Сахна саңлақтары Лос-Анджелестегі Қазақстан киносының күндеріне қатысты

Картинки по запросу қазақ киносы лос анджелес

«Рухани жаңғыру» аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Лос-Анджелесте (АҚШ) 21-24 қараша аралығында Қазақстан киносының күндері өтті, - деп хабарлайды qazaquni.kz.

Америкалық аудиторияға «Қыз Жібек», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» және «Оскар» сыйлығына ұсынылған, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндалған «Балалық шағымның аспаны» фильмі ұсынылды.

Қазақстан делегациясын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарды. Бұл іс-шараға театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі Құман Тастанбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешова, ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаева, режиссер Рүстем Әбдірашов, актриса Алтынай Нөгербек, Мадина Есманова және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.

Асанәлі Әшімов екі елдің мәдени қарым-қатынастарына арналған іс-шараның маңыздылығын атап өтіп: «Біз ұзақ жол арқылы Лос-Анджелеске ұшып келдік. Біздің «Қыз Жібек» туындымыз өте жылы қабылданып отыр. Фильм көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырғанына қуаныштымын» - деді.

«Spirit of the Great Steppe» – «Ұлы Дала Рухы» атты шара америкалық көрермендерді Қазақстанның бай ұлттық – мәдени мұрасымен таныстыру мақсатын көздейді.

Гүлзия Сәдуақас