ДҮЛДҮЛ ҚАЛАМГЕРДІҢ ДҮБІРЛІ МЕРЕКЕСІ

Рухани жаңғыру

    Алматыда 12 қарашада  Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті драматург-жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық ПЕН клуб пен Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері Дулат Исабековтің 75 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш болып өтті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев кеш иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауын оқып берді. "Сіз қаламгерлік қарымыңызбен де, драматург ретіндегі дара дарыныңызбен де әрдайым оқырмандар мен көрермендердің ең биік талғамынан табылып, ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейде таныла түсуіне ерекше үлес қосып келесіз. Сіздің түрлі жанрларда жазылған туындыларыңызда заманымыздың өзекті проблемалары мейлінше өткір көрініс тауып, айшықты сомдалған кеіпкерлер бейнесі әдебиетсүйер қауымды еріксіз ойға жетелеп, ұмтылмастай болып жадында қалып қояды. Тартымды оқиғалар желісі шебер өріліп, әдебиеттегі өзіңізге тән кестелі тілмен және шуақты әзілмен ұштасып жататын прозалық және драмалық шығармаларыңыз Сіздің қаламгер ретіндегі даралығыңызды барынша айқындай түседі"-деп атап айтылған Елбасының  құттықтау сөзінде. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің құтықтаулары да осындай жүрекжарды тілектерге толы болды. Мерейтой иесін, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев та құттықтады. Әлемге әйгілі драматургты «Қазақтың Шекспирі» деп бағалап, Алаш идеясын жалғастырушы деп санаған  Азат Тұрлыбекұлы   «Ақ жол» партиясы шығарған «Алаштың 100 жылдығы» медалімен  марапаттады. Атырау облысынан келген делегация облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың дұғай сәлемін жеткізді. Мерекелік іс-шарада белгілі ақын Шөмішбай Сариев жырдан шашу шашып, арнау өлеңін оқыды. Кеште Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық  аспаптар оркестрі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театры, Алматыдағы кәріс театры, Құдыс Қожамяров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры және т.б. театрлар артистері, сондай-ақ Нұрғали Нүсіпжанов бастаған белгілі әншілер – Шәкизада, Жазира мен Жанболат, Ләззат Қалдыбекова, Ләззат Байырбекова және басқалар өнер көрсетті. Мерекелік кеште той иесі Дулат Исабеков жиналған көпшілік алдында, өзіне тән жеңіл әзілмен астарлай келе, ағынан жарылып, қазақ қоғамының тағдырына қатысты кейбір көкейкесті лебізін білдірді. «Айта берсе, сөз көп. Бекер шашылып-төгіле бермесек дейсің. Әйтпесе, тағдырымыз күрделі, санымыз аз ғана халықпыз. Демек, мұндай ел сапалық жағынан мықты болғаны жөн емес пе. Жатпай-тұрмай сондай биік мүддеге ұмтылуымыз қажет. Жалпы, Мәдениет деген не? Мәдениет – бір жерге барып концерт қойып қайту деген сөз емес. Ойын-сауық қою – гастроль ғана. Нағыз Мәдениет – осы отырған бәріміздің жан-дүниеміз. Ұлттық код дегеніміз де – осы. Әрине, бұл бағыттағы жауапкершілік жүгі, атқарылатын іс ауқымы салмақты» -деп қорытты.    (Дулат Исабековтың елдің ерекше  ризалығына бөленген тереңнен қозғап, қияны шалған  толғауы тоқсан   сөзінің  толық мәтінін осы сайттан оқи аласыздар) "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Алатау  баурайында өткен айшықты шығармашылық кеш  шынайылығымен, мәнді де, маңыздылығымен ерекшеленді. Қаламгер мерейтойы 17-18 қарашада туған жері Оңтүстік Қазақстан облысында, Шымкент және Арыс қалаларында жалғасады.    

  Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:

   Әдебиетіміздің әлемдік деңгейде танылуына қосқан үлесіңіз ерекше!

Құрметті Дулат Исабекұлы! 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз қаламгерлік қарымыңызбен де, драматург ретіндегі дара дарыныңызбен де әрдайым оқырмандар мен көрермендердің ең биік талғамынан табылып, ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейде таныла түсуіне ерекше үлес қосып келесіз. Сіздің түрлі жанрларда жазылған туындыларыңызда заманымыздың өзекті проблемалары мейлінше өткір көрініс тауып, айшықты сомдалған кеіпкерлер бейнесі әдебиетсүйер қауымды еріксіз ойға жетелеп, ұмтылмастай болып жадында қалып қояды. Тартымды оқиғалар желісі шебер өріліп, әдебиеттегі өзіңізге тән кестелі тілмен және шуақты әзілмен ұштасып жататын прозалық және драмалық шығармаларыңыз Сіздің қаламгер ретіндегі даралығыңызды барынша айқындай түседі. Туындыларыңыздың ұлттық аямызда ғана қалып қоймай, бірқатар шет елдерде де жарық көріп, сахналарына жол тауып, түрлі жүлделерге ие болып, қалың жұртшылықтың назарын аударып жататыны сондықтан. Көрнекті қаламгер және белсенді азамат ретіндегі осы бақытыңыз бен абырой-беделіңіз баянды болсын! Деніңіз сау, отбасыңыз аман-есен, шығармашылығыңыз жемісті болып, еңбегіңіз бен атақ-даңқыңыздың ризығын ұзағынан көре беріңіз.  

    Азат ПЕРУАШЕВ,  Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы:

  Мен Дулат ағаны «Қазақтың Шекспирі» деп бағалаймын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар! Мен көрнекті жазушы ағамызды «Ақ жол» партиясы атынан әдемі жасымен – үш жиырма бесімен  құттықтаймын. Біз, негізінен, экономика-менеджмет саласында еңбектеніп, әдебиет-мәдениет жағынан алыстау жүргенімізбен, бір бүйрегіміз ұлттық мүддені қаузайтын туындыларға бұрып тұратыны жасырын емес. Менің кабинетімде экономикалық-саяси  кітаптардың арасында сіздің  ғажайып «Гаухартас» кітабыңыз да тұрады. Ол кітап  кейде көлігімде де жүреді. Өз басым бұ кісіні «Қазақтың Шекспирі» деп бағалаған болар едім. Иә, расында да, солай, енді біраз жылдардан кейін біз  «қазақтың Шекспирі Дулат Исабековпен замандас болдық, талай кездестік, пікірлестік» деп мақтанышпен айтатынымыз анық. Дүкеңнің мерейтойы Алаш қозғалысының  жүз жылдығы мерейтойымен сәйкес келіп отыр. Мәселен, Дулат ағамыздың шығармалары Алаш  идеяларымен ұштасып жатады. Мен  сізді Алаш идеяларын жалғастырушы қайраткер деп те  білемін.  Сондықтан  біз өзіңізді «Ақ жол» партиясы шығарған «Алаштың 100 жылдығы»  мерекелік медалімен марапаттауды ұйғардық. «Ақ жол» демократиялық партиясының ұлттық мүддені ұлықтаған  рухани шараларының бәрінде  төрімізден табылып,  ақыл-кеңесіңіз бен ақ батаңызды беріп келесіз. Қадірлі Дулат Исабекұлы! Мерекеңіз берекеге ұласып, қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытудағы жемісті істеріңіз өрісті бола беруін тілейміз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, шаңырағыңызға шаттық тілеп, шығармашылық табысыңыз шыңға шығара берсін дейміз. Жұлдызыңыз жарқырап, Алла жар болып, алдыңыздан Ақ жол ашыла берсін! Qazaquni.kz