты.

Уақыт бәрін тездетті,

Не бар енді қоймайтын.

Айтыс емес кез жетті,

Ақыретті ойлайтын.

Көкірегінен Мән кетсе,

Желмая да желмейді.

Сіз бен біздер өлсек те,

Айтыс енді өлмейді.

Дәнін егіп балдарға,

Қанағат пен ақылдың.

Айтыс деген орманға,

Шыбық шаншып жатырмын.

Болады олар жан-жақты,

Рухани тұлға самғайтын.

Ақша деген албасты,

Айналдыра алмайтын.

Нәпсі деген бұзықты,

Сындыратын сызғыштай.

Құмарлық пен қызықты,

Қорымайтын қызғыштай.

Ар-намысын тұлғаның,

Аяқ-асты етпейтін.

Тары шашқан мырзаның,

Тауығы боп кетпейтін.

Тапсаң да аттың басындай,

Алтынға жерік бұл жалған.

Байымапты ақын Шашубай,

Жүзді беріп мыңды алған.

Әлемге ашып терезе,

Шын жұлдыздар жанады.

Шен шекпен, байлық дәреже,

Өздері іздеп табады.

Жолын байлап қасаң саз,

Тұрмайды олар сый тілеп.

Әуелден-ақ жасампаз,

Жан азығы хикмет.

Шәкірттерім ержетіп,

Қайратты таза рухты.

Домбырамен тербетіп,

Ұлықтайды ұлтты.

Алма ағаштай гүлі көп,

Мен солармен біргемін.

Көк тиындық құны жоқ,

Үлде менен бүлденің.

Ай, Жүрсін-ай, Жүрсін-ай,

Бір кездегі досымсың.

Дау-дамайды тыншымай,

Қолдан жасап отырсың.

-Айт, айт десең үретін,

Қайт, қайт десең қайтатын.

Меншігіңе кіретін,

Мықтыларға айт ақыл.

Өзгерді өмір жай түстен,

Өткеннің бәсі төленген.

Қоштассаң да айтыспен,

Қоштаспайсың өлеңмен!

 

Әселхан Қалыбекова,

Қазақстанның халық ақыны

Қазақ үні





12 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Мұстафа 25 Желтоқсан, 2017, 15:03

    ТАМАША.Екейде Елу Бақсы Сексен ақын деп Жамбыл Атам айтпап па еді.Бал тілімізді балдырға айналдырмай айтысты доғарса да болады.Шын ақын қап түбіңде жатпас ..

  2. Маxамбет 25 Желтоқсан, 2017, 18:43

    Негізі, Жүрсіннің кейбір «жүрістері» айтыстан гөрі жеке басының қамын күйттеу екені білініп қалып жүр

  3. Қолқоюсыз 25 Желтоқсан, 2017, 21:50

    Ақындардың арасында қандай тартыс болып жатқанында хабарымыз жоқ.Бірақ қарапайым халық біздерге,
    Жүрсін ағамен айтыс егіз ұғым.

  4. ерлібек 25 Желтоқсан, 2017, 22:13

    әселхан әпкеміз дұрыс аитады алла сізге қуат берсін жүрсін ағамыз да аз еңбек сіңірген жоқ қои еңбегінің жемісін көре берсін ұлт жанашырлары бірін-бірі қолдап демеп жүрсе нұр үстіне нұр емес пе

  5. Әділ 26 Желтоқсан, 2017, 01:24

    Әселxан апай турасын айтыпты

  6. Қолқоюсыз 26 Желтоқсан, 2017, 01:25

    Сонда Жүрсіннің айтысты салафиттер твртып алмақшы дегені шындық емес пе?

  7. Ринат 26 Желтоқсан, 2017, 01:26

    Жүрсін айтысты сауын сиыр қылып алған. Ол содан айрылғысы келмейді

  8. Түңілген(биліктен) 27 Желтоқсан, 2017, 06:32

    Жүрсін де назарбаевқа ұқсаған ғой, ол болмаса ақыр заман орнайтындай орнын ешкімге бергісі келмейді.

  9. Тура Би 29 Желтоқсан, 2017, 01:04

    Окиништи ак! Елдеги кай саланы алсан да канагатсыз, жеке муддени коздеген сумырайлар билик басында отыр! Нагыз култанкулдардын тексиздердин, шолакбелсендилердин тукымдары екендиктери арбир создеринен де, истеринен де коринуде…

  10. Махамбет 16 Қаңтар, 2018, 14:59

    «Баян сұлу» эпосын қорлаған Баян Алагузованы қорғаған Жүрсін Ерманнан не қайыр, не үміт? Сонда ақын Жүрсінге қазақтың асыл қазынасы «Баян сұлу» жырынан Баян Есентаева артық болып тұр ғой…

  11. Сұлтан Бекбосын 16 Қаңтар, 2018, 15:06

    Айтысты сауын сиырға айналдырған Жүрсін Ерманға теңге болса болды, халық қазынасына түкіргені бар ма? оны сатып алған ғой….

  12. Мәди Ислам 21 Қаңтар, 2018, 00:10

    Жүрсін Ерманды Баян Есентаева қанжығасына байлап алыпты ғой, масқара!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.