ҚАЗАҚ  ТІЛІ  мен ӘДЕБИЕТІН ҚАЙДА ЖЕРЛЕЙСІЗДЕР, ЗАҒИПА ХАНЫМ?

ҚАЗАҚ  ТІЛІ  ЖАНЫ  мен  ҚАНЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫ НЕ ІСТЕМЕК ОЙЛАРЫҢЫЗ БАР?

   

     "Қазақстанның болашағы - Қазақ тілінде"     

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Біздің  Қазақ Елінде  ұлттық мүддеге байланыстының бәрін жоюдан жарыс жүріп жатқан сияқты.  Министрлерімізден бастап, әкімдер, депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі   қазақ тілінде сөйлеуді қажет деп таппайды.  Құл ғана қожайын тілінде сөйлеуге құмар болатыны сияқты, олар Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеуді мәртебе, Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеуді  кемшілік көреді... Ең бейшара мемлекетте ғана  осындай масқаралық  кәдімгі қалыпты жағдайға айналады...   Бізде аукцион не кастинг арқылы таңдап алғандай,  ұлттық мүддені аттап-таптап өтуден  алдыңғы қатарды бермейтіндер министр, депутат  болатын сияқты. Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиевтің  балабақша мен бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуды енгізуде атын да, атасын да ұмытып қалып, жанталасып жатқанына қарап соны ойлайды екенсің... Әлемде ең алдыңғы қатардағы халық  жапондар 13 жасқа дейін өз тілінде ғана оқитынын  айтудан жалықпай келеміз,  ал  тасқамал һәм таскерең  министрлігіміз оны естійтін емес...  

«БҰХАРАДА  бір ӘПКЕМ БАР, БҰДАН ДА ӨТКЕН СОРАҚЫ!»       деген мақал тура біздің  атқамінерлерге  арналған секілді...

