Кімге қанша жалақы төлеу керек?

3514

 

АДАМ ЕҢБЕГІ ӘДІЛ БАҒАЛАНБАҒАН ЖЕРДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАЙДЫ 

Отандық және шетелдік БАҚ алдында баспасөз мәслихатын өткізген «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов аталған орталықтың Қазақстан экономикасына не беретіні туралы және журналистер қойған өзге де сауалдарға жауап берген болатын-ды. Қойылған сұрақтардың ішінде Келімбетовтың бүгінгі атқарып отырған қызметі үшін қанша айлық алатыны туралы жауабы редакциямызға хабарласқан оқырмандарымызға ой салып, көңілдеріне күдік те ұялатқан секілді. Енді біздегі жалпы жалақы жайында әңгіме өрбітіп көрелік.

«Астана Халықаралық қаржы орталығы ең алдымен тікелей шетелдік инвестицияларды тартады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан экономикасы соңғы 10-15 жылда өте жоғары қарқында дамыды. Осы аралықта 200 млрд. АҚШ долларына жуық шетелден инвестиция тарттық. Ал осы инвестициялар көп жағдайда табиғи ресурстарға тартылған болатын. Бүгін де оңтайлы секторларға қаржы тартып жатырмыз. Сондықтан, Астана ХҚО ең алдымен шетелдік инвес­тицияларды тартудағы «терезе» іспеттес. Сәйкесінше экономикамыз дамып, ұлттық валютамыз тұрақты бола түседі», – деді Қайрат Келімбетов.
Қаржы кіргізетін «терезе» болғаны дұрыс, оған ешкімнің таласы жоқ. Келімбетовтың көріпкелдігі бойынша осы кездесуден соң төл теңгеміздің «тұрақтағаны» туралы айтпай-ақ қоялық. Бізде Бас банкир немесе қаржы саласының қайраткерлері ұлттық валютамыз күшейіп, бағамы көтеріледі деп мәлімдесе болғаны, бір апта өтпей жатып теңгеміз төмен құлдырайтынына талай рет көз жеткізген болатынбыз. Соған қарағанда олардың көзі мен тілі тым өткір ме деп қалдық. Сондықтан теңге туралы халықты босқа алаңдатып, алдынала болжам жасап, сөз қозғамағандары дұрыс сияқты.
Баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына орай Қайрат Келімбетов өзінің жалақысының қанша болатынын ашық болмаса да тұспалдап айтып берді. «Айлығым «Бәйтерек» немесе «Самұрық-Қазынадағыдан» жоғары емес. Мүмкін одан да кем болуы мүмкін. Биыл сонымен бірге, ешқандай бонус немесе сыйақы қарастырылған жоқ. Айлығым туралы қалыпты деп айтуға болады. Мөлшері 1 миллионға дейін», – деді Қайрат Келімбетов. «Қалыпты» дегеніне қарағанда қазіргі жалақы көлеміне қаржы орталығы басшысының көңілі онша толмайтын секілді. Атқаратын жұмысы ауыр, алатын айлығы бала-шағасын асырауға жетер-жетпес екенін жеткізгендей көрінді көпшілікке. Екінші жағынан өзінің қанша айлық алатынын дөп басып айта алмағанына қарағанда Келімбетовке сол жалақының қажеті де жоқ сияқты. Әйтпесе әрбір тиынына дейін санап берер еді ғой, ол жағынан қаржыгердің қателесуі мүмкін емес. Біздің кейбір басшылар, депутаттар мен министрлер бір миллион теңге айлықты місе тұтпайтыны белгілі. Келімбетовтың биыл бонуссыз қалғанын айтып, «Самұрық-Қазынаны» еске алуы да тегін емес. «Самұрықтың» самғауы тым биік, оның топ менеджерлері айына 1 млн. теңге жалақы, оған қосымша жылына ұялмастан 31 млн. теңгеден бонус алғанын білеміз. Қазанның қақпағы қолына тигендер бүгіндер білгенін істеп жатқанына осының өзі нақты дәлел емес пе?!
