Әлібек Асқар: «ӘЙЕЛІ-БЕК» деген АТТАН ҚҰТҚАРҒАНЫҢА РАХМЕТ, ҚАЗЫБЕК!»

 

Әліппелік әзіл

Кеше  Алматыда Ұлттық кітапханада  зиялы қауым мен тілші ғалымдардың және кітапханашылардың қатысуымен Латын әліпбиінің екінші нұсқасы талқыланды.  Жиынды ұйымдастырушы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Кітап палатасының бас директоры Әлібек Асқар:  «Сені Алматыда деп естіп қалдым. Латын әліпбиінің екінші жаңа нұсқасына ұсынған 9 әрібі өткен тіл қайраткері ретінде келіп қатысып, сөйлеп берсең болар еді» деген соң, Астанаға алып қойған билетімді кейінге қалдырып келіп қатыстым.

Бұл жиын туралы кейін толық жазыла жатар. Менің айтайын дегенім, есік алдында қарсы алған Әлібек ағамыздың: «Әйелі-бек» деген атаудан құтқарғаныңа рахмет, Қазыбек» - деп құшақтай алғанда, елдің бәрі ду күліп жіберді. Әлекең мұны жиын үстінде де қайталап айтып, әдеттегідей елдің көңілін көтеріп отырды. Әрине, Әлекең бұл жерде менің латын әліпбиіндегі қазақтың төл дауысты дыбыстарының екі әріппен берілуіне қарсы шығып: "Ә" әрпі "АЕ" болса, онда "Әлім" дегенді ел "Әйелім"-деп оқиды ғой"-деп жазғанымды еске салып жатқаны деп білдім. Ал біздің "Ә" әрпін АЕ-ның орнына бір әріппен А' деп, үтір арқылы белгілеген нұсқамыз жаңа жобаға қабылданған болатын.

«Рахмет, Әлеке! «Әйелі-бек» болған сіздің күйіңіз мұндай болса, «Әйелім-хан» болған латын әліпбиінің нағыз білгірі Әлімхан Жүнісбек ағамыздың жағдайы қандай болғанын жақсы түсініп тұрмын» - деп, мен де астарлы әзілді асыра қостап қойдым.

Шынында да, шырылдап жүріп, үлкен қауіптің алдын алған екенбіз ғой... Қазыбек ИСА Qazaquni.kz