ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ЛОНДОНДАҒЫ ФЕСТИВАЛІ

ӨЗ МЕРЕЙТОЙЫН ҰЛЫБРИТАНИЯ АСТАНАСЫНДА ӨТКІЗГЕН ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ЛОРДТАР ПАЛАТАСЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Ұлыбритания астанасы Лондонда «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Дулат Исабековтің шығармашылығына негізделген фестиваль өтті. Фестивальге Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры «Жаужүрек» спектаклімен, Республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия театры «Актриса» спектаклімен қатысса, ағылшындықтар «Аққу-Жібек» атты жаңа қойылымын ұсынды. Бір аптаға созылған фестивальдің шымылдығы ҚР Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов мырза мен британ-қазақ қоғамының төрағасы Руперт Гудманның құттықтау сөздерімен ашылды. Елші өз сөзінде қазақ-ағылшын жұртының халықаралық байланысын саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, әдебиет пен өнердің өзара алмасуы тұрғысынан да қарауымыз керектігін айта кеп «Ең басты Елші мен емес, басты елші – біздің музейлеріміз, актерлеріміз, біздің спортшыларымыз, халқымыздың өнері мен мәдениеті» екендігін атап өтті.

Фестивальдің ресми ашылуынан соң Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымы көрерменге «Жаужүрек» қойылымын ұсынды. Спектакль STOCKWELL PLAYHOUSE атты шағын ғана театр ғима­ратында көрсетілді. Ғимарат­тың шағын сахнасын көргенде кең-байтақ даланың ат шаптырым жерді алатындай сахнасына үйренген академиялық театр ұжымының да, біздің де көзімізге қораш көрінгені рас. Бірақ сан ғасырлық тарихы бар ескі қаланың көшелерінен бастап қонақ үй бөлмелеріне шейін тарылтып тастаған өлшеулі жерлеріне қарап кең ғимаратты аңсаудың өзі ұят. Орталық Азия елдеріне тән репертуарлық театр деген ұғымның бұл жақта жоқтығын ескерсек, «HER MAJESTRY’S THEATRE», «Ковен Гарден», «Лицеум» сияқты атақты театр ғимараттары тек қана «Арыстан патша», «Опера елесі», «Алладин» сияқты кең ауқымды коммерциялық бағыттағы мюзиклдарын ғана қоюға арналған. Ал өзге ғимараттардың көпшілігі шағын сахналармен шектеледі екен. Тіпті Шекспирдің атақты «Глобус» театры сахнасының өзі шағын, ықшам туындыларды қоюға арналған. Кең сахнаға лайықталып қо­йылған «Жаужүрек» спектаклін театр ұжымы өздеріне бұйырған сахнаның бар мүмкіндігін пайдаланып, үлкен форматта көрсетуге тырысты. Сахнаның тарлығы қоюшы-режиссер Есмұхан Обаевқа спектакльдің о бастағы нұсқасын өзгертіп, ықшамдалып, минимализммен қойылуын талап етсе, екінші жағынан алғанда актелердің таза өнерлерін көрсетуге мол мүмкіндік туғызды. Спектакльдің мазмұны мен көтер­ген идеясы жайында британдық (ұлты грузин) режиссер Давид Папава: «Жаужүрек» пьесасымен спектакльге шейін танысып шықтым. Тақырыбы өте өзекті. Қазақстанның тарихымен таныс болмасам да, бұрынғы Ресей империясының құрамында болған Грузия елінің өкілі ретінде бұл мәселені жақсы түсінем. Бұратана елдің мәдениеті мен тілін құрметтемеу, ұрпағын оқытпау, барлық нәрседен шектеу сияқты қысымдар Испанияны алсақ та, Англияны алсақ та кез-келген империялық мемлекеттерге тән жағдай. Сондықтан да әрбір ұлттың санасының уақытында оянып, өзінің өткеніне бір сәт үңілгені абзал. Ал сананы оятатын – үлкен әдебиет. Әдебиеттің арқасында ғана әрбір ұлт мәселенің себеп-салдарын түсінеді, сонан кейін барып өзінің мәдениеті мен тілі жайлы ойланып, әлемдегі өзіндік орнын (идентичность) іздей бастайды. Кез келген алып империямен шектесіп жатқан ел тілі мен мәдениетінің жұтылып кету қаупін әрқашан да есте ұстағаны жөн. Осы жағынан алғанда бұл пьесаның тақырыбы бүгін де өзекті деп айтар едім», – дейді. Фестивальдің екінші күні Ұлы­­британияның Лордтар пала­та­сындағы кешкі шығармашылық кездесумен ұласты. Кешке Д.