Қазақтілді сайттар мен дәстүрлі өнерді мансұқтауға хақыңыз жоқ, Азанбек!

1191
8
Бөлісу:

Орыстілділермен деңгейлес болу үшін оларға бөлінген мол қаржы қазақтілділерге де берілуі керек!

 

Ербол Азанбек – менің жерлесім. Менен екі-үш жас үлкендігі бар бауырым. Оның іскерлігін, қаржылық сауаттылық һәм заманауи журналистика саласындағы атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалаймын. Бірақ, кейде тым білгішсініп, елге, қала берді бүкіл ұлтқа ақыл айтып кететінін қабылдай алмаймын. Біздің елде Ербол секілді «ақылды жігіттер» тым көбейіп барады. Сол себепті де, бірде «осы сіздер қазаққа ақыл айтуды қашан қоясыздар?» деп өзіне ескерту жасағанмын. Бұ жолы бауырым орыстілді сайттардың жонын күдірейтіп, қазақтардың, қазақтілді интернет басылымдардың намысына тиетін сөз айтыпты. Оны орыстілділер жерден жеті қоян тапқандай іліп әкетті.

Ереке, Сізге журналистиканың әліппесі туралы сөз шығындаудың қажеті жоқ. Менің білетінімді Сіз де білесіз. Тіпті, экономикалық тақырыпқа сауатты журналистерді дайындаймын деп маңдай теріңізді төгіп жүрсіз. Сондықтан айтпақ ойымызға төтелей кірсек…

Сіз Facebook әлеуметтік желісінде жазған пікіріңізде: Орыс тілді сайттар қазақша нұсқасын қоса бастады. Болашақта барлығында қазақша нұсқа болады. Бизнесте тек клиент бар. Оның тілі, діні, түрі маңызды емес. Тек соған бейімделіп, қажеттісін ұсыну керек. Қазақ аудиториясы өсіп келеді. (Инстаграммда Қайрат, Төреғали, Ашалардың аккаунтында отырған 2 млн адамның бәрі қазақ тілді). Мұны орыс тілді сайттар көріп, біліп отыр. Қосымша аудитория артық болмайды. Сондықтан соған бейімделе бастады. Мұны олар өте оңай жүзеге асырады. Екі-үш қазақ журналистін жалдап, қазақша нұсқасын қосып, қажетті контентті ұсынып, кірісе береді. Ал қазақ сайттарына қиын тиетін сияқты» депсіз.

Рас. Сөзіңіздің өтірігі жоқ. Қазір орыстілді сайттардың дені қазақ тілінде ақпарат тарата бастады. Олардың қажетті контентті ұсынарына да қарсы сөз айтпаймын. Қажетті контентінің сұры: қыз зорлау, төсек мәселесі, байдан шығу секілді белден төмен ұятты мәселелерден аспай отырғанын айта кетсеңіз, мен мына мақаланы жазбаған да болар едім. Қазір Nur.kz Karavan.kz-тердің (көп қой, мұндай сайттар) басты жазатын тақырыбы – Сіздің қаржылық сауатын аша алмай жүрген қазағыңызды азғын жолға түсіретін материалдар. Мына мемлекетіңіз осыларға, орыстілді сайттарға  миллиардтап қаржы құйып жатқанын неге ұмыт қалдырдыңыз? Орыстілді сайттар қазақ ұлтының мәселесіне келгенде қашан білек сыбанып еді (әрине, журналистиканың мақсаты тек анық, шынайы ақпарат тарату). Қазақтың мәселесіне жүрегі дір етпейтін көп сайт ұлтты қаралауға келгенде, өзінің мақсаты тек ақпарат тарату екенін ұмытып, түрлі формалармен қазаққа қарсы тұяқ серпіп қалатынын неге айтпайсыз?

Менің қызына сөйлеп, патриот болып көрінгім келмейді. Сонда да, ашынғаннан ащы даусым шығып отыр. Сіз «Мемлекеттен бір ғана Nur.kz-ке бөлінген ақшаны он қазақ сайтына неге бөліп бермейміз» деп мәселе көтерудің орнына америкадан кеше ғана келген ағылшынға ұқсап бүйректен сирақ шығарып отырсыз.

Рас. Қазір қазақ сайттарына қиын соғып тұр. Қазақтың мұңын айтар мақала шықса болды, сайт түрлі шабуылдарға тап болып, жалп етіп сөнеді де қалады. Қазір қазақтілді IT мамандар жетіспейді. Қазақ тілді сайттар ғана емес, әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтап қалатын кездерді де көріп жүрміз. Бізге қиындық осы жағынан тумаса, бәсекелестік мәселесіне келгенде орыстілділерден кем емеспіз. Бұл мақтан емес, шын сөзім.

