Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың туғанына 70 жыл толды

Биыл театр сыншысы Әшірбек Сығайдың туғанына 70 жыл толды

ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, профессор, ұлттық өнердің жанашыры, ұлағатты ұстаз Әшірбек Сығайдың туғанына 70 жыл. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Бүгін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында зиялы қауым, оқырмандары мен өнер жанашырлары қарымды қаламгерді еске алды. Әшірбек Төребайұлы – көзі тірісінде театр, драматургия туралы 20-ға жуық кітап, мыңға тарта тамаша мақала жазған тұлға. Еске алу кешінде қайраткердің ерен еңбегіне арналған көрме өтті. «Қазақ театрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мол мұрасы туған елі үшін әлі талай жылдар қызмет етеді», – дейді сыншының өнердегі үзеңгілестері.

Әлия Бөпежанова, мәдениеттанушы, сыншы:

- Әшірбек Сығай – қазақ театр сынында жаңаша жол салған тұлға. Театрды өнер ретінде қарады. Екіншіден, қоғамдық құбылыс ретінде. Ұлт, халық үшін маңызы деген тұрғыдан қарады. Ол кісі театрды мемлекеттік дамуымыздың жолы ретінде қарады.

Күләш Сығай, Ә.Сығайдың жұбайы:

- Бұл да енді бір шынында да шығармашылықтың шыққан биігін көрсетіп жатыр. Сағыныш кеш десе де болады. Бүгін де рухы ұшып жүргендей сезінемін. Сондай оты басылмаған сағыныш. 3 жыл болды. Сонда да оны арамызда жоқ деп айтуға аузым бармай жүр.