Исабеков пен театрдың санаулы ар­тис­­терінен бөлек Лорд Уриглесорс, Лорд Иванс, Роберт Самуэлус пен ағылшынның өзге де әдебиетші, сыншылары қатысты. Лордтың ресми құттықтау сөзінен кейін Дулат Исабеков сөз алды. Жазушының осынау қысқа лебізінде ерекше есте қалған бір сәт – ол әлемдегі бейбітшілік пен әділдікті, тазалық пен тыныштықты сақтау үшін әлемде орын алып жатқан саяси қақтығыстар мен мемлекетаралық дау-дамайды ортақ талқыға салып отыратын, әлемнің белді жазушыларының басын қосатын «Әлем жазушыла­рының ассоциациасын» құру туралы ұсыныс айтқан еді. Лорд Уриглесорс Дулат Исабековтің бұл пікіріне жауап ретінде, бұған дейін де дәл осы мәселені түріктің белігілі жазушысы, халықаралық Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук пен қырғыз жазушысы Ш.Айматовтың да айтқандығына тоқталып, үшінші рет көтеріліп отырған «Әлем жазушыларының ассоциациясын» құру жөнінде ойлану керектігіне тоқталды. Фестивальдің үшінші күні республикалық академиялық Кәріс музыкалық комедия театрының ұсынған «Актриса» спектаклімен жалғасты. Іс-шара аясындағы ерекше оқиға – «Аққу-Жібек» спектаклінің премьерасы болды. «Pajarito» театры ұсынған спектакльдің қоюшы-режиссерлері – Хосе Гандиа мен Алесия Маньковская. Қазақ аңызының негізінде балаларға арнап жазылған бұл пьеса бұған дейін тек республикалық Қуыршақ театрларының ғана сахнасында қойылған болатын. Спектакльдегі актерлердің ойындарындағы кейбір кемші­ліктер мен олқылықтарға қарамастан қазақ шығармасының Шекспир елінде сахналануының өзін үлкен бастамалардың басы деп қарағанымыз жөн болар.

«Аққу-Жібек» спектаклінің алғашқы күнінде қазақ көрермені басым болса, қалған екі күнінде Лордтар палатасының өкілдері мен ағылшындық көрерменге ұсынылды. Бір аптаға жоспарланған фестивальдің әрбір күні кездесулер мен бас қосулардан тұрды. Д.Исабеков Британ ұлттық кітапха­насына соғып, кітапхананың алтын қорында сақталып тұрған «Гауһар тас және өзге де әңгімелері», «Біз соғысты көрген жоқпыз...» деген кітаптарын көріп, іштей қуанып та, мұңайып та шықты. «Британ ұлттық кітапхана қорына кітабымның қазақ жазушыларының ішіндегі алғашқысы боп сақталғаны қуанышты шығар, екінші жағынан алғанда адамның көңіліне мұң ұялатады. Неге біз осы уақытқа шейін әрекет жасамағанбыз? Абай қайда? М.Әуезов қайда? Қалған біздің жазушыларымыз қайда? Біз осыған мән бермеген екенбіз. Басқа елдер баяғыда мән берген. Бізде жаман бір қағида бар «жақсы нәрсе болса, өздері кеп тауып алады» деген. Ешкім де кеп тауып алмайды. Ағылшынның баспасы кеп «Қазақта кім бар?» деп қазақ жазушысын іздеуші ме еді? Немесе қазақта қандай ғалым бар? деп. Көрсету керек. Мемлекет тарапынан әрекет жасау керек», – деп жазушы өкініш білдірді. Д.Исабековтің осы айтқан пікірі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биыл ғана жариялаған «Ұлттық жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында көтерілген мәселе­лермен сәйкес келіп жатқандай. Фестивальдің соңғы күнінде Д.