Өзге тілде шүлдірлемей, қазақ тілінің мəртебесін биік ұстаңыз - қоғам белсендісі

«Өз қағынан жеріген құлан оңбайды» дейтін даналық сөзі тексіздіктің түбі неге душар ететінін меңзеген. Өкініштісі сол, соңғы кезде қазағымның, өз ұлтынан, өз асылдарынан жиіркену көбейіп келеді. Кейбір ағайындар арабға еліктеп, салтын ұстанып, солардың киімдерін киіп əлек болып жүр.

Құдайым-ау, мыңжылдық тарихы бар ата-бабаңның салт- дəстүрі мен əдет- ғұрпынан неге жиіркенесіздер?! Бір Аллаға сенейік, бірақ қазақ болайықшы. Кей жекелеген адамдар жауыз Гитлер "ұлтшыл болды" деп пір тұтып, фашизм идеясын насихаттауда. Оданда Гитлерден 100 есе ұлтшыл болған, өз қазағыңның ұлт ардақтылары мен Алаш зиялыларын (М.Шоқайды, Ə.Бөкейханов т.б.) неге кеңінен насихаттап, пір тұтпаймыз.

Биліктің жағымпаздары (зомбиланып қалған) бір адамды ғана ұлы санап, пайғамбарға теңеп таңнан кешке дейін айта бергенше, неге бір уақыт қазақтың тарихы үшін басын қатерге тігіп, 25 жыл түрмеге сотталған Е.Бекмахановтың ұлт алдындағы орасан зор еңбегін айтпайсыздар. Тың игеру жылдары Кеңес Одағы басшылары Қазақ Елінің жерін (Солтүстік Қазақстан облысын) Ресейге қосамыз дегенде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (қазіргі премьер-министр қызметі) Жұмабек Тəшенов елдің тұтастығын өзінің лауазымынан жоғары қойып, басын қатерге тіге компартия басшысы Н.Хрушевке қарсы шығып, жерімізді бергізбей, елдің тұтастығын сақтап қалған ұлт қайраткері. Осындай ұлтымыздың асылдарын мақтан тұтып, дəріптеп, неге басымызға көтеріп мақтамаймыз?!

Шетелдің даңғырлақ, мəн-мағынасы жоқ музыкасын тыңдағанша, рухани құндылығы мол халықтық, дəстүрлі əндерімізді неге тыңдамаймыз?! Өзге тілде шүлдірлегенше, анаң сүтімен бойыңға дарыған өз АНА ТІЛІҢДЕ сөйлеп, қазақ тілінің мəртебесін неге биік ұстамайсыздар! ОЙЛАНАЙЫҚ, АҒАЙЫНДАР!

Талғат Қатауов, 

Қазақ үні