АЛЫС ТА, ЖАҚЫН ЛИТВА...

Егер тарихи салыстырмалы ұқсастық­тарымен сараласақ, Литва ХIV ғасырда құрамына латышты, эстонды, немістің жартысын, беларусты, украинды, полякты, Қара теңізге дейін халықтарды өзіне қаратқан Ұлы Литва княздігін құрған державалық мемлекет. Соңғы христиан дініне кірген аймақ, әрі Еуропада алғаш опера театрын ашып мәдениетін таратқан өркениетті коды айқын сауатты жұрт болған деседі. Дәл сондай бастамада Қараған мемлекеті де алғаш түркі федоалдық мемлекетін құрған, құрамына Шығыс Түркістан, Қашқария, Ыстықкөл, Ферғана, Бұқара, батыстағы Бұлғар тауларына дейін алып алқаптың халықтары мен мемлекеттерін билеген ел емес пе еді? Және тарихты ислам дінін дін деп таныған ескі руна жазуын араб харіптеріне ауыстырып, орта ғасырдағы сәулет, жазу, өнер, ғылымның мықты туындылары мен өкілдерін шығарған мемлекет еді. Бұндай ұқсастықтар Вильнюстегі литвалықтардың тереңінен тартқан тарихын паш еткен мұражайларын аралап жүріп ойға түсті. Яғни, жаратқан әрбір аймаққа тең мүмкіндіктерді береді, әрі қарай қалай дамытып кету енді бұл ниетте екеніне көз жеткіздік. Тарихтың да үйретері осы... Сонымен, барған оқу-тәжірибелік сапарымыздан Литваның білім саясаты, мәдениеті, ғылымы, тілдік-ұлтаралық саясаты, интеграциялық даму үрдістері, діни ахуалы сияқты дәрістермен сусындап, біраз дискуссиялық пікір алаңдарына қатысып та қайттық. Білім бағытында, Литваның ЖОО-ның ректор, проректор, декандарын ашық сайлау арқылы профессорлық-оқытушылық құрамның қатысуымен, әрі студенттердің 20 пайызының араласуымен жүреді екен. Ең маңыздысы, әрбір сайлауға түсетін үміткер сол оқу орнының бағытының өкілі, ғылыми дәрежесі болуы керек. Бұл меніңше, ең маңызды талап. 1994 жылы Болон конвенциясына кірген білім стандарттары дәл біздікіндей, бірақ айырмашылығы саны мен сапасында. Мысалы, бакалавр бөліміндегі оқу ақысы 1000 еуродан аспайды, бізше 400 мың теңгедей. Ал, жай оқытушының еңбекақысы 1000 еуро. Бізде кафедра меңгерушісі, ғылым докторы, профессор 140-150 мың теңге шамасында алады. Сонда бар-жоғы 375 еуро шығады. Сонда оқу ақысы арзан, ал еңбекақысы жоғары болуының сиқыры неде екен деген заңды сауалмен басымыз қатты. 1573 жылы пайда болған алғаш университеттері де элиталық білімдері бар Литвада жеті ғана жекеменшік ЖОО-ы бар болып шықты. Сонда тұрғындардың мемлекеттік ЖОО-на деген сенімділіктің болғаны ғой. Айтпақшы, оқуға түсерде міндетті түрде орысы да, полягы да, басқасы да литвалық тілде емтихан тапсырады. Егер қаласа, біріңғай емтихандық жүйесінде тест не жазбаша түрде тапсыру мүмкіндіктерін орнатқан. Осынысымен, аспиранттар еш психологиялық қиындықсыз қалаған оқу орнына таңдау құқығымен түседі. 1991 жылы Литвада 10 беттен тұратын «Білім туралы заңы» қабылданды. Кейін оған 70 бет заң баптары енді. Сол заңның ерекшелігі мысалы, мектепке баратын баланы өздері автобуспен міндетті түрде апарып тасиды екен. Ал, бюджеттен қаржыландыру мектеп балаларының жан басына қарай жүргізіледі. Ал, бірінші шет тілі ағылшын тілі міндетті болса, ол екінші тіл ретінде тек бесінші сыныптан оқытылады, ал мемлекеттік тіл литва тілі екінші сыныптан бастап оқытылады. Дегенмен, литвалықтардың 94 пайызы ағылшын тілін жетік меңгерген, литвалық ана тілі екені даусыз ғой бұдан кейін. Бірақ алты диалектіде сөйлейтін литвалықтар ортақ латын харпін қолданады. Мысалы, алғаш латын әрпін қабылдағаннан кейін олар мектепте 1-7 сынып оқулықтарын жасақтаса, 8-12 сыныптарда латын харіптерінде жетік жазатын ортаны орнатқан, ал орыс ортасынан толығымен шығуды ЖОО-да бекіткен. Осынысымен жүйелі латын харіптеріне өтуді олар орта-жоғары білімде жүргізген, яғни 12 жылдық оқу жылы, 4 жылдық ЖОО-нан шыққан түлек толығымен латын әліппиінде жұмыс істейтін ұрпақты әкелген. Бұл уақыт орташа 20 жылдың көлемі, міне олардың да 1994 жылдан бергі заңымен жиырма жылдағы латиницадағы жетістіктері, орыс әлемінен шығу тәжірибесі осылай жүрген. Литвада біздегідей жеке диаспора­лардың, мәдени орталығы бар халықтардың арнайы мектептері