Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері талқыланды

Похожее изображение 2017 жылдың 15 қарашасы күні, «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалының ұйымдастыруымен, Алматы Университетінде, жастардың бойында қазақстандық патриотизм мен гуманизмді қалыптастыру, рухани құндылықтарды сіңіру мақсатында, Елбасы Н. Ә. Наазарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шараға Университет ректоры Мубарак Ермағанбетов, бастауыш партия ұйымының төрайымы Нұрбол Батырбек, «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, «Игілік» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Меруерт Айтенова, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, студенттер және ұстаздар қатысты. Мубарак Ермағанбетов қазіргі таңда латын әрпін қолдану уақыт талабы, заманауи технологияларға тәуелді, жаңа дүниелермен санасу керек екендігін айтып, латын әліпбиіне өтуді қолдайтынын білдірді. «Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Бұл бағдарламада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек», - деді Меруерт Айтенова. Кездесу соңында жастармен кері байланыс құра отырып, қатысушылардың пікірімен алмасты. Студенттер де өз ойларын ашық жеткізіп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін айтты.