Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді

Тілдік реформа – қазақ тілінің дамуына бағытталған және жаңа технологияға негізделген күрделі құбылыс. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен алқалы жиында осындай пікір айтылды. Онда Әлібек Асқар, Қазыбек Иса, Дандай Ысқақ, Нұрдәулет Ақыш, Әділғазы Қайрбек, Еркін Нұразхан, т.б. танымал ақын-жазушылар, белгілі ғалымдар, белсенді қоғам қайраткерлері қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиінің жаңа нұсқасының ерекшеліктерін талқылады. Төменде Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Зейнеп Базарбаеваның сол жиында жасаған баяндамасы ұсынылып отыр.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескені мәлім.

Елбасы онда мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екеніне бас тоқталды. Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылауында. Оған көптеген адам қатысты. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды, - деді Елбасы.

Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсіпті және қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.

«Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды» деді Елбасы.

Әлемдік тәжірибесі түбейгелі ескерілген болатын. Батыс еуропа, шығыс еуропа, түркітілдес елдерінің тәжірибелері жан-жақты зерттелген, талданған.

Батысеуропа тілдерінде фонемалардың саны әріпке қарағанда көп. Француз тілінде 35 фонема бар, ағылшын тілінде 45 фонема бар. Ал әріптердің саны 26-ақ. Сонымен фонетикалық жүйесі мен әріп құрамында үлкен айырмашылық бар. Оның себебі неде?

Фонемалардың пайда болуы тіл мен ойдың дамуымен байланысты. Әр тілдің фонетикалық жүйесі даму үстінде, оған сыртқы және ішкі фактілер әсер етеді. Жаңа фонемалар жаңа ұғымымен, жаңа терминологиямен толығады және көршілес мәдениеттің және өркениеттің ықпалымен байиды. Ішкі фактілер – ол тілдің өзіндік заңдылықтары – фонологизация, дивергенция процестері. Оның нәтижесінде бір фонемадан екі – үш фонема пайда болады. Жаңадан пайда болған фонемалар диакритикалық таңбалар және диграфтар арқылы белгіленеді. Жазуы ертерек қалыптасқан тілдерде жаңа әріптер әліпбидің құрамына кірмеген, француз, итальян, ағылшын тілдерінде. Олардың латын графикасына негізделген жазуы откен ғасырдың 7-8 ғасырларда қалыптасқан. Ал неміс тілінде әріптердің саны 30. Себебі олардың жазуы кейінрек 12 ғасырда қалыптасқан. Олар өздерінің спецификалық дыбыстарын диакритикалық таңбалар арқылы белгілеген. Алфавитіне 3 ұмлаут дауысты дыбыстар қосылған.

Шығыс еуропа тілдерінің әліпбилері 15-16 ғасырда қалыптасқан. Олардың әліпбилерінің әріптері 30-дан 40-қа жетеді. Себебі олар өз әліпбилерін әріп үсті (умлаут, бревис) және әріп асты (седиль) диакритикалық таңбалар арқылы толықтырған. Норвеж, швед, фин тілдерінде 29 әріп, румын, молдаван тілдерінде 31 әріп, поляк, литва, эстон тіліндерінде 32 әріп, латыш тілінде 33 әріп, венгр, чех тілдерінде 40-42 әріп бар. Түркі тілдерін алатын болсақ, өткен ғасырдың 20 жылдарында түрктер латын графикасына көшті. Олардың әліпбиі 29 әріптен тұрады. Олар негізгі әліпбиінен 3 әріп алып тастап, өздерінің ұлттық дыбыстарын көрсететін 6 әріп диакритикалық таңбалар арқылы қосқан. Азербайжан әліпбиінде 32 әріп, олар 7 әріп қосқан, 1 әріпті алып тастап.

Өзбектер латынға екі рет көшті. Бірінші нұсқада өздерінің спецификалық дыбыстарын азербайжан тіліндегідей диакритикалық таңбалар арқылы көрсеткен болатын. Екі жылдан кейін одан бас тартып, 26 негізгі латын әрпіне тоқтады, жіңішке дыбыстарын апострофпен берген.

Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды. Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыстілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады деді Елбасы.