жоқ, керісінше, литвалық-орыс, литвалық-поляк сияқты аралас мектептері жүйесімен өтуде. Қазіргі жастары орыс тілінен гөрі ағылшынша сөйлеседі, тек орыс тегі не туысы барлар орысша білгені болмаса, жалпы орыс ақпаратынан мақрұм болған. Олардың назары Еуропалық өмірге бейімделуде. Міне, осыдан болар олардың ресми 3 млн. халқы бар дегенімен, оның жарты миллионы Еуропада жұмыс істейді екен, яғни күнкөрісі сонда. Бұл да жаман емес, себебі литвалықтар әлемде ең көп кітап оқитын сауатты ұлт ретінде танылған. Олардың 99,6 пайызы сауаттылығы жоғары, әрі жай жұмысшы ретінде нәпақасын тауып жүргені шамалы. Бәлкім, содан болар Вильнюс көшелерінде жастардан гөрі орта жас, қарт кісілері көптеп кездеседі. Орташа жас отбасында екі баладан аспайды. Бұл жағынан еуропалық өмір сүру дағдысының әсері көрінеді. Ең қызығы, жергілікті литвалықтармен сөйлескенімізде, қалжыңдап, «сіздерден баладан гөрі итті асырайтындар көп екен» деп сұрадық. Расымен, олардың әттегенай дейтін тұстарын байқатты. Жастары бас сауғалап Еуропаға кетеді. Ал, Литваны кім көтереді, дегендері болды. Бұл жерде тағы бір қызық ақпаратқа қанық болдық. Біз сұқбаттасқан елуді алқымдаған кісі біреулердің үш-төрт иттерін күнде екі рет қыдыртады. Әрбір бір сағат қыдыртқаны үшін 10 еуродан алады. Біреудің қалтасындағыны санай жүгіретін жастарымыз, сонда күніне мына бейбақ 60-80 еуро тапса, аптасына орташа 300-400 еуро ғой деп қалды, бізше 24000-32000 теңге, айына 96000-100000-нан асады. Әрине, 53 000 теңге стипендияны алатын біздің магистранттарды шалқасынан түсірді. Ит екеш итті екі рет баққаны үшін табатын табысы кімді де болса таң қалдырады ғой. Сонымен, қанша жағдайы бізден де жақсы болса да Дэлия Грибускайте атты әйел президенті бар Литва, президентімен бірге қарапайым эконом-класпен небір Саммиттерге ұшып баратынын бұрындары білетінбіз. Бұл жолы қаланы аралап жүріп, қазақтан кем болмаса да кешегі озбыр саясаттан теперіш көрген Кеңес заманының саяси қуғын-сүргініне ұшыраған литвалықтар арнайы КГБ мұражайын ұрпағына көрсін деп сақтап қойған. Мұражай ғимаратының сыртқы қабырғаларына көшеде келе жатсаңыз, жазықсыз атылған, қуғындалған қайраткерлерінің қашалып жазылған есімдерін оқисыз. Жан түршіксе де ақиқаты сол. Олар Кеңес заманына өздерінің қоғамдық-ұлттық бағасын осылайша көрсетті. Кішкене халқымен бай тарихи санасымен шовинистік имипериялық пиғылдарға осы күнге дейін қасқыр мінезін көрсетіп қояды. Қасқыр демекші, дәріс барысында тарихи танымдық біраз фольклорымен таныстық, сонда қасқыр, жылан сияқты аңдардың ықпалымен ірі тұлғаларының тарихи өзгерістерге әкелген оқиғалары кездесті. Осы біздің ежелгі көк түріктердің көк бөрісімен, орданың тотемі болған әб жыландарымен қандай да болса тарихи идеологиялық байланысы бар ма екен деген ойлар келді. Бұл бағыт, әрине, талай зерттеулерді қажет етеді. Бірақ, бір шындығы бар, литвалықтардың басын біріктіріп Ұлы Литва княздігін құрған ұлттық көсемі, ұлы князі Витаустастың негізгі қолы, ордасының сақтаушысы батыс қыпшақтардың қолдауымен келгендігі анық. Оны Тракай деген әсем қамалының тарихымен танысу барысында көзіміз жетті. Оларды кейін «қарайым» деп атап кеткен. Олар ислам дінін ұстанып қалғанымен, кейін христиандықты қабылдап кеткен. Себебі, негізгі әскери аристократияны құраған жауынгер тайпалық бірлестігі екен. Бір өкініштісі, батыс қыпшақ тобына қатысты зерттеулер азды-кем, тіптен Литва жеріне ауғаны белгісіз. Бұларды еуропалықтар татарлар десе, түрік ағайын өздеріне тартып түріктер, қырым татарлары деп жақындатып алған. Іздеушісіз қалған бұл жұмбақ қарайымдар тың зерттеулерді қажет етіп тұр, бұны уақытқа қалдырдық. Дегенмен, Литва сапары өз алдына көп ұлттық тәжірибелерімен, тың мәліметтерімен танылды, бір ғана нәрсе анық болды. Қазақта «үйрен де жирен» деген дуалы сөздер бар. Бізге тек үйретуден бұрын, қажетінше үйренетініміз әлі де көп екендігіне көз жеткіздік. Мақсат ЖАҚАУ, Абай атындағы ҚАЗҰПУ, Тарих және құқық институты, аймақтану магистранты qazaquni.kz