ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОРДАЛЫ ОҢТҮСТІКТЕ

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен туризм және кәсіпкерлік салаларының даму мәселелері мен жұмыспен қамту, еңбек ресурстары сынды мәселелерді талқылаған жиын өтті. Отырысқа еліміздің бірқатар министрлері мен солтүстік облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысып, өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Жиын барысында Үкімет басшысы Елбасының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапарында өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, жұмысымен танысқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту және көші-қондағы қолдау мәсе­лелерін атап айтты. «Оңтүстік өңірінің халқы іскер, оларды үйретудің қажеті жоқ. Тек қана жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері алып кетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Бау-бақшаны дамыту саласы бойынша да шаруаны алға қарай алып кете алады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін беріліп жатқан көмектер жеткілікті ма, қосымша заңдарды қайта қарастырып, сол арқылы көмек қажет па, сол жағын қарастыруымыз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев. Премьер-министр оңтүстіктен солтүстік аймаққа көшу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев көшіп барған азаматтарға жер беру, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту керектігін де тілге тиек етті. Әсіресе, бұл тұрғыда іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін атап өтті. Отырыста Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Елбасының сарабдал саясатының арқасында облыстың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқандығы да әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ өңір басшысы аймақ жұртшылығының тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін алға қойған міндеттердің орындалып жатқандығын атап өтті. «Облысымызда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 млрд. теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94%-ы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артып, 257,4 млрд. теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда»,- деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, облыс әкімі «Агроөнер­кә­сіп кешенін дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив ашылғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 21,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артыпты. Сала барысында атқарылып жатқан істерге тоқталған Жансейіт Қансейітұлы Шымкент механикалық зауытының базасында модульдік сүт қабылдау бекеттерін жинау өндірісі басталғанын айтты. Қазіргі таңда 15 модульдік сүт қабылдау бекеті кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз несиеге берілді. Бекет құнының 50 пайызын субсидия ретінде мемлекет төлейді. Тағы бір атап өтерлік жәйт - Облыста туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өскен. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, 43 пайызға артқан. Биылғы жылдың өзінде ОҚО-на 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға көбейіпті. Жиын соңында Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Көрме» орталығына қойылған тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Шара аясында 69 кәсіпкер текстиль, тағам өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау саласындағы өз өнім­дерін жиылғандар назарына ұсынды. Де­легаттар көрмеде дәрілік препараттар, медициналық құралдар, құрылыс тауарлары мен азық-түлік өнімдермен жіті танысты. Осы сапары кезінде Үкімет басшысы модульді сүт қабылдау бекеттері мен әлеуметтік дүкен үлгісімен танысып, жоғары бағасын берді. qazaquni.kz