Парижде қазақтың ХХ ғасырдағы латын әліпбиі таныстырылды (ФОТО)

Өткен ғасырдағы қазақтың латын әліпбиі Парижде таныстырылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. ЮНЕСКО штаб-пәтерінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын таныстыру аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ жазушылары кітаптарының көрмесі өтті.

"Өткен ғасырдың әліпбиі жаңа ұсынылған әліпбиден гөрі қиынырақ оқылады", - деді ескі латын әліпбиі туралы өз сөзінде кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева.

Кітапхана басшысының сөзінше, аталмыш кітап көрмесінде 1921-1941 жылдары аралығында Қазақстанда жарық көрген кітаптар таныстырылған. Бұл кезең аралығында барлығы елімізде 2017 кітап жарық көрген екен.

Атап өтейік, бұл күндері Парижде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын таныстыру аясында Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің орталығы ашылған болатын. Бұл шара ҚР Мәдениет министрлігі мен ҚР Франциядағы елшілігінің қолдауымен өтуде.