«Эйр Астана» бортсеріктерінің біреуі де қазақша сөйлемейді ғой» – сот төрешісі

12063

Қазақстандық компания бола тұрып, қазақ азаматтарына Ресей тілінде сөйлеп, заңды бұзумен аты шыққан «Эйр Астанаға» қарсы сот жалғасын табуда.

Төртінші желтоқсан күнгі «Эйр Астана» борт серіктерімен Оғыз Доған мырзаның арасында болған соттың төртінші  отырысында төрт борт серіктерінің біреуі де, тіпті қазақ қызы Мәдина да, қазақша сөйлемеді…

Олардың бәрі   аудармашы жалдап келіпті. Ал соттың өткен отырысында «Эйр Астана» бортсеріктерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін тексеру үшін осы отырысқа шақыртқан сот төрешісі  Айгүл Тұрсынқызы Тұрсағұлованың   өзі де: «Мына «Эйр Астана» борт серіктерінің біреуі де қазақша сөйлемейді ғой» деп таң қалды.

Сотқа қатысушы тіл жанашырлары мен т.б. сотқа қатысушылар куә болғандай,  төртеуі де біреу үйретіп қойғандай, бірінің сөзін бірі қайталаумен болды. Олар Оғыз Доғанның адвокаты, белгілі тіл жанашыры  Абзал Құспанның нақты қойған тура  сұрағының біреуіне де   жауап бере алмай, жалтарып, айнала қашты.  Екатерина мен анасының мемлекеттік тілді қорғау үшін, яғни мемлекеттік мүддені қорғау үшін  өтіп жатқан сотты менсінбей тұрғаны сөздерінен анық байқалып тұрды. Сот төрешісі сұрағандай,  бейбіт келісімге келуден  олар бас тартты.

Бізді («Эйр Астана» компаниясымен ұшатын жолаушылар деп ұғыңыз) мына заңсыз жағдай таңғалдырады:

1. Сотқа  аудармашы жалдап келіп отырған «Эйр Астана» бортсеріктері сонда ұшақта қазақ жолаушылармен, яғни бізбен аудармашы арқылы сөйлеседі ме?

2. Заң бойынша да, талап бойыншада борт серіктері мемлекеттік тілді білуі тиіс  «Эйр Астанаға»  мынадай  мемлекеттік тілді білмейтін борт серіктері қажет пе? Сонда компания осындай заңды бұзғыш бортсеріктер арқылы өз атына кір келтіре бере ме?

3. Қазақ тілінде сөйлемегенін «Эйр Астана» бортсеріктері өздері мойындап отыр, ендеше, Оғыз Доған талап еткендей, қазақ халқынан кешірім сұрауы тиіс.

Біз сот отырысын  тура жүргізіп келе жатқан құрметті сот төрешісі Айгүл Тұрсынғызынан мемлекеттік мүддені қорғаған  әділ шешім күтеміз!

Жанат МЫРЗА

Qazaquni.kz