Ермұрат Бәпи: Төреғалиді тайраңдатқан кім?

Қалай болғанда да, Төреғалидың ақсақалды концерттен қуып шығуға қақысы жоқ еді. Әлдебір наразылығын білдірген ол кісінің жасы мен басы тіптен бөлек әңгіме. Ең бастысы – ол ақсақал – тұтынушы: қалтасынан ақша төлеп, концертке билет алған адам. Төреғали ол адамның залдан шығуын талап ететіндей, оны туған күніне немесе құдалығына шақырған жоқ. Ол – қоғамдағы қызмет түрін тұтынушы: шаштаразға, моншаға, тіпті ақылы әжетханаға ақшасын төлеп баратын адам сияқты тұтынушы.

Ал «тұтынушы талабы әрдайым дұрыс» деген жазылмаған қағида бар. Осы тұрғыдан келгенде, тұтынушы сотқа жүгінуге қақылы («Тұтынушы талабы туралы» ҚР Заңының негізінде). Көпшіліктің көзінше концерттен қуылған, одан соң интернет арқылы абыройы төгілген ақсақалдың «құлағына – алтын сырға»…

Ал бұл даудың моральдық жағына келер болсақ, «бесіктен белі шықпаған баланы» әуексіткен кім екен? Қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан тағлым алып, оң мен сол түйсігін түгендеп болмаған «боқмұрынды» ұлардай шулап, «ұлы дала баласы» еткен кім? Қазақ радиосының қаптаған тілек айту бағдарламаларынан Төреғалидың әнін тыңдамаса, ішкен асы бойына батпайтын кімдер еді? Иә, кім екенін іштей сезіп, дымыңыз құрып отыр, ә?! Қазақты сонау Сопотқа әйгілеген Роза – кім, бұл – кім? Димашты айтпай-ақ қоялық… Той әндерімен тайраңдаған Төреш пе, тайраңдатқан басқа ма?

Ермұрат Бәпи, Фейсбук парақшасынан