Бейсен Құранбек: ЖАНСҮГІРОВ деген адам тарихта болмаған

Белгілі журналист Бейсен Құранбек көшенің Жансүгіров аталуына наразы

Танымал журналист, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек Талдықорғандағы ең үлкен көшенің жай ғана Жансүгіров деп аталуына наразы. Ол бұл көшені «Ілияс ақын» немесе «Ілияс Жансүгірұлы» деп атауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Sn.kz.

«Талдықорғандағы ең ұзын көше ЖАНСҮГІРОВ көшесі. ЖАНСҮГІРОВ деген адам тарихта болмаған. ЖАНСҮГІР деген болған. Ол кісі Ақсуда туып, алашқа аты шыққан ақиық ақын ІЛИЯСТЫҢ әкесі. Ал көше ІЛИЯСҚА берілген. Олай болса, көшенің аты неге ІЛИЯС КӨШЕСІ деп аталмайды? Советтік кезеңнің өзінде АБАЙ КӨШЕСІ деп атадық ғой, АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ КӨШЕСІ емес. Немесе ІЛИЯС АҚЫН көшесі. Талдықорғанда АҚЫН САРА деген жап-жақсы атаулы көше бар ғой. Тым болмаса, ІЛИЯС ЖАНСҮГІРҰЛЫ» көшесі. «ОВ» пен «ЕВ» тің қажеті қанша? Оны бәрібір кейінгі ұрпақ алып тастайды. Сондықтан кейін өзгертпеу үшін көшенің атын бірден дұрыстап қою керек-ау», –   деп жазды Б.Құранбек өзінің Facebook-парақшасында.

Осы ретте айта кетейік, бүгін Алматы қаласында да ең ұзын көшелердің бірінің атауы өзгерді. Фурманов аталып келген қаланың орталық көшесі бұдан былай ҚР Президентінің құрметіне Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталатын болады.