Тамара Дүйсенова ереуілдеткен шахтерлерге неге бармағанын айтты

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қарағандыда бас көтерген кеншілерге неге бармағанын түсіндірді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Үкімет отырысынан кейін журналистер министрден ереуілге шыққан кеншілерге неге бармағанын сұрады. Министр Дүйсенова шахтерлердің мәселесі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауында болғанын атап өтті.

“Мәселенің қалай реттелгеніне қатысты тоқталсам. Біз екі команда болып жұмыс істедік. Бір команда Астана деңгейінде жоғары басшылықпен тікелей келіссөздер жүргізсе, екінші топ – еңбек инспекциясы алғашқы күндерден бастап шахтада, шахтерлармен және Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге болды. Бірлескен жұмыстың арқасында аталған мәселе шешімін тапты. Ал менің онда болған-болмағаныма қатысты айтсам – министрлік пен үкімет бұл мәселені бақылауда ұстады”, — деді Дүйсенова.

Естеріңізге салып өтсек, 11 желтоқсан күні “АрселорМиттал Теміртау” АҚ көмір департаментіне қарасты төрт шахтаның жұмысшылары ауысым аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетуден бас тартты. Кеншілер жұмыс берушіге бірқатар талап қойған. Оның арасында жалақыны жүз пайыз көтеру мен зейнет жасын 50 жасқа дейін төмендету тармақтары болды. Шахтерлердің ереуілі 4-5 күнге созылды.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ереуілге шыққан кеншілердің саны 600-ден асқанын хабарлаған болатын.