Тәрбие мен білім – тұтас ұғым

Н.Ә.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады, – дей отырып, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Өскелең ұрпақты патриоттыққа баулу – жарқын болашақ кепілі. Қашан да бала тәрбиесін басты назарда ұстаған қазақ халқы баланы отансүйгіштікке үйретуді парыз деп санайды. Бұл туралы еліміздің «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің міндеттері: ...азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу» десе, орта білімді дамыту тұжырымдамасында «тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру» керек екендігі көрсетілген. Патриотизм – қай заманда да құндылығын жоғалтпайтын өзекті мәселелердің бірі. Ол адамзат бойына ана сүтімен дарып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын құндылық. Көне түркі дәуіріндегі «Күлтегін» жазбаларында: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» деп жазылады. Ал Жаугершілік уақытта өмір сүріп, көшпелі күн кешкен қазақ қауымы үшін патриотизм ұғымы елдің амандығы, жердің бүтіндігімен байланысты болды. Ол кезең ер-азамат ар-намысты ту етіп, сары бала, қара қазан қамы үшін күрескен заман болатын. Абылай хан билік құрған кезеңде ер-жігітке күресте жеңу, аударыспақта басым түсу, садақ тартқанда құралай көзіне тигізу, құрықпен, шоқпармен өнер көрсету, асау атты үйрету, бүркітпен түлкі алу, ат жарыста мәреге алғаш жету, қылыштасуда көзге түсу, найзаласуда жауын қаңбақтай ұшыру, найза атуда нысанаға дөп тигізу сынды талаптар қойылған-ды. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағына, ер-азаматтарына қандай талаптар қойылады? Әрине, шекарамыз бекітілген, іргеміз бүтін. Алайда, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, еліміздің өміршең болуы халықтың қамын ойлаған ел ағалары мен жастарына және келешек ұрпаққа жүк екені анық. Абылай хан дәуіріндегідей ер-жігіттерге соғыс айласын шебер меңгеріп, қарсы шапқан жауды қаңбақтай ұшыратын батырлық пен жігерлік талап етілмесе де, бұл заманның ағымына ілесудің өзі осал емес. Саясатта өктемдік, билікте көрегендік, білімде бәсекелестік қажет. Бөркіне қарай ұрпағының да бой түзейтіні рас. П.И.Капырин: «патриотизм – орыс, украин, белорус, қазақ, өзбек, әзірбайжан, грузин, армиян және т.б. патриотизмі болуы мүмкін», – дейді. Елімізді 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері мекендегендіктен, біз үшін ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың сақталуы маңызды. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм қалыптастыруымыз керек. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының республиканың бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күресі іспетті. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметпен қараудан басталады. Сондықтан, оның қайнар көзі адамгершілік қасиет. Оның іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдасып, жоғын-жоқтаған ғана отаншыл болады» деген анықтама берілген. Ал Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады, – дей отырып, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтеді. Демек, біздің міндет – Қазақстан Республикасында қоныс тепкен, ел шекарасында тұрақтаған әрбір азаматтың ұлтына, нәсіліне, тілі мен дініне қарамастан тең құқылы болып, Отан алдындағы жауапкершілікті ортақ арқалауы. Осы орайда, «қазақстандық патриотизм тәрбиесін беруде не үшін бастауыш сынып оқушыларын зерттеу нысанына айналдыруымыз керек?» деген сұрақ туындайды. Патриотизм әр азаматтың жүрегінде болып, әр әлеуметтік топтың өкілдері Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс қой. Әрине, орынды сауал, орнықты уәж. Мектеп – әлеуметтік институт саналса, бала қоғамдық өмірге шығып, айналасымен тығыз қарым-қатынаста болатын, алғаш міндеттемелер алып, жауапкершілік сезінетін орта. Біз оқушының буыны қатып, бұғанасы беки бастаған осы сәтті пайдаланып, Отан, Жер Ана, патриотизм, жауапкершілік ұғымдары туралы алғашқы теориялық түсінікті қалыптастырып, уақыт өте бойларына сіңіре бастауымыз керек. Еліне деген сүйіспеншілігі сәби бойына ана сүтімен дарып, «патриотизм» ұғымы бала жастан дұрыс қалыптасқан адам нағыз патриот болары хақ. Патриоттық тәрбие процесінде идеялық сенімділік, өз Отанына, ана тіліне, еліне, жеріне, мәдениеті мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік, жалпы ұлттық мақтаныш, өз халқының тағдыры үшін жоғары жауапкершілік, туған Отанның экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси және әскери әлеуеттерін дамытуға ұмтылыс, оны идеологиялық және саяси жағынан қорғауға даярлық қалыптасады. Патриоттық тәрбие, ең алдымен, өз Отанының құндылықтарын танудан басталады. Осы тұста, бастауыш сынып оқушыларына білім беруде қазақ тілі және әдебиеттік оқыту сабақтарының маңызы зор. Өйткені, оқулықтарда берілген ертегі, батырлық жыр, аңыз-әңгімелер, отан қорғау тақырыбында жазылған тақпақтар мен өлеңдер оқушыларды туған жерді сүюге, оның әр тасын қадірлеуге үйретеді. Көпұлтты мемлекетіміздің тұрақтылықты, халықтар ынтымақтастығы мен достығын нығайту үшін өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу басты мақсат болып табылады. Осы жолда ұлттық құндылықтарымыз болып саналатын, ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт-дәстүр, ерлік-батырлық туралы жырларды, аңыз-әңгімелерді пайдалана отырып, бастауыш сынып оқушыларын қазақстандық патриотизмге баулуымыз керек. Өйткені, еліміздің ертегі – өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеп, олардың бойына Отан деген ұлағатты сезімді сіңдіре білуімізге тікелей байланысты. Бүгінгі ұрпақ шын патриот болған кезде біздің еліміз де тәуелсіздігіміз де мәңгі жасай бермек. Мөлдір БЕКЖАН, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің 2-курс магистрі