ОТАНДЫҚ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ: ІС ТЕТІГІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондет-мүшесі, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, Алматы облысы Райымбек ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті Нұрша Оразахыновамен бүгінгі білім жүйесі және өзінің жетекшілігімен елімізде жүзеге асып келе жатқан «Сатылай кешенді оқыту технологиясының» тиімділігі турасында өрбіткен әңгімемізді оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық. Алаш арыстарының үлгісі бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» – дей келіп, қазақ елінің білім арқылы болашағының баянды болатындығына үлкен сенім артқан. Осыған орай Қазақстан Республикасындағы орта, арнаулы орта, жоғары білім беру жүйесінің әлемдік деңгейдегі озық технологиялармен қамтамасыз етілуі – уақыт талабы. Осы үрдістен шығудың бір жолы – білім беру жүйесіне педагогикалық технологияларды енгізу. Соның бірі – Алаш зиялыларының білім берудегі әдіс-тәсілдерін басшылыққа ала отырып жасалған отандық – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. «Бұл үрдіс 1994-1995 оқу жылдарында Алматы қаласында орналасқан Алматы облыстық мектеп-интернатында қазақ тілі пәнінен бастау алды. Осы мектепте он екі жылдай тәжірибелік жұмыс жүргіздім, – дейді ­педогог-ғалым Нұрша Оразахынова. – Сатылай кешенді оқытудың іргетасы осы мектеп-интернатта қаланды десек қателеспейміз. Қазіргі таңда шәкірттеріміздің барлығы дерлік жоғары оқу орнын бітіріп, әр салада жемісті еңбек етіп келеді. Мұғалімдеріміздің алды ғылым кандидаты, атап айтсақ, Күлмесхан Әбдірейімова, республикаға танымал ұстаздарымыз Ұлжалғас Ағыбаева, Айжамал Шыныбаева т.б.» Ел егемендігіне қол жеткізіп, еңсесін тіктей бастаған тұста Нұрша Оразахынованың дәрісіне бүгінде елімізге танымал, біртуар азаматтар жиі қатысып, Атап айтсақ, Иманғали Тасмағамбетов, Шәмшия Беркімбаева, Ақселеу Сейдімбек, Берікжан Әлмағамбетов, Тұрсынбек Баймолдаев, Алма Қыраубаева және т.б көптеген тұлғалар пилоттық жобаға қолдау білдірді. Сөз орйында, ғылымдағы осынау тырнақалды жаңалықты одан әрі жетілдіре түсуге ұйытқы болған Әділ Әбілдаұлының еңбегінің орасан зор екендігін айта кеткеніміз жөн. Мұнан кейінгі тәжірибелік жұмыс еліміздің өзге де облыстарында жалғасын тауып, өз жемісін бере бастады. Кешенді сабақ тағылымымен Қазіргі таңда республика бойынша балабақшалар мен білім беру мекемелерінде 10 пән «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен оқытылуда. Аталмыш жүйе мектептердегі пәндерді оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ғылыми-теориялық және тәжірибелік талаптарды кешенді игертумен қатар «Үштұғырлы тіл» бағдарламасын іске асыру барысында ана тілінің негізінде орыс, ағылшын тілдерін сауатты, жоғары деңгейде меңгеруіне жағдай жасалуда. Филология ғылымдарының докторы Нұрша Оразахынова бүгінгі күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасында профессор қызметін атқарумен қатар республикамыздың бірқатар аймағында «Сатылай кешенді оқыту технологиясын» іске асыру ісіне жетекшілік етіп келеді. Атап айтқанда, 2013-2014 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп, №4 мектеп-гимназия, №66 мектеп-лицей және №71 «Мөлдір» балабақшасының мектепалды даярлық тобы, 2014-2015 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы №74 мектеп-гимназиясы, Алматы облысы, Талғар ауданы, №49 жалпы орта білім беретін мектептерде қолға алынған. Сонымен қатар, 2016-2017 оқу жылынан бастап, Астана қаласындағы №55 жалпы орта білім беретін мектеп, №52 мектеп-гимназиясы, №59 «Аққанат» балабақшасының мектепалды даярлық тобы, Талғар ауданы №11, №12 және №15 жалпы орта білім беретін мектептер, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, Казталов ауданы Тереңкөл жалпы орта білім беретін мектеп, Орал қаласы №47 жалпы орта білім беретін мектептері аталмыш технология бойынша білім беріп келеді. Аталған білім ордаларында жүргізілетін тәжірибелік алаң жұмыстарына тікелей бағыт бағдар беру де – Нұрша Оразахынованың тікелей міндеті. «Осы жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр?» – деген сауалға жауап іздесек, ең алдымен курс жоспары жасалып, әр сыныпта жүргізудің теориялық негізі, амал-тәсілдері практикалық негізде үйретіледі. Одан кейінгі қадам Білім басқармаларының басшылығымен жасалған арнайы құжаттар негізінде мектеп жетекшілігімен әр оқу жылына жоспар түзіліп, үздіксіз жұмыс жүргізіледі. Ілкімді жұмыс арқауы Профессор Нұрша Оразахынованың тікелей бастамасымен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының аясында ең алғашқы форум 2010 жылы Алматы қаласында «Білім беру жүйесін жетілдіру: білікті ұрпақ тәрбиелеудегі «Сатылай кешенді талдау» технологиясының рөлі» тақырыбында, екіншісі «Үздіксіз білім беру моделі арқылы мұғалім құзыреттілігін қалыптастырудағы «Сатылай кешенді талдау» технологиясының рөлі» тақырыбында 2011 жылы Тараз қаласында өткізілді. Одан кейін де өзінің жалғасын тапқан бұл шара 2012 жылы Астана қаласында «Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы – әлемдік білім беру аясына енудің мүмкіндігі», 2013 жылы Астана қаласында «Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын жүзеге асырудағы «Сатылай кешенді талдау» технологиясы тиімділігі», 2014 жылы тағы да осы Елордамызда «Сатылай кешенді талдау» технологиясы – заманауи білім берудің кепілі», 2015 жылы Бас қаламызда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының адами капиталды дамытудағы рөлі», 2016 жылы Алматы қаласында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді жолы» атты форумдар өткізіліп, оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздар қауымы қатысып мол тәжірибе жинақтағаны бар. 1999-2000 оқу жылынан бастап ҚР Кіші ғылым академиясының басшылығымен «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты оқушылардың республикалық ауызша командалық олимпиадалары өткізіліп келеді. Бұл олимпиадаға қатысатын командалар саны да жылдан-жылға артып, аясы кеңеюуде. Аталмыш жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы дерлік Елбасымыздың Жолдауларындағы білім саласында айтылатын мәселелерді басшылыққа ала отырып жүзеге асуда.Мұның барлығы автордың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады. «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша республика көлемінде Білім басқармаларының тәжірибелік алаңдары ашылып қарқынды жұмыс істеуде. Ал, мұндай алаңдарды ашуға не себеп болды? Біріншіден, бұл – отандық технология. Осы кезеңге дейін 200-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектер мен зерттеулері зиялы қауым, білім саласындағы қызметкерлер, мұғалімдер мен ата-аналарға ақпараттық баспасөз құралдары, телебағдарламалар арқылы етене таныс. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі әр оқу жылы қарсаңында бекітіп, қолданысқа рұқсат етілген оқулықтардың бірі – қазақ тілі пәні оқулығының авторы әрі жетекшісі де Нұрша Алжамбайқызы. Бұл – жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған негізгі «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» деп аталатын оқулық. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге, пәндік олимпиадаларға, Қанипа Бітібаеваның республикалық деңгейдегі олимпиадасына дайындауға мүмкіндігінің мол екенін ескеріп, оқулықтың мазмұнына тіл білімінің барлық саласы талданып, оны енгізудің түрлі жолдарын көрсетілген-ді. Екіншіден, технологияның ғылыми-әдістемелік негізі Алаш зиялыларының білім беру саласындағы қалдырып кеткен мұраларына сүйеніп жасалған. Үшіншіден, 1994 жылдан бастап бұл техно­логия еліміздің көптеген аймақтарындағы мектептерде жүргізіліп, өз нәтижесін беріп келеді. Осы технологиямен оқыған алғашқы шәкірттер бүгінде елімізге танымал ғалым, журналист, мемлекеттік қызметкерлер қатарынан табылуда. XXI ғасыр балаларының жаңалықты қабылдау қабілеті, дарындылығы, ақпараттық сауаттылығы өте жоғары. Сондықтан, он пән бойынша жасалған оқу кешендерінде балаларды бүгінгі қоғам талабына сай жаңаша оқытуға, қызығушылығын оятуға, осы технология арқылы қазақ тілін жоғары деңгейде меңгертуге, білімді тереңдетіп беруге жағдай жасалған. Оған дәлел, бүгінгі таңда тәжірибелік алаңның № 66 мектеп-лицейінің 4 «А», 4 «В», 4 «З» сыныптары ана тілін өте жоғары деңгейде меңгерген, ойын еркін жеткізе алады. Тіпті, 10-сыныптың жоғарыда аталған оқулығында берілген тілдік талдау тапсырмаларын қиналмай орындайды. Үш жыл бұрын 1-сыныпқа келген осы балалардың 80%-ы қазақ тілінде анық сөйлей алмайтын орыс тілді болып келгендігін ескерсек, бұл өте үлкен жетістік. Бұл технологияны бүгінгі таңда еліміздің көптеген алдыңғы қатарлы теориялық білімдері жетік, еңбекқор, жаңашыл ұстаздары мен тәрбиешілері балабақшадан бастап өз тәжірибесіне енгізіп, нәтижелі жұмыс істеуде. Оған қоғамдық негізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және ҚР Кіші ғылым академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтымен Астана қаласы, Алматы облысы, Талғар ауданының Білім басқармасының ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан мұғалімдердің форумы мен оқушылардың республикалық ауызша командалық олимпиадалары куә. Сонымен қатар, өткен оқу жылында алғаш рет Батыс Қазақстан облысында облыс басшыларының қолдауымен алғаш рет «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының облыстық ауызша командалық олимпиадасы да білімді жетілдіруге бағытталған шара. Оразахынованың «атаулы мектебі» туралы 2016-2017 оқу жылының мамыр айында Астана қаласында өткен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының теориялық негізі – Алаш арыстарының педагогикалық ой-тұжырымдары» атты форум мен ҚР Кіші ғылым академиясының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша өткен ХVII республикалық ауызша командалық олимпиадасы білім сапасы мен мұғалімдердің шығармашылық әлеуетінің жоғары дәрежеде қалыптасып келе жатқандығын көрсетті. Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ге тарта оқушы, ал форумға 150-ден астам мұғалім қатысты. Олимпиаданың қорытындысын саралаған жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорларынан құралған қазылар алқасы аталмыш технологиямен білім алған оқушылардың білім деңгейі жоғары екендігін атап көрсетіп, оң бағасын берді. Осы жылы өткен «Алаш арыстарының педагогикалық ой-тұжырымдарының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен үйлесімділігі» атты конференцияда сөйлеген мұғалімдер мен форумға қатысушы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары және әр өңірден келген тәжірибелі үздік ұстаздар Н.А.Оразахынованың «Атаулы мектебін» ашуға ұсыныс жасады. Мектептің түпкі мақсаты – бәсекеге қабілетті, Алаш мұраларын іске асыратын, ұлттық құндылықтарды білім алушылардың бойына сіңіретін шынайы ұлттық мектеп қалыптастыру. Осындай игі бастамаларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, іс жүзінде іске асқан кезде өз елінің болашағына ерекше ілтипатпен қарайтын, мәдениеті жоғары зияткер тұлғалар тәрбиеленері анық. Ұлттық құндылықтарымызды білім ғылым жүйесі арқылы жаңғыртуға ұмтылған ұстаз болашақта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түссе, білім саласын жетілдірудің жолдары турасында әңгіме қозғамақ. Біз өз кезегінде саналы ғұмырын еліміздің білім саласының дамуына арнаған жанның ойға алған ізгі мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірдік. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz