Бұл сөзім – өліге емес, тіріге!

Ия, бұл сөзім әлдеқашан әруаққа айналып кеткен Хайдар Арыстанбекұлына емес, ол кісіден тірі кезінде сұхбат алып, оны енді жариялап отырған тірі-жазушы Мамытбек Қалдыбайға. Түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын. Үстіміздегі жылдың 21-қазан күнгі «Қазақ үні» газетінде Хайдар Арыстанбекұлымен болған жазушы Мамытбек Қалдыбайдың сұхбаты жарияланды. Сұхбаттың сұлбасы – Қазақстан Үкіметін он үш жыл басқарған Нұртас Оңдасынов туралы. Обалы не керек, Хайдар ағамыз Оңдасыновтың кемеңгер басшы болғанын, халқына адал қызмет еткенін, небір қиын сәттерден аса сабырлылықпен, байсалдылықпен, тапқырлықпен шығып кететін сәттерін жеріне жеткізе айтқан. Ол үшін ол кісіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, жаны жәннатта болсын. Ендігі айтарымыз жазушы Мамытбекке. Біріншіден, бұл сұхбат Хайдар Арыстанбекұлының тірі кезінде неге жарияланбаған? Түсініксіз. Жарайды, не болса да жарияладыңыз. Бірақ, жазушылық дегеннің өз жөні, тәртібі бар емес пе? Бұл көркем дүние емес, шабыттың соңынан шалқып кете беретін. Сіздер ең қиын кезде рес­публиканы он үш жыл басқарған, Әбіш Кекілбаев сөзімен айтқанда «нағыз кемеңгер басшы» туралы айтқалы отырсыздар. Олай болса, әркімнің аузынан шыққан сөзді баз қалпында қағазға түсіріп, айтылған пікірдің ақ-қарасын анықтамай, оқырманға ұсына салу, өз сөздеріңізбен айтқанда, «өз тұлғаларыңызға көлеңке түсіргендіктеріңізді» білесіздер ме? Жоқ әлде Сіз жасыңызға да, өзіңізге де жараса қоймайтын «пиар» жасағыңыз келді ме? Біздің отыз жылға жуық зерттеп, архивтерден құжаттар жинап, оны өзіміз шығарған үш кітаптың арқауы етіп жүрген еңбегімізді бір сәтте: «Нұрекеңнің жан дүниесін түсінбеген», «көрген адамдармен сөйлеспеген», «мұражай құжаттарын зерттемеген» деп нөлге шығара саласыздар. Сын айту қандай оңай?! Қанша жерден білгір болсаңыздар да «үй артында – кісі бар», – сынның артында адам барын ойландыңыздар ма?! Бірінші айыптауларыңызға жауап: Нұртас атаның соңғы жиырма жылын дәл Сіз бен Хайдар ақсақалдан артық біз білеміз. Мен Нұртас атаның аулының тумасымын. Ол кісі «Арабша – парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерін» Мәскеуде отырып жазып, Қарағандыға қызы Зүбайра Дүйсенқызы-Бөкетованың (академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтың жары) үйіне келіп машинкаға бастыратын. Сөздіктің қазақшасының қатесін қарап, Нұртас атамызға аз да болса көме­гімізді жасайтынбыз. Қазақстан Үкіметін он үш жыл, Гурьев облысын сегіз жыл басқарған Оңдасыновтың айтар әңгімесі көп болатын. Есік алдында қыдырып жүргенде, қонаққа келгенде, Ебіней ағаның дастарханының басында отырғанда өз өмірінен сыр толғап, шежіре шертіп отыратын. Біз соны естіп өстік. Жадымызда сақтадық, үнтаспаға жаздық, ол кісінің өмірі мен қызметінен, қысқасы, хабардар болдық. Оның көбі біз жазған үш кітапқа арқау болды да. Сонда Нұртас Оңдасыновтың жанын өміріңізде көрмеген Сіз түсінесіз бе, әлде бірі Үкімет басшысы, екіншісі анда-санда қызмет бабымен ғана кездесіп тұрған Хайдар ақсақал түсіне ме?! Екіншіге жауап: Нұртас атамен әріптес, қызметтес болғандардың пікірін құрас­тырып «Нұртас Оңдасынов» атты кітап шығарғанымызға жиырма жылға жуықтады. Ол тағы да дүркін-дүркін үш рет басылып, қазір төртінші басылымына әзірлік жасап жатырмыз. Онда Сіздер білетін, мемлекет қайраткерлері Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Ғарай Сағымбаев, Сафи Өтебаев... (бұлар Оңдасыновты ұстазым деп санағандар) Әбдуәли Қайдаров, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбаев, Әбіш Кекілбаевтар өз естеліктерінде Нұртас Оңдасынов­тың қайраткерлігін, кемеңгерлігін аша түседі. Бұған не айтасыздар? Үшіншіге жауап: біз барған архивтың есігін ашқан болсаңыздар бізге мұндай жала жаппаған болар едіңіздер. Өйткені архивтерде өзінің алдында кімдер келгені, кімдер зерттеу жұмысын жүргізгендігін айғақтайтын құжат бар. Мәскеудің Мемлекеттік, Жеке қорлар, Жаңа заман архивінің ортасында жүгіріп бір ай, Ақтау, Атырау архивтерінде бірнеше рет, ал Алматы архивтерінде үнемі болып, құжаттар қарайтынымызды, олардың көбінің біз шығарған үш кітапқа енгенін қайда тығып қоясыздар?! Көзімізді бақырайтып қойып қиянат жасауларыңыз, әдебі жаман бүгінгі күннен үйренген «пиарыңыз» ба?! «...ол мәселе бойынша құрылған комиссия құрамына Бейсебаев, Дауленов, Тәшенов, мен, Морозов, Шереметев еніп, Өзбекстанға ешқандай жер берілмесін деп шешкенбіз. Бірақ өзімбілермен Хрущев бізбен санаспай, үш аудан тағдырын өз бетінше шешті» дейсіздер. Қалай өзі шешеді? Қаулыға қол қойған Хрущев емес, өз адамдарымыз, өз басшыларымыз, көнген, жерді берген Қазақстанның бірінші басшылары! Қазақ ССР Оңтүстік Қазақстан өлкесінің территориясының бір бөлігін Өзбек ССР-нің құрамына беру туралы қаулысын қай қалтаға тығып қоямыз. Құжат архивте тұр, біздің қолымызда көшірмесі бар. Указ 1963 жылғы 1-февральдан бастап күшіне кірсін деп тұрып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі И.Шәріпов, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Секретары үшін Призидиум мүшесі М.Нұғманов қолы қойған. (Алматы, 26-январь 1963 жыл). Тәшенов, Оңдасынов секілді олар неге қарсы тұрмады?! Міне, қаузайтын, айтатын нәрсе осы. Сіздер келесіздер де Оңдасыновтың реті келген жерде ұлт, республика мәселесін қорғай алған қайсарлығын жоққа шығарғыларыңыз келеді. Тағы да қоймай, Нұртас Оңдасыновтың ғалым, академик Қаныш Сәтбаевты сонау Жезқазған даласынан тауып, Мәскеуде кездесіп, СССР ҒА президенті Комаровқа апарғанын айтқанымыз үшін бізді, ал, «Егемен Қазақстан» газетіне «Кемеңгер» деген мақала шығарғаны үшін академик Өмірзақ Айтбаевты және мемлекет және қоғам қайраткері Ғарай Сағымбаевтың атын атамай, тек пікірін келтіріп, бұлар «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп жазған деп ширығып тұрып сынайсыздар. Тоқтап тұрыңыз. Оған қандай дәлелдеріңіз бар? Ал біз сөзіміздің шын екенін дәлелдей алатын «құжатымыз» бар. Ол – Нұртас Оңдасыновтың өзі. Оны айтайын, енді тыңдаңыз! Егер іздей алсаңыз, әрине... интернетте Нұртас Оңдасыновтың үнтаспаға жазылған дауысы жүр. Оны кезінде, қайтыс боларынан бір ай бұрын бізді Мәскеуге шақыртқан кезде өз өтінішімен үнтаспаға жазып алғанбыз. Соны біз тарихшылар үшін, болашақ үшін, Оңдасыновтың қайраткерлігін білгісі келетін жас ұрпақ үшін қажет болар деген оймен сайт ашып, (gulsimo.kz) соған салған болатынбыз. Ютупты ашсаңыз да Нұртас Оңдасыновтың өзі: «Сәтбаевтың бір мақаласын оқып, Мәскеуге шақыртып, кездесіп, әңгімелесіп, ақырында СССР ҒА президенті Комаровқа алып бардым...» деп, Сіздердің бізге айып қылып таққан пікірін жоққа шығарады, қалай болғанын өзі тәтпіштеп айтып береді. Тек құлақ қойып тыңдасаңыз болғаны. Сонда өтірікші Сіздер ме, біздер ме, кім екенін анықтай қоясыз, Мәке! Бұл біздің «шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деген айыптауларыңызға берген жауабымыз. Тағы да бастан ұрып, – «Бұл адам сенбейтін нәрсе. Біріншіден, Нұртас Дәндібайұлы қызмет істеп жүрген кезде үш аудан мәселесі мүлде қозғалған емес» дейді. Менің бір кластасым «шындықтың бұрмаланып жатқанын көрсем орнымда тұрып секіремін» деуші еді. Біздің де секіруімізге себеп жасадыңыздар. Мәке-ау, басқа-басқа, Сіз бұл тарихты білесіз ғой. Өзбектердің, түркімендердің, орыстардың біздің жерге көз тікпеген кезі болды ма?! Ала тақиялылар көз тікпесе, айналасында иін тірескен қалың қазақ отырған Тәшкен өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары олардың қолына қалай өтіп кетті? Қазақ үшін жер жәннаты болған, шөбі шүйгін, малына жайлы, күні шуақты Бостандық ауданынан неге айрылып қалдық? Осылай дәніккен өзбек ағайындар Хрущевтың билік басына келісімен-ақ оның әпербақан, даңғойлығын пайдаланып үш ауданға әуелі «ауыз», сосын қол салмады ма. Бұл бір күнде, бір сәтте бұрқ ете қалған оқиға емес. Оны мен емес тарих деген «ұлы кісі» айтады. Өзбектердің қазақ жеріне көз салып, Мәскеу басшыларын «әкалап, үкәлап» үнемі жағалап жүргендері де шындық қой. Тек оған Қазақстан басшылығы: Шаяхметов, Оңдасыновтар тойтарыс беріп отырған. Бір мысал айтайын: өткен ғасырдың сексенінші жылдар ішінде Нұртас Оңдасынов Қарағандыдағы күйеу баласы, академик Ебіней Бөкетовтің үйіне келді. Ол кісінің жары Зүбайра Дүйсенқызы Нұртас атаның қарындасы, біздің апамыз болады. Содан ол кісі Мәскеуде отырып жазған «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерін» машинкаға бастырып, баспаға әзірлейді. Біз қазақшасының қатесін тексеруге көмектесеміз. Есік алдында кейде қыдырамыз. Нұртас ата өткен кеткеннен әңгіме шерткенді жақсы көреді. Бір күні Хрущев туралы әңгіме қозғалды. «Байғұс, ақылсыз, даңғой адам еді...» деп (Оңдасыновтың бұл пікірі үнтаспада да айтылады) бастады да, бір әңгіменің желісін тарата жөнелді: «...ол кезде Мәскеуге пойызбен барамыз. Бір барғанда он-жиырма күндей болып қаламыз. Өйткені жиналып қалған көп мәселені шешу үшін көп уақыт керек. Бір жолы политбюроның мүшесі ретінде жиналысты Хрущев жүргізіп отырды. Қасында Өзбекстанның бірінші хатшысы. Мен залға кіріп келгенде екеуі сыбырласып сөйлесіп отыр екен. Шынымды айтсам, екеуін де ұнатпаймын. Осылардың көзіне түспей-ақ қояйын деп арт жағына жайғаса беріп едім Хрущев: «Оңдасынов, Оңдасынов жолдас! Орныңыздан тұрыңыз, тұрыңыз!» деді. Тұрдым. «Сіз өзбектерге неге үш ауданды бермейсіз, өзбектер мақтаны жақсы өсіреді» деді. Мен, «ол аудандарды беру, бермеуді мен емес, халық шешеді, мемлекет шешеді... ал, мақтаны біз де жақсы өсіреміз, былтыр жоспарды асыра орындадық» дедім. Бұл жауабым Хрущевке ұнамады, ашуға булығып, біраз бір нәрселерді айтып «отырыңыз!» деді. Бұл біздің Нұртас Оңдасынов­тың өз аузынан естіген әңгімеміз. Ал бұны өтірік десеңіз, күні бойы кемеңгер еді, тапқыр еді, адал еді деп отырған Оңдасыновыңыздың өзі өтірікші. Бұл жерде мен Нұртас Оңдасынов аузынан естігенімді қағазға түсіруші ғанамын. Бірақ, ең бастысы Оңдасыновпен қызметтес, әріптес болған адамдармен көп кездесіп, әңгімесін тыңдаған адам ретінде Оңдасынов «өтірік айтты-ау» деген пікірді айтпақ түгілі ойыма да келмейді. Біз шығарған «Нұртас Оңдасынов» атты естеліктер жинағын оқысаңыз бізге жапқан жалаларыңыз үшін ұялып қаларыңыз хақ. Бастысы егер ол кітапты оқыған болсаңыздар бізді осыншама орынсыз сынап, мінемеген де болар едіңіздер. Мынау да қызық! «Айталық, Ө.Айтбайұлы Хрущевке қарсы сөз айтқызу арқылы Нұртас Дәндібайұлы алды-артын ойламайтын, кіммен сөйлесіп тұрғанын таразылай білмейтінін, кеудемсоқ, оспадар етіп көрсеткен. Бұл халқымыздың ар-намысы алдында кешірілмес үлкен күнә» деп, тіптен қатты кетесіздер. Бұл не? Сол үш аудан үшін Хрущевқа қарсы сөз айтқан мемлекет қайраткері Жұмабай Тәшенов қаһарман, батыр атанады да, ал, Оңдасынов айтса оспадар, кеудемсоқтық бола ма? Қызық екен! Қайта ұлты үшін, мемлекеттің болашағы үшін қорықпай, батыл сөз айта білген Тәшенов, Оңдасынов сынды азаматтардың қазақта болғанына мақтанбаймыз ба. Тіптен, қазіргі жастарға үлгі болатын мінез, әрекет емес пе! Алдымда ақ қазаз, қолымда қалам бар екен деп, оңды-солды шатпақтап, «атым шықпаса жер өртеймін» деген «оспадарлық­та­рыңыз­дан» өздеріңізді өздеріңіз абы­ройсыз етіп отырған жоқсыздар ма?! Енді мықтанған Мәкең – Мамытбек Қалдыбай мырза өз өтірігіне не айтар екен? Жауабын күтеміз. Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, оңдасыновтанушы, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты qazaquni.kz