Исабеков пен ағылшын әдебиет сыншыларының, баспасөз өкіл­дерінің, оқырмандардың дөңгелек үстелде бас қосып, сұхбат­та­суымен жалғасты. Дөңгелек үстелдің модераторы әрі аудармашысы ретінде Лондондағы «Айтматов академиясының» директоры Рахима Абдувалиева жүргізіп отырды. Алғашқы сұрақты психолог Сара Коплей қойды. С.Коплей: – «Аққу-Жібек» спектаклі көңіліңізден шықты ма? Көңіліңізден шықса, қай жағымен ерекшелене білді? Д.Исабеков: – Спектакль сахналық безендірілуімен ерекше. Кей тұстарда актерлік шебер­ліктерімен өзгелешеніп жатты. Әсіресе, Жібек пен Төлегеннің бейнелері ұнады. Режиссер пьеса мәтінін өзінше сахналап шыққан. С.Коплей: – Спектакльдің бұдан жоғары деңгейде қойылуы үшін қандай пікір айтар едіңіз? Д.Исабеков: – Үлкен есеппен алғанда ешқандай спектакль автордың көңілінен ешқашан шыққан емес. Осыған шейін көптеген пьесаларым бірнеше мәрте сахналанған. Сондықтан да мен мұндайға үйренген адаммын. «Әпке» атты пьесамның өзі 2500 рет көрсетіліп, басқа да сахналарда қойылып жатты. Әр спектакль бір-біріне ұқсамайды, мұндағы қойылым да солай. Спектакльдің көркемдік жағын айтар болсам, Жібектің аққу бейнесінде қанатын жайған күйі жоғарыдан көрінетін сахнасы сиқырлы бір әлемдей әсер етті. Тіпті, өлген Төлегеннің қайта тіріліп аққуға айналатын сахнасының өзі нанымды шықты дер едім. Режиссер Станиславскийдің «Театр – киім ілгіштен басталады» деген атақты сөзі бар. Ал мен өз мақалаларымда ылғи да «Театр – драматургтің жазу столынан басталады» деп жазып жүрмін. Драматург қолына қалам алғанда өзінің ішкі режиссурасымен көріп отырып жазады. Сондықтан да пьеса өзгенің көзқарасы арқылы сахнаға жол тартқанда, бір-бірімен келіспейтін қарама-қайшылықтар пайда болады. Менің ішкі режиссурам мен режиссердің ішкі режиссурасы арасындағы көзқарас келіспеушіліктердің шығып жататыны содан. «Аққу-Жібек» пьесасы екі күннің ішінде жазылып шықты. Пьесаны жазып отырғанымда оның бір кездері Англияда қойылады деп ойламаппын. Менің ойымша, дәл солай болуы да керек сияқты. Мысалы, П.Мериме «Кармен» әңгімесін үш күнде жазған екен. Жазушы композитор Ж.Бизенің арқасында әңгімесінің жер жүзін шарлап кетеді деп ойлаған да жоқ. Бірақ ол солай болды. Драматург жазып отырғанда шығармасының қайда, қашан қойылатыны жайында ойланбайды да. Пьесаның оқылатын және сахнаға қойылатын түрі болады. Ал «Аққу-Жібек» пьесасының Лондонда қойылу фактісінің өзі мені ғана емес, бүкіл қазақ елін қуантады. Дәл қазіргі уақытта қазақстандықтардың барлығының назары консерваторлардың сьезіне емес, Лондондағы Д.Исабековтің фестиваліне ауып отыр. Наяника Мантани: – Әлем қазіргі таңда сіз сияқты тамаша пьеса­ларымен адамзаттың басын біріктіретін, достастыратын дра­матург­терге мұқтаж. Сіз проза мен драма­тургия жанрын қатар алып жүр­ген қаламгерсіз. Жазуға отыр­ғанда идея сізге қай жанрда келеді? Д.Исабеков: – Идеяның өзі жанрын тауып келеді. Кез-келген сюжет өзі сұранып тұрады. Мені прозалық жанрдағы шығармаларымнан гөрі драмалық жанрдағы туындыларым көбірек қызықтырады. Жон Амор: – Лондонда қазақ өнерінің фестивалін өткізіп жатқандарыңызға қуаныштымын. Лондон өте толерантты қала. Лондон қанша берсең сонша ала беретін, сіңіре беретін қала. Сіздің шығармаларыңыз ағылшын тіліне аударылып, осы қалада үшінші мәрте фестиваль өткізіп отырсыз. Осы уақытқа шейін атқарылған жұмыстарға көңіліңіз тола ма? Д.Исабеков: – Бақыт дегеніміз не? Бақытты адам кім дегенде, өзін бақытсызбын деп сезінбейтін адамды айтар едім. Сенің жазған шығармаларыңды өзге ел оқып, өзге ел қойып жатса, онда ол мақтаныш болмаса да қуаныш сыйлайтыны айқын. Жазуға отырғанда шығармам басқа тілге аударылады екен деп ойламайсың. Жазушы ең алдымен өзі үшін жазады. Оны қоғамда, айналасында не болып жатқандығы ойландырып, толғандырады. Осының өзі адамның қолына қалам ұстатады. Ол мейлі тарихи тақырып болсын, бүгінгі өмір жайлы болсын. Бұл дегеніміз, жазушының мойнына үлкен жауапкершілікті арттырып, өзіңе көбірек сын көзбен қарау керектігін талап етеді. Менің шығармашылығымның аясында осы кезге шейін өткізілген фес­тивальдердің алғашқысы кездейсоқ болғандай әсер қалдырды... Дөңгелек үстелдегі сұхбат-жауаптың қорытынды сөзін жазушы былай аяқтады: «Тәуелсіздіктің арқасында біз осы жерде, осы сахнада отырмыз. Егер де біз әлі күнге шейін Кеңестер Одағының құрамында болғанымызда олар мені мұнда жібермес еді. Менің орныма олар орыс драматургын отырғызар еді. «Қазақстанда ешқандай да драматургия жоқ, пьеса да жоқ, таза әдебиеті де жоқ» дер еді. Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Осы уақытқа шейін біз нені түсіндік? Ешқандай да жас ұлт деген жоқ. Біз о бастағы жаратылысымызды Адам ата мен Хауа анадан аламыз. Африкандық болсын, сириялық болсын, қазақ боласың ба, қырғыз, ағылшын, француз боласың ба, бәріміз де – бір адамнан, Адамнан тарағанбыз. Адам деген сөздің өзі қазақ тілінде ғана «Адам» деп сақталып, аталып келеді. Егер де кез-келген адамға жоғарыдан қарай беретін болсаң, онда ол адаммен ешқашан достаспас едік. Сол сияқты кез келген ұлттың жақсы жағын көре білуіміз керек. Ешбір мәдениетсіз ұлт болмайды. Тіпті, хайуан екеш хайуанның өз мәдениеті бар. Ат маймылдан, маймыл қарғадан, қарға бұлбұлдан ерекшеленеді емес пе. Әркімнің өз өмірі бар. Әрбір ұлттың өмір сүру тақілеті де, менталитеті де өз алдына. Ешбір ұлтты өзімізге ұқсамағаны үшін жазғыруға болмайды. Бұл дегеніміз ішкі қарсылықты оятады. Лондонға келген сайын достық қарым-қатынасты сезіне түсем.Ағылшындардың «Қазақстан дегеніміз қандай мемлекет? Қырғызстан дегеніміз қандай ұлт? Айматов кім? Әуезов дегеніміз кім? Абай дегеніміз кім? Олар адамзаттың ақыл-ойына қандай үлес қосты? Неден үйреніп, неден жиренуіміз керек?» деген сияқты сұрақтардың айналасындағы «білсем» деген ынталарын байқай түсем. Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналып, қызығушылық танытып жатқандарыңыз үшін баршаңызға үлкен алғыс айтам», – деді. Әлемдік сан-алуан мәдениет­тердің басы тоғысып, алмасып жатқан Лондон қаласына сапарымыз ерекше бір рухани серпілістер мен көңілге түрлі ой салған сәттерге, кездесулерге толы болды. Қазақ елінің атынан өнер көрсетуге барған театр ұжымдарының аристері мен өзге делегация өкілдері Лондон қаласының тарихи мұражайлары мен атақты театрларында жүріп жатқан «Арыстан патша», «Лир патша», «Опера елесі», «Алладин» сынды қойылымдарын да көріп, үлкен өнер мектептерінің шеберліктерін байқап қайтты. Сондықтан да «Рухани жаңғырудың» өзі ұлттық кодыңды жоғалтпай, жаһандық мәдениеттер тоғысында өзіндік үніңмен ғана үн қосып, ерекшелене алатындығымызды дәлелдей түскендей.