Әрине, біреудің қалтасындағы ақшаны санау – әдепсіздік. Бүгінгідей капиталистік жүйеде ол туралы жақ ашудың өзі мүлдем орынсыз есептелуі де мүмкін. Кім қалай, қандай жолман ақша тапса да ерікті. Бізде демократия, еркіндік үстемдік құрған қоғамда өмір сүріп отыр емеспіз бе?! Тіпті сол оңды-солды ақша табудың бірқатар жолдары заңмен бекітіліп те қойғаны белгілі. «Олай болса, бұл не сандырақтарың? Тыныш жүрмесеңдер іштерің кебе ме?» – дейтін болар біреулер. Дегенмен демократия заңына сүйеніп, әркім өз ойын ашық білдіруге құқылы. Біздің де айтайын дегеніміз – әрбір адам еңбегіне лайықты айлық алуы керек. Адамның еңбегін қанауға болмайды.
«Неге басшылардың жалақы­сына қадалып алдыңдар? Басқа­лар­дың қанша алып жатқанын көр­мейсіңдер ме?» дейтіндер де табылған. Басқа дегендері қатар­дағы қарапайым жұмысшылар мен қызметкерлер. Олардың айлықтарын айтпасақ та болады. Өйткені кейбіреулер сияқты олар қанша жалақы алатынын жасырып, халықтан құпия ұстамайды. Білгілеріңіз келсе ол туралы да айта кетелік. Ақпарат құралдарында жарияланған ресми деректерге қарасақ әрбір төртінші қазақстандықтың орташа табысы 60 мың теңгеден төмен. Қазақстандағы өндіріс орындары мен ұйымдарда жұмыс істейтін ел азаматтарының саны 2017 жылдың маусым айында 2,9 миллион болған. Бұл көрсеткіш 2 жыл бұрын 3 миллионнан асатын. ҚР Статистика комитетінің мәліметіне орай, еңбекке жарамды қазақстандықтардың 25 пайызы (715,2 мың адам) 60 мың теңгеден төмен жалақы алады. Ал 50 пайызға жуығы 60 мыңмен 150 мың аралығындағы табысқа ие. Көрсеткіштің 16,2 пайызы 270 мыңға дейін жалақы алады. Одан бөлек, 123,3 мың (4,4%) қазақстандық жалақысы 270 мыңнан 390 мыңға дейін болса, тағы 124 мың (4.4%) отандасымыздың табысы 390 мыңнан жоғары болып отыр. Жалпы қазақстандықтардың жалақы қорының көлемі 418,3 млрд. теңгені құрайды екен. Ал 2017 жылдың қаңтар айынан еліміздегі ең төмен жалақы 24,4 мың теңге деп белгіленген. Демек, еліміздегі азаматтардың 8,8 пайызы ғана жоғары жалақы алады деген сөз. Олардың кімдер екенін біз айтпасақ та өздеріңіздің іштеріңіз сезіп отырған болар. Еңбегі сіңіп жатса алсын, халықтың бақуатты болуы – мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді емес пе?! Бұл қиялдан туған көрсеткіштер емес, алдында айтқанымыздай ресми дерек.
Есептеп болсақ, енді ойланып көрелік. Осы жерде еңбек ардагері, бүкіл өмірін кеншілік мамандығына арнаған бір ағамыздың «Мен бір нәрсені түсінбеймін, біздің министрлер жеті қат жер астынан кен өндіріп жатқан шахтерлерден жалақыны неге 5-6 есе көп алады? Сонда олардың қызметі кеншінікінен де ауыр болғаны ма?» деген таңданысы еске түседі. Салыс­тырмалы түрде айта кетелік, 2017 жылғы деректерге қарағанда жер астында қауіп-қатерге басын тігіп, ауыр жұмыс атқаратын еліміздегі кеншілердің орташа айлық жалақысы 193,700 теңге екен. Ең мықты дегендері 296 мың теңге табатын болып шықты. Сол сияқты ыстық цехта жұмыс істейтін, елімізге аса қажет электр қуатын өндіретін энергетиктердің орташа айлық жалақысы 142 341 теңгеден аспайды. Әрі кеткенде кейбіреулері 246 550 теңгеге дейін табыс табады. Ондайлар өте аз. Ал сол кеніштің кеңсесінде отырған есепші немесе өзге қызметкерлердің жалақысы шахтерлермен бірдей немесе одан жоғары болып келеді. Бұл нені көрсетеді? «Адамдардың еңбегі бізде дұрыс бағаланып жатыр ма?» деген сұрақ өзінен-өзі сұранып тұрған жоқ па?
Расында бізде еңбек қалай бағаланады? Бүгінгі біздің қоғамда жаппай орын алып жатқан жағдайға қарасақ отырған орынтағына қарай айлық төленетін секілді. Лауазымы биіктеген сайын айлығы да аспандайды. Ал, сол қомақты айлық алатын шенеуніктің не бітіріп отырғаны, қоғамға қаншалықты пайда келтіріп жатқаны есепке алынбайтынға ұқсайды. Қазір қалай есептелетінін дөп басып айту қиын. Бұрындар бүкіл әлемде «Бірыңғай норма және бағалау» (ЕНиР) деген құжат болатын. Сол арқылы жұмысшының еңбегі бағаланатын. Ол атқарылған жұмыс көлемі мен сапасы, оған кеткен күш пен уақытты алдымен есепке алатын-ды. Қазіргі фирмаларда жұмысшылар таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істесе де алатыны сол 80-90 мыңнан аспайды. Оған қоса сенбі күндері де жұмысқа қуып шығарады. Осы талапқа келіссең істейсің, келіспесең боссың. Тіпті сол мардымсыз жалақыны да айлап бермей зар жылатады. Қазіргі тойымсыз басшылар мен кәсіпорын жетекшілері Құдайдан да қорықпайды. Бұл да адам еңбегін адал бағалау болып па? Оларды жолға салуға міндетті мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе монаполияға қарсы күрес саласының сабаздары өз қалтасы мен өз қамын ойлап кеткен. Оларға қарапайым халықтың мұң-мұқтажы маса шақққандай әсер етпейді.
Енді алдында айтқан басшы­лық құрамының қаржы мәселесіне тоқталайық. Мысалы, өзіне тікелей тапсырылған мемлекеттік бағдарламаларды орындай алмаған аймақ басшысы әрі кеткенде Үкімет басшысынан сөгіс алып жылы орнында жылдап отыра береді, әйтпесе басқа бір қызметке ауысып кете қояды. Сонда ол не бітіріп отыр, не үшін 1 миллион теңгеге жуық айлық алып отыр? Немесе жыл сайын ауысатын білім саласындағы министр қандай пайда әкеліпті? Әрбір реформа үшін халықтың қомақты ақшасы жұмсалады. Одан ешқандай нәтиже болмаса, жаңағы халық қаржысын желге ұшырғаны емес пе? Ондай министрді халық жауы ретінде жазалау қажет қой. Өйткені мемлекет қаржысын ысырап етіп қана қоймай бұқараның берекесін алып, жүйкесін жұқартады. Мемлекет ұстанып отырған саясатқа астыртын қарсы шығумен бірдей қимыл ғой бұл. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қандай саланы алсақ та осындай келеңсіз көріністер қарсы алдымыздан шығады.