Бұл орыстілді сайттардың техникалық тұрғыда қауіпсіздігі мықты дамығанын көрсетпейді. Бұл – ақпараттық майданда қазақ тіліне тұсау болып келе жатқан сананың өзгермегенінің көрінісі.

Менің қолыма еріксіз қалам алғызған Сіздің мына ойыңыз. «Оқырманын өзінен күшті жоба тартып алып жатыр. Оған ілесу үшін штатын көбейту, контентін күшейту керек. Не орыс тілін қосып, солармен деңгейлес сайтқа айналуы керек. Оған қаржы керек. Қаржы көпшілігінде жоқ. Штатта үш адам». 

Қазақ тілді оқырманды орыстілділер тартып алып жатыр екен. Қош! Қазір қазақ елдік мәселеге келгенде еңірейтін ұлтқа айналды. Былтыр жер мәселесі қозғалғанда қазақ дегеннің кім екенін анық байқаған боларсыз. Әр Алаш баласы атқа қонуға дайын отырды.

Орыстілділер осыны көргеннен кейін, көріп сезінгеннен кейін қазақ тіліне көңіл бөле бастады. Орыс тілінде ақпарат тұтынатын қауымның азайып бара жатқанын мойындай бастады. Бұл негізі өкінетін емес, қуанатын жағдай… Олардың қазақты мойындауы басталды.

Осындай кезде елімізде халқының саны 20 пайызға жетпейтін орыс ұлтының ығына жығылып,  «Олар біздің оқырманды алып қойды» деп біз орыс тіліне көшсек, ұлтты сату емес пе? «Бизнесте тек клиент бар. Оның тілі, діні, түрі маңызды емес» деп урду тілінде ақпарат таратайық, ендеше.

Орыстан кейін елімізде көп санды диаспора саналатын өз ағамызды әспеттеп, өзбекше «гәпіртейік», басылымдарымызды. Қытайша білетін бес жүз мыңнан аса оралманымыз бар деп, қытайша ақпарат тарата бастайық.

Орыстілді сайттардың қазақшаға бет бұруы – табиғи заңдылық. Ал, «қазақ тілділер орысша ақпарат таратсын деу» Ербол Азанбек айтатын сөз емес.

Орыстілділермен деңгейлес болудың жалғыз жолы бар. Оларға бөлінген мол қаржы қазақтілділерге де берілуі керек. Мемлекетке қазақтілді сайттар емес, орыстілділер масыл болып отырғанын, жылына миллиардтап ақша сауып жатқанын, ол сайттардың иелері кімдер екенін екеуміз өте жақсы білеміз. Сондықтан, бұ жерде мемлекетке телміру дегенге басқаша қарау қажеттілігін ескертемін.

Мемлекет өз саясатын насихаттау үшін басылымдарға қаржы құяды. Бұл мемлекеттің қолдауы емес – мұқтаждығы. Әбіләзов сынды біреуден қаржы алып, Отанымыздың шаңырағын шайқалтып жібермеу үшін Үкіметіміз итті де болсын, ақшамен қамдап отыр.

Орыстілді сайттардың сыртта Ресей сияқты арқа сүйері бар, іште Үкіметтен тағы қолдауға ие. Екі жеп, биге шығады. Ал, қазақтілді басылымдар шеттен қаржыландырылмайды. Олардың екінші Отаны жоқ. Осыған бола бәсекелестік деп бал ашуға бола ма? Жалаңаш әйелдің суреттерін жариялап, контент тартуды қазақ білмей отыр деп ойлайсыз ба?

Ұлттық мәселеге келгенде тендерден де бас тартқан басылымдар бар. Бұл қаржы саласын шемішкеше шашатын маманға деліқұлылық болып көрінер. Бірақ, бұл үрдіс алда қалыпты жағдайға айналатын болады.

Қазақтың жері, діні мен тініне қорған болып жүрген сайттардың жұмысын жоққа шығарып, «сендер орысша ақпарат таратсаңда, керемет болып кетесіңдер» деу үшін қандай ақыл қажет екенін түсіне алмай отырмын.

Меніңше, қазақ ұлтының (кейбір қазақ сайттарына да қатысы бар) салт-санасына, мәдениетіне кереғар ақпараттарды таратуға заң жүзінде шектеу қою керек (қыздарды зорлау, жыныстық қатынас, өсек-аяң, т.б). Азғындықты насихаттаған кез-келген басылымға тендер берілмеуі қажет.

Сонда, кімнің кім екені бетке шығады?

Сөз соңында: «Жаңалық тарататын қазақ сайттары тойдан сұраныс аз, концерті ақтамайтын, мемлекеттің қолдауын қажет ететін дәстүрлі музыка саласы сияқты болып қалмаса болды» депсіз. 

Дәстүрлі музыканы қаралап отырсыз ба, әлде жаныңыз ашып отыр ма? Мемлекет өзінің қандай мәдениеті бар екенін әлемге көрсеткісі келсе, дәстүрлі өнерді қолдайды. Қолдамаса, дәстүрлі ән өнерінің бағылан басы босағада қалады дегенге өз басым сенбеймін. 12 миллион қазақ аман тұрғанда дәстүрлі ән біреуге алақан жайып ақша сұрамақ емес.

Сондықтан, қазақтілді сайттар мен дәстүрлі өнерді мансұқтауға Сіздің хақыңыз жоқ!

Менің мұны жазбауыма да болар еді. Бірақ, ақиқат бауырдан да қымбат болар заман туып келе жатқанын білдіргім келді. Бір-бірімізге ақыл айтқанда абай болайықшы! Бізден де өткен білгірлер көп мына елде!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 8 пікір жазылған

  1. Махамбет Ерғали 23 Қараша, 2017 15:23 Жауап

    Азанбектің азан шақырып айтқаны орыстарды көтермелеу болып шығыпты ғой

  2. Гүлмәрия Барманбекова 23 Қараша, 2017 15:23 Жауап

    Жолымбет Мәкіш мұндайларға «Иванутые» деген атау берді. Өте жарасымды атау.

  3. Салиха 23 Қараша, 2017 16:53 Жауап

    «Айтпаса сөздің атасы өледі » дейтін қазақпыз ғой. Қанаттың уәжді сөзі өте орынды. Адамның жүйкесін шаршатып, ұятын өлтіретін арзанқол хабарлардан әбден шаршадық…

  4. Ш.З.Д. 23 Қараша, 2017 17:45 Жауап

    ҚАНАТ БІРЛІКҰЛЫ, жетесіне жеткізіп жазыпсыз, алжыған Азанбектің санасына жетсе жаксы.
    Дәстүрлі ән Қазақпен бірге жасайды. Аяулы ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы айтқандай «Қазақ – күн сөнгенше сөнбейді!
    Ал, сайтқа келсек, жалпы арсыз өсек-аяңдар мен әңгімелер, өнерпазсымақтардың ішіп-жегені, кімнің кіммен жүргені, қандай сексуалдық зорлықтар жасалғаны туралы жаңалықтар мен әңгімелерді және жалаңаштанған суреттерді сайтқа шығаруға тиым салатын заң шығаруды талап ету керек. Әншілердің көбеюі де ақырзаманның бір белгісі деген. Сондықтан әншісымақтарды да жарнамалауды қойдыру керек. Жас буынды ата-бабамыздың «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген қағидаларымен тәрбиелеуді насихаттаудың жолын табу керек.

  5. Мұстафа 23 Қараша, 2017 18:05 Жауап

    Дауа жоқ.Күн үшін жүргендерге өл мес күнін көруден басқа ой болмас.Өз ұлын өзекке тепкен ел болмас.

  6. Қолқоюсыз 23 Қараша, 2017 18:45 Жауап

    Қазақ тіліндегі газет-журналдарды сату,тарату да дұрыс жолға қойылмағандай.Əкеміз «Егемен Қазақстанды» үзбей оқитын.Интернет,сайт дегендерден хабары жоқ.Осы жазда Маңғыстаудан Алматыға келіп ауруханада жатқан Əкеме ,Алматыдағы дүнгіршіктерден (баяғы «Союз печаттың» киоскілерінен )не бас газетімізді,не басқада «Ана тілі»,»Қазақ əдебиеті «сынды салмақты басылымдарды таба алмадым.Есесіне жоғарыдағы автор айтқандай қазақ ұлтының салт-санасына,мəдениетіне кереғар газет-журналдардың түрі тұрды.Сатушылардың бір-екеуінен сұрап едім,»ешкім сұрамайды сосын алдыртпаймыз» ,-деді.Дəуде болса почтадан табарым деп,сонда барғанмын ,не айтқандары қазір есімде қалмапты ,əйтеуір бір-екі номерін сатып алайыншы десемде берген жоқ.Супермаркеттердегі газеттердің арасынанда таба алмадым.Абырой болғанда емханамыздың жанында ЖенПИ-дің кітапханасы бар екен ,»Егемен Қазақстанды»-кеткенімізше содан алып, оқып тұрдық.

  7. БЕК 23 Қараша, 2017 23:33 Жауап

    Қазақ елі Деградацияға ұшрады Жерма бес жылдық .Бір Шалдң Диктаторлық билігінен соң Попигизм Халық бәрінен Түңіліп кеткен Жгері жасып

Пікір немесе жауап жазу

сегіз + 17 =