ӘЛЕМ ЖАЗУШЫЛАРЫ АССОЦИАЦИЯСЫН ҚҰРАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ Дулат Исабековтің Ұлыбританияның Лордтар палатасында сөйлеген сөзі

– Құрметті милорд! Ханымдар мен мырзалар! Қадірлі қонақтар! Сіздердің менің шығармашы­лығыма шынайы қызығушылық танытуларыңыз және бүгінгі Ұлыбри­танияның Лордтар палата­сының тамаша залындағы кешке Өзіңіздің келуіңіз жан тебірентті. Бұл – ағылшын оқыр­маны, көрерменімен менің бірін­ші кездесуім емес. Бұған дейін мұнда ағылшын тіліне Катрин Юделсонның аударуымен Лондондағы Айтматов Академиясы баспасынан шыққан «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз...» аталатын кітаптарымның тұсаукесері мен «Өкпек жолаушы» пьесам бойынша «Орзу Артс» театрында спектакль өткен. Маған да, менің халқым үшін де аса маңызды осынау іс-шараға Сіздердің қатысуларыңыз мені зор ризалық сезімге бөлейді. Егер, бір мезет кішіпейілдікті сәл ұмыта тұрып, түрлі БАҚ беттерінде жарияланған әдебиет және театр сыншыларының, сондай-ақ қатардағы көрермендердің риясыз пікірлеріне жүгінсек, онда өзіңнің жарты ғасыр бойына бекерге тер төкпегенің, сөйтіп сенің шығармаларыңның титтей бөлігі Қазақ елінен шалғайдағы мемлекеттерде – өлмес туындылары Англияны жалпы әлемнің әдеби Меккесіне айналдырған ұлы Шекспирдің, Теккерейдің, Вальтер Скоттың, Бернард Шоудың елінде өз оқырмандарын тапқаны туралы ой келеді екен.

Адам баласы туғанда елі мен ата-анасын таңдай алмайды, Жаратушының әмірі бойынша – бірі Еуропада, екіншісі Азияда, үшіншісі Сирияда, әлдекім джунглиде, біреу патша отбасында, ал біреу кедейдің күркесінде дүниеге келеді. Ал жарық дүние есігін мен ашқанда, ресми деректер бойынша, 26 миллион совет адамының өмірін жалмаған адамзат тарихындағы ең қатыгез, ең қанды соғыс жүріп жатыпты; солардың ішінде Сталинград түбіндегі үш жауынгерге бір ғана винтовкадан тиген алапат шайқаста менің әкем де мерт болды. Тылда қалған тек әйелдер мен бала-шаға және қарт кісілер әлемет бейнет арқылы әскерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникамен жабдықтапты. Онда балғын жас едік, бірақ бізде балалық шақ болған жоқ. Сонау алыстағы майдан даласынан ұшқан оқ көптеген қалалар мен селолардың үстінен зуылдап ысқырып өтіп, шалғайдағы ауылымызға да «жетіп», біздің балалығымызды жайратыпты. Осынау сұмдық жағдайлар жөнінде мен «Біз соғысты көрген жоқпыз...» деген повесімді жаздым, ол жеке кітап болып Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Сонау жалаңаяқ жас кезімде кезеңі туып, балқұрақ балалығы­мызды жойған фашистік Германиядан бөлек – біздің әкелеріміз жағында соғысушы Ұлыбритания мемлекеті туралы танып-білеміз деп ойладым ба. Сонда күндердің күнінде менің пьесаларым ұлы Шекспир тілінде Лондон сахнасында бірінен кейін бірі қойылады деп ойладым ба. Қыста пеш жағылмаған мектепте алба-жұлба болып, аштықтан үнемі қарным шұрылдап партада отырған сәтімде жетпіс бес жасқа жетіп, сол мерейтойды демократия мен футбол отанында – ұтқыр әзіл мен биік мәдениет, аристократия отанында атап өтемін деп ойладым ба. Бір жарым жасымда ауыр науқастан кейін жұрттың бәрі мені өлдіге санап, қабір қазушылар қолына тапсырар алдында соңғы рет «жансыз» сәбидің жүзіне қарап қалуды ұйғарған көрші кемпірге ризамын. Ал