Енді Келімбетов айтқан ақша әкелетін «терезелер» туралы. Әрине, шетелдік қалталы инвесторларды тартып, еліміздің экономикасын көтеру ұтымды әдіс. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қолданылып жатқан тәжірибе. Қаржылық немесе бұған жауапты ұйымдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Көп ақша тарттық деп, сол ақшаның пәленбай пайызын өздеріне қарай заңдастырып миллиондап бонус алу – тойымсыздық. Неге? Өйткені ол келген ақшаның да өз орны бар. Инвесторлар ақшаны топ менеджерлер қалтасын толтырсын деп әкелмейді. Қалталы инвестор Келімбетовтың келбетіне қарамайды, алдымен өзінің қамын ойлайды. Ақша салып, өз қаржысын одан әрі өсіруді бірінші кезекке қояды. Ол үшін адам еңбегін қанау алдымен көрініс береді. Оған алдында ғана айтқан кеншілердің жалақысы нақты дәлел. Мысалы, Теміртаудағы атышулы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясын алайық. Осы компанияға қарасты өндірісте қаншама апат болды. Жүздеген кеншілер қара жерге тірідей көмілді. Комбинаттың өзінде де бірнеше апат орын алды. Айлықтарын уақытында бермегені үшін компания кеңсесінде бір адам өзін-өзі өртеуге дейін барғанына куә болдық. Соның бәрі еңбек қауіпсіздігін сақтамағандықтан, кеңестік кезеңнен келе жатқан жабдықтарды заманауи құралдарға ауыстырмағандықтан болып отырғаны анық. Бұл туралы мамандар мен сарапшылар да әлденеше рет айтқан болатын. Адамдардың айлықтарын түсіріп, ақысыз демалысқа шығару да миллиардтап пайда тауып отырған осы компанияда жиі кездеседі. Сонда осының бәрін көріп отырған, миллиондап бонус алатын біздің топ менеджерлер мен сала министрлері неге үнсіз қалады? Инвесторды әкелгенде алдын ала жасалатын келісім-шартта осы мәселелер мүлдем ұмыт қалған ба? Жоқ, оның бәрі көп жағдайда ескеріледі. Бірақ, қадағалау жоқ. Сондықтан да инвестор компаниясындағы шетелдік мамандар жергілікті қызметкерлерге қарағанда айлықты он есе артық алып, жергілікті халықтың ашу-ызасын тудыруда. Былайша айтқанда ұлттық кадрлар өз елінде өгейдің күйін кешуде. Бұл мәселені кім шешу керек? Ойы озық, шетелдік жоғары оқу орындарын халық есебінен бітіріп келген мамандарымыз қайда қарап отыр? Не үшін бонус алып отырмын деген ой санасына кіріп-шықпай ма? Алған ақшаны бойға сіңіру үшін де адал еңбек ету керек қой. Жоқ, бұл жағы біздің басшыларды толғандырмайды.
Осы біз айтып отырған мәселе көтерілсе бір білгіштер кеншінің жұмсаған күшінен интеллектуалды жігер жұмсайтын басшылардың қызметі анағұрлым ауыр деп уәж айтатындарды да кездестіріп жүрміз. Олай болса санасына өте үлкен салмақ түсетін ғалымдар мен жазушылардың еңбегін неге өз дәрежесінде бағаламаймыз? Ғалымдар әкім мен министрге қарағанда әлдеқайда көп күш жұмсайтыны ақиқат. Соған қара­мастан ғалымның алатын айлығы министрдің жалақысының қасында көздің жасындай ғана екені баршаға белгілі.
Әңгімемізді түйіндей келе бір ғана сөз айтуға болатын сияқты. Қайткен күнде де адам еңбегі әділ бағалануы керек. Қолында билігі барларға бәрін үйіп-төгіп беріп, қарапайым еңбек адамын шетқақпайлап қорлауға болмайды.
«Кімге қанша жалақы төлеу керек?» деген тақырып бұнымен тоқтап қалмасы белгілі. Бір мақала жазды екен деп бұл мәселені билік бір күнде шешіп тастамасы да анық. Бірақ осы мәселе төңіре­гінде тыңғылықты, тереңірек ойлан­ғанымыз дұрыс болар еді…

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz