Алматыда «Ұстаздар үйі» ашылды 

Алматыда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қала педагогтарының біліктілігін арттыратын «Ұстаздар үйі»  ашылды. Жаңа орталықта ұстаздар тұрақты тәжірибе алмасып, педагогикалық инновацияларды жүзеге асырады. Алматыдағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тарихы тереңде. 1960 жылы құрылған мекеменің осы уақытқа дейін тұрақты ғимараты болмаған. Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қолдауымен қала ұстаздары ортақ шаңыраққа қол жеткізді. Мұнда жылына 70 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, ұстаз:

– Ұстазға қойылатын талап өте үлкен. Материалдық техникалық базаның дамыған кезінде, техниканың дамыған кезінде біздің ұстаздарымыз жан-жақты болып, әлемге еліміздің білімін танытатын болып шығу, әрине  осындай орталықтардың берген білімінің жаңартылған жаңа мазмұнды іске асырудағы жетістігі деп санаймын.

Орталық заманауи құралдармен жабдықталған. Робототехника, Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студияларында ұстаздар жаңартылған білім мазмұны, үштілді білім беру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға қатысты әдістемелерімен бөліседі.

Бауыржан Бақытжанұлы, НЗМ химия пәнінің мұғалімі:

– Жеке сайтымды жасап жатырмыз. Осы химия саласы бойынша. Себебі қазіргі кезде пәндік қазақша сайттар аз болғандықтан, бар болған күнде де олар ақылы, қолжетімсіз. Сондықтан қазір химия сабағы бойынша қазақша академиясын жасап жатырмыз. Бұл сайтта ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де сабақтардың тапсырмалары, сабақ жоспарлары сонымен қатар видеосабақтар салып отырамыз. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұстаздар үйінің ашылуына орай мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары арасында өткізілген «SMART-педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.