мен, «өлген» бетпақ о дүние­лік балаша тып-тыныш жатудың орнына кенет көзімді ашып ыржиып күліппін, ал үрейі ұшқан кемпір байғұс бажылдап, шешемді көмекке шақырып үлгеріпті. Перзентін тірідей көме жаздаған анам менің тірі болуыммен қоймай, жымиып жатқанымды көріп, дауыс салып жылап жіберген көрінеді. Мені алып кетуге келген қабірші жаназалық дәмнен қағылғаны үшін түсі бұзылып, қатты ренжіген секілді. Соларға қо­нақасы бұйырт­пай, аш қал­дырға­ным үшін күні бүгінге дейін қысы­ламын. Өздері қазылған әлгі қабірді қайтадан көмбепті де, себебі, сырқат балалардың бірі қайт­­кенмен өлер еді, уақыт солай-тын. Бұл жағдайды менен көпке дейін жасырып келіпті. Алайда алғаш мектепке барып бірінші «бестігімді» алып келгенде, сол қария «мен болмасам, мектепке барып, бестік әкеле алмас едің» деп, жайдарлана отырып барлық сырды жайып салды. Әлгі көршіміздің тіміскектігі арқасында, міне, мен өздеріңіздің алдыларыңызда тұрмын. Кемпір менің жүзімді көру үшін киіз бетін кездейсоқ ашты ма екен? Меніңше, жоқ! Тәрізі, ол көктің әмірімен солай істеуді ұйғарған. Осы оқиға, қалайда, Құдайдың бар екенін, ештеңенің себепсіз жасалмайтынын тағы да көрсетіп тұр. «Алланың бұйрығынсыз бір жапырақ жерге түспейді» деген ескі қазақ мақалы бар. Өздеріңіз пайымдап көріңіздер, адам туғаннан бастап көз жұмған­ға дейін дүниеде ешбір оқиға кездей­соқ болмайды екен. Егер Ленин бас­таған большевиктер патшалық самодержавиені жеңіп, Совет өкі­меті орнамаса, өз құрамына қазір Қазақстан деп аталатын ежелгі Қа­зақия елін күштеп кіргізбесе, менің әкем өзі де, оның ата-бабасы да бұрын-соңды естіп-білмеген Сталинградты қорғап қаза таппас еді және мен бұл туралы кітап та жазбас едім. Бастан өткерген майдандарға қарамастан, қазір адамзат алдында үшінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете ме деген қауіп тұр, тәрізі, бұл ең соңғысы болар. Жаңалықтардан жантүршігерлік суреттерді көреміз. Ресей телеарналары Россия Сирияны лаңкестерден құтқарады деп хабарлап жатыр... Алайда осындай «бейбітшілік мақсаттағы» бомбалаудың бірінен кейін мен бір жасар баланың басы жұлынып кеткен шешесінің омырауын ашқарақтана емген кадрды көрдім. Осынау сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді... Қазақтың ежелгі аңызы бойынша, Жер-жұмақты жаратқан Құдай оған ең алдымен адамды емес, бір құсты жіберіпті. Ол құстың аты «Арманда» екен, яғни «мәңгілік сағыныш» деген мағына береді. Жаратушының әмірі бойынша ол тек көк жүзінде самғап жүреді. Жер шарын мың-миллион мәрте айналып ұшқан құс жер бетіндегі тіршілікке іңкәр болып, қатты құмартады. Бірде ол Құдайға көктегі мәң­гілік өмірді тастап, жерде күн кешкісі келетінін айтады. Құдай келіспейді. Бірақ құс әлгі өтінішпен қайта-қайта келе беріпті. Бұған қатты ашуланған Жаратушы оны қуып та жібереді. Құс сонау тілекпен соңғы мәрте келгенде Құдай: «Жарайды, мәңгілік ғұмырды қаламасаң еркің білсін, жерге түс. Тек есіңде болсын, онда өлмес өмір жоқ. Сенің орныңа өзге бір «мақұлықты» жіберемін» дейді. Сонда құс: «О, Жаратушым, бәріне келісемін!» – деп қуана-қуана жерге түсіпті де, бірден о дүниеге аттаныпты. Құдай оның орнына бәріміздің ортақ атамыз Адамды жөнелтеді. Айтпақшы, қазақша «адам» деген мағынадағы осы сөздің алғашқы нұсқасы – «Адам» тек қазақ тілінде ғана сақталған. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Абай: «Адамның басы – Алланың добы» деп жазыпты; мұның «Адам Құдай үшін ойын­шық, бәрі Жаратушының қолында» деген мағына беретіні түсінікті. Меніңше, біздің ғаламша­ры­мыздың сұлулығына бола мәңгілік ғұмырын жердегі қысқа тірлікке айырбастаған Арманда құс бір сәт тіріліп, бүгінгі Адам ұрпақтарының Жерді нендей күйге түсіргенін көрсе, өзінің сонау шешімі үшін қатты өкінер еді. Барлық замандардағы соғыс­тар тұтас әлемді билеп, барлық байлықты иеленсем деген тойым­сыздықтан басталады. Ал сол қақтығыстардың немен аяқталатыны тарихтан мәлім. Қазақ мақалы: «Құдайдың меншікті малы жоқ, ол тек біреуден алып, біреуге беріп отырады» дейді. Зорлық жолымен келген дәулет бүгін болмаса, күні ертең келер ұрпақ үшін үлкен қасыретке ұласуы мүмкін. Ұлы ойшыл Абай: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп жазған. Бүгінгі аласапыран, дүрбелең дүние ұлы жазушылардың қасиетті сөзіне зәру. Интернет пен электроника дәуірінің адамдары әзірше қағаз кітаптан бас тарта қойған жоқ, олар әлі де саясатшыларға қарағанда жазушы сөзіне көбірек сенеді. Жазушылар дүниедегі ең әлемет СӨЗ қаруына ие екенін өздері де толық түйсінбеуі мүмкін. Егер әрбір қарапайым жазушы­ның артында орта есеппен 10-15 мың оқырман тұрғанын есептеп, осы санды әлемнің барлық жазушы­ларына көбейтсе, онда ғаламдағы барлық адамдардың жан-жүрегіне ықпал ететін қуатты қаруға ие алапат армия құрылар еді. Өйткені, алдымен құрлықаралық ракеталар емес, Сөз пайда болған ғой. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен Сириядағы жағдайды қалпына келтіру бойынша халықаралық кеңес өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы қыркүйектің 22-сінде Алматыдағы Достық үйінде көр­некті қоғам қайраткері, мәдениет­танушы, тәуелсіз Қазақстанның Қытайдағы алғашқы елшісі Мұрат Әуезовтің бастауымен халықаралық «Жібек жолы. Соғыссыз әлем» дөңгелек үстелі өтті, онда шет ел зиялыларының көптеген өкілдері: ғалымдар, саясаткерлер, жазушылар өз пікірлерін ортаға салды. Маған бір ой келді: бізге әлемнің маңдайалды жазушылары бейбітшілік пен әділеттілікті, қоршаған орта тазалығын қорғап, кейбір елдердің агрессиялық саясатын мейлінше әшкерелеп отыратын «Әлем жазушылары ассоциациясын» құратын кез жеткен жоқ па екен? Бұл ұйымның штаб-пәтері, өз ойымша, кезінде қазіргі таңда төрткүл дүниенің көптеген елде­рінде, оның ішінде Қазақстанда да филиалы бар халықаралық ПЕН-клубты құрған, ұлы жазушы Джона Голсуорсидің отаны Англияда тұруға тиісті. Мен Ұлыбритания Лордтар Палатасына, Лондондағы фестивалімді өткізуге тигізген зор көмегі, пьесалар мен әңгімелер жина­ғымның тұсаукесерін, алғашқы мерейтойлық кешті өткізуге, «Аққу-Жібек» пьесасы­ның ашы­луына жасаған қолғабысы үшін Ұлыбритания Біріккен Король­дігіндегі өз елшіміз Ерлан Ыдырысовқа шексіз ризалығымды білдіремін. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Самұрық-Қазына» TRUST серік­тес­тігіне алғыс айтқым келеді. Өз өмірлеріңіздің тұтастай он минутын маған арнап, сөзімді аяғына дейін тыңдағандарыңыз үшін көптен-көп рахмет!

Лондон, 2-қазан 2017 жыл

Ақмоншақ АХМЕТ, өнертану магистрі

Алматы – Лондон – Алматы

qazaquni.kz