9 айлық сәби жүзуден спорт шеберіне үміткер атанды

9 айлық  сәби жүзуден спорт шеберіне үміткер атанды

Алматыда сәбилер арасындағы жүзуден жарыс өтіп, 85 сәбиге спорт шеберіне үміткер атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүзуден сәбилер арасындағы сайыс Алматыда осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы қатысушылар саны 370-ке дейін жеткен. Сәби спортшыны қолдауға келген отбасылар жарыстың көрігін қыздырды. Оның ішінде танымал адамдардың да сәбилері спорт шеберіне үміткер атағын алды. Мәселен, белгілі футболшы Сергей Гридин мен «Мисс Алматы - 2015» байқауының жеңімпазы Регина Вальтердің ұлы 9 айлық Михаил Гридин спорт шеберіне үміткер атанды.

Сайыс талабы бойынша сәбилер ойыншықты алу үшін сүңгіп, тоннельдерден жүзіп өтті. Омыраудағы сәбилерден бөлек жарысқа қатысқан балақайлар да 20 метр қашықтықта жүзіп, бақ сынады.

«Сайыс қорытындысы бойынша бізде 85 спор шеберіне үміткер анықталды. Оның 25-і сәби болса, 61-і балақай. 7 бала спорт шебері атанды», - деді ұйымдастырушылар.

9 айлық  сәби жүзуден спорт шеберіне үміткер атанды

Сайыста Эльдар Әбішевтің рекорд орнатқанын айта кету керек. Балақайдың жасы 3,5-да. Жүзіп үйренгеніне 2-ақ ай болса да жарыста топ жарып, спорт шебері атағына ие болды. 4 жастағы Лямис Абушараф хауыздағы қашықтықты бір деммен жүзіп өтті. Сондай-ақ, 4 жасар Артем Коняев 20 метрлік қашықтықты 31 секундта бағындырып сайыстың ең үздігі атанды.

Келесі жарыс 2018 жылдың қараша айында өтеді.

9 айлық  сәби жүзуден спорт шеберіне үміткер атанды