ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ КІМДЕРГЕ ТҰТАСТАЙ БЕРІЛЕДІ?

Келесі жылдан бастап зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді. Егер қазір зейнетақы төлемдері алушының қалауына қарай ай, тоқсан және жыл сайын берілетін болса, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап тек ай сайын ғана төленеді. Сонымен қатар, зейнетке шыққан адамның жинағы ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен, яғни 374 940 теңгеден аспаса, аталған соманы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұтастай алуға болады. «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінің маманы Жаппарберген Айботаның айтуынша таяу уақытта жаңа өзгерістер енгізілмек. «Егер қазір зейнетақы төлемдері алушының таңдауы бойынша белгіленген кестеге сәйкес ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын төленетін болса, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана аударылады», – дейді ол. Маманның айтуынша, бұл норма зейнетақы жүйесінің тиімділігін көтеру, оның ішінде бюджет қаражаты және зейнетақы жинақтары есебінен төленетін жиынтық зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. «Басқаша айтқанда құрметті демалысқа шыққан зейнеткер мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны және БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдерді ай сайын алады. Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азайып, кейін мүлдем тоқтатылатындықтан, мұндай төлемдердің салымшы үшін ай сайынғы табыс көзіне айналатындығы сөзсіз. Ал ай сайынғы төлемдер мөлшерінің қандай болатындығы салымшының өзіне байланысты. Осылайша, бүгінде еңбек етіп жүрген жандар үшін міндетті зейнетақы аударымдары өте маңызды мәселеге айналмақ», – деп түсіндірді Ж.Айбота. Баспасөз қызметінің маманы зейнетақы қорындағы қаражатты кімдер бірден шешіп ала алатынын да атап өтті. «Егер зейнет жасына толған адамның зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен, яғни 374 940 теңгеден аспаса, аталған соманы БЖЗҚ-дан бірден алуға болады. Осы арада «қордағы бар ақшасын шешіп алған адам әрі қарай қалай күн көреді?» деген сауал туындайды. Ол бұдан кейін де мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы – 14 466 теңгені ала береді. Айта кетерлігі, 1998 жылға дейін жұмыс істеген зейнеткер еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақыға (14 466) қосымша ортақ зейнетақы алады», – деп түйіндеді ол. qazaquni.kz