Енді , міне, есі бар депутат қой деп жүрген Зағипа Балиевамыз «Қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқытайық» деп  айды аспанға бір-ақ шығарды.  Бұндай  министрлері мен депутаттарын  (бірақ бізден басқа өзін сыйлайтын еш елде мұндайлар болмайды) есекке теріс қаратып мінгізіп, ел аралатып жазалайтын өзбектерде «Бұқарада бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» деген мақал тура біздің  Қазақстанның атқамінерлеріне арналған секілді... Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында:  «Бала пәнді ана тілінде әрең түсініп, 12%-ға ғана меңгерсе, онда ол ағылшын тілінде қалай оқиды? Онда оның пәнді игеру көрсеткіші бұдан да төмен деген сөз. Мүмкін, балалармен әңгімелесіп, қандай пәнді ағылшын тілінде оқыту керектігін өздерінен сұрау керек шығар. Бала ағылшынша сөйлеп, мағынасын түсініп үйренуі керек. Мүмкін, әдебиет немесе қазақ әдебиетін ағылшын тілінде берсек? Бәлкім, сол кезде оқушы оны түсініп, сол тілде сөйлейтін болады" -деді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.   Зағипа Балиеваның   балалар ағылшын тілінде техникалық пәндерді түсінбейді, сондықтан қазақ әдебиетін ағылшынша өткізсек, сол кезде оқушы оны түсініп, сол тілде сөйлейтін болады дегені - жолды жөндеу үшін көпірді бұзатын немесе, керісінше істейтіндердің  кертартпа тірлігі  сияқты... Сонда техникалық пәндерге жаны ашып, жанкүйер болып отырған депутатымыз , оның орнына Қазақтың  тілі мен әдебиетін құрбандыққа шалып отырғанын түйсіне ме екен?..   Бұл бала құқықтарын қорғау емес...  сол балалардың ұлты - Қазақтың  құқын, рухын қорлау болып табылады, Зағипа ханым!  Сондықтан да әлеуметтік желідегі елдің   "шұғыл емделуі керек" деген  аяусыз  сынына ұшырап жатқаныңыз!.. Мысалы, қазақ депутаты неге мемлекеттік тілдегі Қазақ әдебиетін құрбандыққа шалмақ?!. Неге екеуі де шет тілі болып табылатындықтан еліміз үшін құны бірдей Орыс тілі мен әдебиетін Ағылшынша берсек демейді? Өйткені, өз тіліндегі әдебиет емес, өзге тілдегі әдебиет - Ресей тілі мен әдебиеті қымбат болып тұр ол үшін. Ал мұндай пиғылдағы, мемлекеттік тілдегі әдебиетті жоюға құмар құлдық санадағы депутат мемлекетке не үшін керек? Павлодарда Руза Бейсенбайтегі өмірін қатерге тігіп, қазақ тілі үшін трамвай тоқтатады. Ал Парламентте отырған Зағипа Балиева қазақ тілін жоғары билік орнында қорғаудың орнына Қазақ тілін қатерге тігіп, Қазақ әдебиетін жоймақшы! Сонда бұл екі қазақ қызының қайсысы Қазаққа пайдалы? Мүмкін екеуінің орындарын ауыстыру керек шығар!.. Зағипа ханымға айтарымыз, сонда  "Қазақ  әдебиеті " пәні шетел тілінде болса, Қазақ  тілі   қайда қалады?  Қазтуған, Абай, Жамбыл, Махамбет, Мағжан, Әуезов  жазған   Қазақ тіліндегі  Қазақ  әдебиетін қайда жерлейін деп жатырсыздар?  Қазақ әдебиеті  ағылшын тілінде оқылатын болса,  Қазақ тілі  кімге  керек болады? Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлейтін сіздердің Қазақ Елінің мемлекеттік тілін керек етпейтіндеріңіз бұрыннан белгілі ғой,  ал ҚАЗАҚ  ТІЛІ - ЖАНЫ  мен  ҚАНЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫ НЕ ІСТЕМЕК ОЙЛАРЫҢЫЗ БАР? Сіздің бұл күз келіп,  құс қайтқанда  еш ойланбай айта  салған  сөзіңіз, әшейінде өздеріңіз  бісммілладан бұрын айтып жүретін  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың   «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламасына  тікелей қарсылық емес пе?  Елбасымыз елдің, тілдің  болашағын ойлап, әлемнің  100  үздік әдебиетін  Қазақ тіліне аударып,  оқыту керек дейді. Ал сіз  керісінше, сау адамның аузынан шықпайтын және  Сағадиевтен басқа сау адамның  миына  кірмейтін сөзді айтып,  «ҚАЗАҚ  ӘДЕБИЕТІН АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ОҚЫТАЙЫҚ» дейсіз...  Жоғарыдағылардың   аузын аңдып отырып, қазаққа ұнамаса да, өзіне ұнағанын қағып алып, ертеңіне-ақ  іске асыра бастайтын,  біздің балаларымыз бен елдің бүкіл білім саласын  сынақ алаңына айналдырған  Білім министрі Ерлан Сағадиевті енді кім тоқтата алады ертең?..Сонда  Елбасымыздың  "Қазақстанның болашағы - Қазақ тілінде"  -деген қанатты сөзін  қалай түсінесіздер? «Қазақ тілі бар да - Қазақ бар! Қазақ тілі жоқ болса - Қазақ  жоқ!   Бұдан басқа формула жоқ!» деген,  вице-премьер кезінде еліміздегі барлық балабақшаларды  мемлекеттік  тілге өткізуді  ұсынған  руханиятшыл, рухы биік қайраткеріміз  Иманғали  Тасмағамбеттің   сөзі елдің аузында жүр.  Ондай, ұлттық мүддені қорғаған  ұранды  сөздерді   түсінбейтіндеріңізге, ұқпайтындарыңызға  елдің  көзі жетті!  ЕндіІ, сіздерге, министр, әкім және депутат мырзалар,  ҚАЗАҚ  ТІЛІНЕН  БАСҚА  ҚАЙ ТІЛГЕ АУДАРЫП  БЕРЕЙІК?  Ресейдің мемлекеттік  тіліне ме, жоқ, ағылшын тіліне ме?   Қазыбек ИСА  «Қазақ үні» газеті,  Qazaquni.kz