Дінтанушы "Асыл арна" өнімдеріне қатысты шындықты айтты

Картинки по запросу асыл арна тазабеков

Қазіргі кезде қоғамда дін мәселесі жиі талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде бір-бірін «сәләфит» немесе «жат ағым өкілі», — деп айыптаушылардың саны көбейген. Осы пікірталастарға байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚМДБ-ға сұрақ жолдаған екен. Қоғамда қызу талқыға түскен сұрақтарға ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы жауап берді.

Қазіргі кезде әлеуметтік желіде «сәләфилерге» қатысты пікір ала-құла. Түрлі әңгімелер айтылуда. Кейбіреулер балағы қысқа, қауға сақалдылардың, тіпті орамал таққандардың бәрін «сәләф» деп атап жатыр. «Әруаққа сыйынбаймын» даушілерді де ата діннен адасқандар тарапына шығарып жатқандар да жоқ емес. Осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып берсеңіз. Жалпы «сәләфиттер» деген кімдер? Олардың дәстүрлі дін өкілдерінен қандай айырмашылығы бар?       

Сәләфизм – араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шыққан. «Бұрынғылар», «әуелгілер», «өткендер» деген мағыналарды білдіреді. Исламдық танымда «сәләф-солих» термині әзіреті Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастап өмір сүрген алғашқы үш буын – сахабалар, табиғиндер және атбаға-табиғиндерге берілген атау. Сәләф-солихиннің жолын жалғастырушы әһли-сунна уәл-жамағат, яғни фиқһта ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзһабтары, ақидада матуриди мен әшғари сенім мектебінің  өкілдері болып есептеледі.

Ал бүгінгі таңдағы «сәләфилік» ілімінің теориялық негізін салған ғалым – Ибн Тәймия (1263-1328). Ибн Тәймияның ұстанымдарын Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792) басшылыққа алып, нәтижесінде «сәләфилік» діни-саяси қозғалыс пайда болды.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб негізін қалаған ағым өкілдері «сәләф» ұғымын өз мақсаттарына пайдаланды. Аталмыш ағым өкілдері өздерін «ақиқат жолындамыз, сəлəф-салихтер ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, қарапайым мұсылмандарды сендірмек болды.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шубуһат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы), «Науақидул-Ислам» (Діннен шығаратын дүниелер) атты еңбектерде сәләфилік көзқарастарын баяндап, әһли-сунна уәл-жамағат сеніміне қайшы ұстанымдарын насихаттады. Осының негізінде мұсылман үмбетінің арасында қазіргі таңға дейін ұласып жатқан қантөгіске апарып соқтырған алауыздық туындады.

Сонда «сәләфилік» ағымның басты қателіктері қайсы? Тарқатып айтып берсеңіз.

Сәләфилік ағымының басты қателіктері мен адасушылығы мыналар: біріншіден,құлшылық етпеген мұсылманды кәпір санайды. Екіншіден, таухидті үшке бөлу арқылы мұсылмандарды сенім тұрғысынан адасушылықпен айыптайды. Алайда, ешбір ғалым және төрт мәзһабтың сенімінде де бұлай үшке бөліп түсіндірмеген. Үшіншіден, әһлу сүннет жолын ұстанушы матуруди және әшғари сенім мектеп өкілдерін адасушылықпен айыптайды.

Ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандар матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны белгілі. Демек олардың сенімі бойынша кімде-кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, яғни әһлу сүннетке жатпайды. Бұл – өрескел қателік.

Төртіншіден, әулиелерді зиярат етуге қарсы шығады. Әулиелердің кесенелеріне барып зиярат жасағанды, дұға еткен адамды мүшрик, кәпір болады деп санайды. Сол себепті кесене салу, әруақтардың рухына садақа атауды ширк деп есептейді. Мешіттерге садақа беруге тыйым салады. Бесіншіден, мәуліт мерекесін атап өтуді бидғат санайды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған күнін мұсылмандардың надандары мен адасқандары ғана тойлайды, ондай әрекетті яһудилерге ұқсау деп есептейді.

Алтыншы, буквализмді ұстанады. Құран мен сүннеттегі Алла Тағаланың сипаттарын тікелей мағынада түсініп, жаратылысқа ұқсатады әрі құлшылыққа қатысты аят-хадистерді тікелей (заһири) мағынасында түсініп, амал етеді. Ал, әһли сүннет ғалымдары қажет жағдайда аяттарды тікелей мағынасымен емес, астарлы (мәжази) мағынасында қабылдаған.

Жетінші, сопылық жолды мансұқтайды. Дұрыс сопылық жолды ұстанушыларды да адасқандар деп айыптайды. Сегізінші, бидғат түсінігін орынсыз қолданады.

Бидғат ұғымын орынсыз қолданып, ғибадатқа еш қатысы жоқ кейбір іс-әрекеттерді де бидғат санайды. Осы арқылы мұсылмандарды адасушылықпен айыптайды. Тоғызыншы, мәзһаб ұстануды бидғат санайды. Фиқһи мəзһабтарға еріп, олардың жолын ұстануды жоққа шығарады.

Оныншы, жергілікті халықтың салт-дәстүрін,  мәдениетін қабыл етпейді. Он бірінші, зайырлы мемлекетті, конституцияны, мемлекеттік рәміздерді мойындамайды, әскери антты қабыл етпейді.

«Сәләфизм» ағымы өз арасында бірнеше тармақтарға бөлінеді. Негізгі діни ұстанымдары ортақ болғандықтан барлығы да еліміздің бірлігі мен діни тұрақтылығына қауіпті. Қазіргі таңдағы өздерін «сәләфиміз» деп атап жүрген адасушы ағым мен бұрыңғы өткен «салафус-салихин» арасында ешқандай байланыс жоқ деп нақты айта аламыз.

Сәләфилер әлемде және елімізде орын алған лаңкестік әрекеттерге себепкер болды. Мұндай лаңкестік әрекеттер асыл дінімізге деген теріс көзқарас тудыруда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын сәләфилік ағым мүшелерінің теріс уағыздарына ермеуге шақырады.

Сопылық деп қалдыңыз, бұл мәселеге қатысты оқырмандардың да ойы екіге жарылған жағдайы бар. Бірі сопылықты қазақтың байырғы діні деп атаса, екіншісі, бұл пікірмен келіспейді. ҚМДБ «сопылық» бағыт туралы не айтады?

Сопылық деген атау кейіннен шыққанымен, шариғат дереккөздерінде әу бастан бар. Сопылық – Алланың рақымына жақындауды үйрететін, адамның ішкі жан-дүниесін күнәһарлықтан тазартып, барлық артықшылықтарды бойға сіңіруді үйрететін рухани ілім. Сопылық жол – пенденің Аллаға жету жолындағы бағытын немесе жүйесін үйретеді. Аллаға жету – Оны тану, Оған деген шынайы махаббат. Бұл – құлшылықта ықыласты болу, тыйым салынған нәрселерден аулақ болу, нәпсіні, жүректі жаман мінездер мен әдеттерден арылтып, көркем мінезбен кемелдендіру деген сөз. Сол үшін сопылық – жүректі күнәдан, нәпсіқұмарлықтан тазалап, көркем мінезді қалыптастыру ілімі деп аталады.

Қазіргі таңда көптеген адамдардың сопылық жолды ұстанып, үлкен қателіктерге жол беріп жатқаны ақида және фиқһ ілімін үйренбегендіктен туындап отыр. Ақиданы, шариғатты білмей тұрып сопылықты ұстану бұрмалаушылыққа әкеліп соқтырады.

ҚМДБ ұстаздарының танымал өкілдерінің бірі Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Смановты «сәләфит» деп пікір білдірушілер бар. Фейсбук әлеуметтік желісінде «ҚМДБ-да сәләфиттер не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылып қалады. Бұл туралы не айта аласыз?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратына немесе оның аймақтағы өкілдіктеріне қабылданатын азаматтар алдын-ала мүфтияттың сараптау комиссиясынан міндетті түрде өтеді. ҚМДБ ғалымдары болашақ имам-молдаларды жан-жақты сынақтан өткізеді. Сенімі мен ұстанымын айқындайтын сауалдар қойылады. Сондықтан, мүфтият ғалымдары болашақ дін қызметкерінің білімі мен сеніміне, тәжірибесі мен мұсылмандық сипатына аса мән береді.

Сіздің сауалыңызға оралсақ, Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» еместігін жеткіземіз. ҚМДБ-ның ресми қызметкерлерін «сәләфит» деп атау – дұрыс емес. Бұл – жамағат арасында түсінбеушілік, тіпті бүлік тудыратын ауыр сөз. Ондай бүлікке жол бермеуіміз керек.

Ал сіз мысал етіп отырған пікір жауапкершілікті сезінбей айта салынған әңгіме деп есептеймін. Мұны мүфтиятқа жабылған жала деп айтуға болады. ҚМДБ – еліміздегі жалғыз исламдық бағыттағы діни бірлестік, күллі мұсылман жамағатының қарашаңырағы. Ресми діни бірлестікте дәстүрлі дінімізді ұстанған қызметкерлер жұмыс істейтінін айта кеткім келеді.

Халық арасында «Асыл арна» телеарнасына, оның ұжымы мен басшылығына қатысты әртүрлі әңгіменің айтылып жүргені рас. Бұл мәселеде сіздердің пікірлеріңіз қандай? ҚМДБ «Асыл арнаның» діни мазмұндағы телеөнімдерін қадағалай ма?

ҚМДБ мен «Асыл арна» телеарнасы арасында арнайы өзара ықпалдастық меморандумының қабылданғанын айтып кеткен жөн. Біздің маманымыз, білікті имам Нұржан Таласұлы «Асыл арнада» шариғи редактор ретінде жұмыс істейді. Оның миссиясы – эфирге шығатын телебағдарламаларды арнайы шариғи сараптаудан өткізу. ҚМДБ-ның «Асыл арнадағы» өкілі телеөнімдерді қадағалап, тиісті нұсқаулықтар беріп отырады. Сонымен қатар, телеарнада «Матуриди мектебі» деп аталатын арнайы тележоба эфирден көрсетіліп келеді. Мақсат – дәстүрлі сенім мектебімізді, дәстүрлі мәзһабымызды «Асыл арна» арқылы халыққа насихаттау. Бұл бағытта ортақ жобаларымыз бен қызметіміз жалғасын таба береді деп есептейміз.

Әсел Болатқызы