Елдегі ең үлкен Назарбаев Зияткерлік мектебі

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылы 11-тамызда салтанатты түрде ашылды. Қаладағы Наурызбай ауданының Қалқаман-2 ықшамауданында орналасқан химия-биология бағытында оқытатын білім ордасы көлемі жағынан еліміз бойынша ең үлкен мектеп. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде алдыңғы шепте келе жатқан Алматы қаласынан осындай іргелі білім ордасының бой көтеруі қала жұртшылығын қуантып тастаған-ды. Мектеп өз жұмысын бастаған алғашқы күні қала әкімі Бауыржан Байбек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшитдиновалар арнайы келіп оқу орнының тыныс-тіршілігімен жете танысқан-ды. Республикамызда Назарбаев Зият­керлік мектептері Елбасының баста­масымен «20 Зияткерлік мектеп» бағ­дарламасы аясында салына бастады. Ең алғашқы зияткерлік мектеп 2009 жылы Астана қаласында салынды. Алматы қаласы химия-биология бағы­тындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі – қазіргі таңда жүйелі жұмыс жүргізу арқылы отандық білім саласының көшін ілгерілету жолында ілкімді істер атқарып келеді. Мектептің ерекшелігі сол – ең соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған кабинеттер, нано-био-технологиялар зертханалары, оқушылардың шығарма­шылық және ғылыми дағдыларын жетіл­діруге арналған мектеп телесту­диясы жұмыс істейді. Мұндағы әр түрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жүргізілетін технотория зертханасы мұнда бас сұққан әрбір жанның ерекше қызығушылығын оятары анық. Бұл зертханада тек мектеп оқушылары ғана емес, қаладағы басқа мектептердің оқушыларына да үйірмелер жүргізіледі. Қазақстандағы ең ірі білім ошақта­рының бірі саналатын мектеп жалпы саны 960 оқушыға арналып салынған. Аумағы 5,7 гектардан астам жерді алып жатыр. Ал ғимараттың ауданы – 103 мың шаршы метр. Мектепте екі жабық спорт залдарынан, бөлек баскетбол және футбол алаңдары, сонымен қатар бақша орналасқан. 9 блоктан құралған мектепте 70 оқу кабинеті мен 25 зертхана жұмыс істейді. Дәстүрлі оқу кабинеттері мен зертханалармен қатар, мектепте интеграция, техникалық үлгілеу, нано-био-технологиялар, робототехника, жеке сабақтар және психологиялық жеңілдену кабинеттері бар. Кеңейтілген физика, химия және биология зертханалары халықаралық заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. 270 орындық жатақхана, еліміздің басқа да қалаларынан келген дарынды оқушылардың осы мектепте білім алуына мүмкіндік туғызып отыр. Үш залдан тұратын кітапхана оқу-әдістемелік құралдармен, классикалық көркем әдебиеттермен, медиатекамен жабдықталған. Кітапхана оқушылар ізденіс жұмыстарын жүргізіп, алынған ақпараттарды талдайтын ақпараттық орталық ретінде жұмыс істейді. Әр түрлі шараларды өткізуге 480 орындық акт залы, 100 орындық дәрісхана, 50 орындық конференц-зал ыңғайлы етіп салынған. Сонымен қатар, оқушылардың дұрыс тамақтануына да барлық жағдай жасалған. 500 орындық екі асхана оқушылар мен ұстаздарға жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Назарбаев Зияткерлік мектептеріне конкурстық іріктеуде болашақта жоғары деңгейлі қазақстандық және шетелдік оқу орындарында білім ала алатын жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім алуға қабілетті оқушылар жыл сайын таңдап алынады. Қазіргі уақытта 790 оқушы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» грантының иегері атанды. Грантты жеңіп алған 7-8 сынып оқушыларының орташа балы 1000-нан 819-646 аралығында болса, 9-10 сынып оқушыларының орташа балы 60-тан 28,6-23,4 аралығында. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші мұндағы мұғалімдер құрамы 140-тан астам жоғары білікті мамандардан құралған. Оның ішінде 54 мұғалім – жоғары санатты. Мұғалімдер арасында «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарының иегерлері бар. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, ҚХР сияқты шет мемлекеттерден келген мұғалімдер ағылшын тілінде пәндерден сабақ беріп, мектеп ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жүргізуде. Қазіргі таңда химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Мектептегі «Ғылым әлемін ашамыз!» атты ғалымдар мен мұғалімдердің бірлескен жобасы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Мұндай жобалар өз кезегінде оқушы­лардың өнертапқыштық және зерт­теушілік дағдыларын қалыптастырып, болашақ жас ғалымдарға өзіндік жеке ғылыми жобаларын жасауға мол мүмкіндік туғызады. Өскелең ұрпақ саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін мұнда қатаң тәртіп жолға қойылған. Сабақ кезінде оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал жатақханада тұратын оқушылар үшін бес мезгіл тамақ беру жағы қарастырылған. Тілге тиек етерлік тағы бір дүние – оқу уақытында балаларға кітап оқуға (Reading times), қозғалыс белсенділігіне де уақыт берілген (флешмоб). Оқушылар мұнда білім нәрімен сусындап қана қоймай өздерінің көшбасшылық қабілеттерін де одан әрі шыңдай түсуге жол ашады. Ұстаздардың еселі еңбегінің арқасында Алматыдағы еліміз бойынша ең үлкен Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өздерінің жетістіктерімен қуантып келеді. Білімнің шыңына шығуға талпынған оқушылардың алар асуы мен бағындырар биігі әлі алда. Тек сәттілік серіктері болуына біз де тілекшіміз. qazaquni.kz