Кейбіреулердің пікірлері бойынша, әліпбиді өзгерткенде Ресейден және ресейлік мәдениеттен алшақтап кетеміз және кириллицаға негізделген рухани байлықтарымызды жоғалтамыз дейді. Біздің ойымызша, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кең мемлекеттік шекара және біздің ағайындық, достық байланыстар терең де тығыз болғандықтан ондай қауіп жоқ деп айтуға болады. Болашақта орыс тілін оқып, жақсы білетіндер, кириллицаны меңгергендер білімді, оқыған адамдардың қатарына қосылады. Олар орыс тілінде кирилицаға негізделген әлем ғылымының, мәдениетінің барлық салалары бойынша жарық көрген дүниелермен қатар кириллицада жазылған өзіміздің рухани, әдебиет байлығымыздан еш уақытта қол үзбей, оны оқи алатынында ешбір күмән жоқ. Сондықтан өзіміздің ұлттық-мәдениеттік байлығымыздан біз ешқашан бас тартпаймыз. Кәзіргі кезде шет тілдерді білу қажеттілігі өскенде және жалпы компьютеризацияға байланысты Ресейдің өзінде де кейбір лингвистикалық орталықтарда кириллицадан латиницаға көшу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді деді Нұрсұлтан Назарбаев және оны әлемдік акпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.

Шынында да, соңғы кезде қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде көтеріліп, оның ықпалы өзіміздің отанымызда да, шетелдерде де өсті. Шетелдік қазақтар өздерінің Қазақстанда тұратын отандастарымен қатынасқанда, латын жазуына негізделген ақпараттық жүйелерді қолданады. Шетелдіктерге де қазақ тілін үйренуге оңайырақ болады. Жастардың көбісі латын әліпбиін қолданатын шет тілдерін білуге ынталы, қоғамның компьютеризациясы, интернеттің қолданылуы, батыс мәдениетінің теледидар, кино арқылы ықпалы, еуропалық сапа, талап - осының бәрі біздің қоғамымызды латын әліпбиіне итермелейді. Қазіргі модернизация, инновация, цифровизация заманында қазақ тілін латын графикасына көшіру глобальдық коммуникацияға кіруге мүмкіндік тудырады және еліміздің бәсекелестігін арттырады.

Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтты.

Қазақ тілінің латын графикасына көшуін білім және ғылымның дамуының бір бөлшегі ретінде қабылдауға болады. Осыдан жеті сегіз жыл бұрын Қазақстан Болонский процеске көшкен болатын. Онда 3 сатылы білім жүйе қабылданған: бакалавриат, магистратура, докторантура. Магистратура, докторантураға түсу үшін ағылшын тілінен емтихан тапсырады, айлас, тойыфыл сертификат сұрайды. Ал докторлық диссертация қорғау үшін шетелде ағылшын тілінде Scopus, Тhоmson Reuters базасында мақалалар жариялау керек. Латын графикасы арқылы жаңа мақалалармен танысуға оңайрақ болады. Бізде кәзір үштілдік қабылданған. Қазақ тілін латын графикасына көшіру сол процестің жалғасы ретінде тануға болады және Елбасымыз айтқандай, ХХ1 ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.

Елбасымыздың айтуынша, қазақ тілін латын графикасына көшіру ол бір таңбаны басқа таңбамен ауыстыру емес, бұл күрделі жұмыс қазақ тілінің дамуына және биік технологияға бағытталған.Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Ұсынылған жобада қазақтың ұлттық дыбыстары дәйекшемен берілген. Дәйекші – әріптің оң жақ тұсына қойылатын үтір немесе штрих түріндегі орфографиялық әмбебап белгі. Бұлт нұсқада қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстарды таңбалау үшін дәйекші үтір түрінде беріледі. Дәйекше таңбаны алғаш рет қолданған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұрсынов еді. Дәйекшенің негізгі қызметі дыбыстардың жіңішкелігін белгілеу. Дегенмен, дәйекшенің (апострофтың) басқада функциялары бар және ол компьютердің клавиатурасында орналасқан. Әр тілдің әліпбиі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфография қағидаларымен өтеледі.

Елбасының айтуынша, бұл ұсынылған жобамен ертең жазып кетпейміз. Асығыс болмайды, жоба рет-ретімен жүзеге асады және үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды. Қоғам ұсынған барлық пікірлер ескеріліп, жылдың аяғына дейін қазақ тілінің латын графикасы түбегейлі қабылданады.

Біздің міндетіміз халыққа ұсынылған жобаны түсіндіру. Жаңа әліпби ұсыну – бұл айсбергтің жоғары жағы, негізгі жұмыстар енді басталады деді Президент. Жобаның орфографиялық және орфоэпиялық қағидаларын жазу, пособиялар дайындау, әдістемелік жұмыстарды бастау және ұсынылған жобаны апробациядан өткізу.

Отырыстың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

Зейнеп Базарбаева, Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Қазақ үні