Мектеп оқушысы ұлттық байқауда топ жарды

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асанқұл Ескендір «Менің арманым» ұлттық байқауында үшінші орын иегері атанды. Биылғы жылдың жазында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясында «Менің арманым» әлеуметтік жобалар байқауы жарияланған болатын. Ауқымды жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты, соның ішінде: жоғары сынып оқушылары, кәсіби-техникалық училище, колледж, ЖОО студенттері, жастардың ҒӨБ өкілдері. Байқау нәтижесінде 64 үздік жоба ақтық сынға жолдама алып, авторлар Астана қаласында өз идеяларымен бөлісті. Жобаларды қазақстандық танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлерден құралған білікті қазылар алқасы бағалады. «Менің арманым» ұлттық байқауының ақтық мәресі «Хабар» телеарнасында қайталанбас әлеуметтік-интеллектуалдық шоу түрінде өтті. Назарбаев Зияткерлік мек­тептерінің оқушылары да жеңіске үміткерлердің қата­рына кірді. Солардың бірі – Ал­маты қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асанқұл Ескендір. Оныншы сынып оқушысы есту қабілеті нашар адамдарға арналған аппарат жобасын таныстырды. Ескендірдің аппараты тіске бекітіліп, дыбыс толқындарын бет сүйектері арқылы тікелей құлақ балғашығына жеткізеді. Өзінің өнертабысы үшін Ескендір үшінші орынға лайық деп табылып, әлеуметтік маңызға ие жобаны жүзеге асыру үшін берілген сыйақы – 500 000 теңгенің иегері атанды. – Бүгінгі таңда саңырау және есту қабілеті нашар адамдардың әлеуметтік мекемелер мен көлік инфрақұрылымдарында мүмкіндігі шектеулі екенін білеміз. Сондықтан, мен өзімнің досыма көмектесу мақсатында есту аппараттының жетілдірілген түрін құрастыруды бастадым. Оның басты ерекшелігі – байқалмайтындығында. «Менің арманым» ұлттық байқауы экологиялық, ғылыми, технологиялық, мәдени-әлеуметтік сынды бірнеше бағыттарды қамтыды. Жобалар өздерінің мықтылығымен, пайдалылығымен және бірегейлігімен ерекшеленді. Асанқұл Ескендірдің жобасы да барлық жағынан осы талаптарға сәйкес келеді. qazaquni.kz