Алматының қоғамдық ұйымдары қазақ әліпбиінің бекітілген нұсқасын толықтай қолдайды

Алматы қаласының қоғамдық ұйымдары латын әліпбиіне көшуді толықтай қолдайды. Ұйым жетекшілерінің пікірінше, латын әліпбиінің бекітілген нұсқасы заман талабына сай болып табылады. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

«Ел-шежіре» қоғамдық қорының төрағасы Д.Әшімхан:

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Біз латын ғарпіне көшкеннен не ұтамыз? Біріншіден, латын әліпбиі Қазақстан мен дамыған елдердің арасын жалғайтын көпір іспетті. Әлемдік интеграцияға ұмтылып жатқан ел болғандықтан, әліпбиді де біріздендіру бұрыннан күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Енді сол мәселені іс жүзінде шешуге кірістік. Екіншіден, тарихи жазба мұраларымызды сүзгіден өткізуге мүмкіндік туды. Үшіншіден, қазақстандықтар латын әліпбиін қолдануға психологиялық тұрғыдан дайын. Еліміз нарықтық экономикаға көшіп, жаңа электроникалық құрылғылар енген кезден-ақ, жұрт латынша жазуды біртіндеп бастап кетті. Адамдарға латын ғарпін ешкім үйретпесе де, олар қалта телефондары арқылы хат-хабарларды латынша жаза бастады. Төртіншіден, латын ғарпіне өту Алаш қайраткерлерінің де арманы болған еді. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған нұсқа бәрімізге мәлім. Биыл Алашорда Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып жатқан кезде, латын әліпбиіне өтуіміз жақсылықтың нышаны. Қалай болғанда да, 27-қазан күнтізбеге тарихи күн болып енері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен іске асатынын да есте ұстаған абзал. Сондықтан, бұл мәселеде аса көп қиындықтар пайда болады деп ойламаймын.

«Аяжан колледжінің директоры» К. Құрымбаева:

«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап көптеген игі істердің ұйытқысы болып келесіз. Жыл сайынғы Қазақстан халқына жасалған Жолдаулар мен ауқымды стратегиялық бағдарламаларыңыз елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін жасалып жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі. Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және ана тіліміздің келешегі үшін жасалған ғылыми-әлеуметтік мәні зор батыл шешімге қолдау білдіріп, ұлттық тіліміздің дыбыстық ерекшеліктерін толыққанды көрсете алатын әліпбиді таңдап, тарихымызды тағы бір жаңалықпен толықтырдық. Ендеше, 2017 жылдың 26 қазаны Қазақстан үшін тарихи, ел тәуелсіздігінің тарихында алтын әріптермен жазылатын айрықша күн болып, ұлттық тіл ерекшелігіне негізделген жаңа графика қабылданды, мемлекеттік мәртебесі бар тіліміз үшін серпінді сәт туды. «Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету Жарлығын», қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету үшін ауданымызда іс-шаралар өткізу мақсатында бастаманы «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып қолға алдық.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының директоры А. Әубәкір:

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың латын әліпбиіне өту жайындағы бастамасын қолдайды. Бұл дүниежүзі қазақтарымен ортақ тіл табысып, қазақ елінің бірлігін нығайтуға жасалған үлкен қадам ретінде бағалаймыз. Сонымен бірге, туыстас түрік халықтарымен да ынтымақтастық мәселесіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Бір кездері латын әліпбиі қазақ жерінде қолданыста болған. Оның үстіне, елімізде ағылшын тілін жетік білетін жастар өсіп келеді. Оларға латын әліпбиіне бейімделу аса қиындық туғыза қояр деп ойламаймыз. Бұл біздің Тәуелсіздігімізді бекіте түсетін қадам деп есептейміз. Таңдалып алынған әліпби нұсқасы бұған дейінгі нұсқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде екені байқалады».