Чемпиондар шығаратын ұстахана

немесе кәсіби спорттың көкжиегі

ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТҚАН ОҚУ ОРДАСЫ

ҚР Президентінің «Қазақ­стан-2050» стратегиясы қалыптас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша наза­рында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсау­лығының кілті болып саналады» деген болатын. Рас әрбір азаматтың спортпен шұғылдану арқылы өз денсаулығын сақтап қана қоймай, қоғамның салауатты өмір салтын ұстануына да зор үлес қосатындығы анық. Ал, бұл тұрғыда кәсіби спортшылардың алатын орны айрықша екендігі сөзсіз. Кәсіби спортшылар тәрбиелеудің ұстаханасы, әрі әлемді дүбірлеткен түрлі додаларда еліміздің көк туын көкте желбіреткен спорт саңлақтарының білім ұясы – Қазақтың Спорт және туризм академиясы екендігі бәрімізге мәлім. Осынау іргелі оқу орнының тарихы да тереңнен бастау алады. Қазақтың Спорт және туризм академиясы 1944 жылдың 14-қарашасында Орта Азиядағы спортшылар мен бапкерлерді дайындайтын оқу орны ретінде бой көтерді. Бұл білім шаңырағанда тек ғана Қазақстан емес, Өзбекстан, Қырғыстан, Түркіменстан және Тәжікстан мемлекеттерінің денешынықтыру және спорт мамандары даярланды. Бұл академия – қазақ елінің атын айдай әлемге танытқан есімі елге етене таныс талай тарландарды тәрбиелеген оқу ордасы. Әуелгіде Денешынықтыру институты болып ашылған бұл оқу орны ел егемендігін алып еңсесін тіктегеннен кейін, акалемия дәрежесін иеленіп, заманауи түрлі инновациялық-технологиялық оқыту арқылы ғылыми тың жаңалықтар мен жобаларға қол жеткізді. Қазіргі таңда халықаралық дәрежесі жоғары, алдыңғы шептен көрініп келе жатқан бірден-бір білім ордасы. «Академияның бүгінгі алға қойған мақсаты – заманауи бакалавр, магистр және PhD докторларын дайындап шығару. Негізгі міндет – еліміздегі спорт саласындағы бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау. 70 жылдық тарихы бар академияның абыройын өз деңгейінде ұстап тұру – жауапты іс. Бүгінгі таңда чемпиондарды шығару мен білікті мамандарды даярлау жолында академияның атқарған шаруалары шаш етектен. 2015 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясы Халықаралық спорт Федерациясының (FISU)шешімімен «Үздік университет» атанды. Бұған дейін мұндай марапатты француздық Сарбонна университеті ғана алған болатын. Бұл академияға берілген ең жоғары баға болған-ды. Аталған номинацияда 2013 жылы Трентинода өткен қысқы универсиада мен Қазанда өткен жазғы Универсиадада жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшы студенттердің саны ескерілді. Сондай-ақ, бұл халықаралық аренада ел даңқын асқақтатып жүрген академияның талантты студенттерінің еңбегінің жемісі. Академиядан талай кіл мықтылар мен чемпиондар түлеп ұшты, қазір де білім алуда», – дейді Қазақтың Спорт және туризм академиясының тізгінін жиырма жылдан бері ұстап келе жатқан Қазақстан Республикасы Студенттік спорт федерациясының президенті, профессор Қайрат Закирьянов.

ЗАМАНАУИ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БИІККЕ БАСТАЙДЫ

Кәсіби білікті мамандар даярлауды мақсат тұтқан оқу орны бүгінде заман талабына сай жаңа білім беру бағдарламалары негізінде жұмыс істейді. Мәселен, студенттер Денешынықтыру және спорт бағыты бойынша: Денешынықтыру және спорттық психология, Денешынықтыру және денсаулық менеджменті, Денешынықтыру және күзет қызметі, Денешынықтыру және спорттық менеджмент, Денешынықтыру және спорттық журналистика сынды бағдарламалар аясында жоғары білім алып, кәсіби спорттың көкжиегін одан әрі кеңейте түспек. Сондай-ақ, студенттер қазақ спортының қарашаңырағы болып табылатын іргелі оқу ордасында Олимпиялық спорт факультетінде: баскетбол, үлкен теннис, валейбол, гандбол, регби, футбол, хоккей, биатлон, велоспорт, бильярд, семсерлесу, сырғымен жүгіру спорты, шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, ату спорты,жеңіл атлетика, ЕДШ және массаж, жүзу, спорттық және көркем гимнастика, спорттық акробатика, фитнес сынды мамандықтардың аясында маман кадрларды дайындап келеді. Сонымен қатар, Кәсіби спорт және жекпе-жектер факультетінде: қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бүркітші, ат спорты, айкидо, кикбоксинг, каратэ, спорттық ушу, бокс, ауыр атлетика, қоян-қолтық ұрыс, армрестлинг(қол күресі), мас-рестлинг, тай боксы секілді мамандық иелері даярланады екен. Оқу орнының студенттері үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Академияның материалдық-техникалық базасы өте бай. Бокс, күрес, гимнастика, ауыр атлетика және фитнес үшін арнайы жаттығу залдары жұмыс істейді. Сондай-ақ, жүзу хауызы, футбол алаңдары, жартасқа өрмелеу алаңқайы да студенттер игілігі үшін қызмет атқарады. Сонымен бірге, Талғар ауданындағы «Қайнар» тау шаңғысы базасы, Қапшағайдағы су спорттық базасы, «Хан тәңірі» және «Алаш» атты стадиондары да болашақ кәсіби спортшылар үшін қалтқысыз қызмет етуде. «Республика бойынша 42 жоғары оқу орны Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша мамандар даярлайды. 2017-2018 оқу жылында еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан 700 білім гранты бөлінсе, соның 455-ін біздің академиямызды таңдаған талапкерлердің еншісінде. Бұл әлбетте біз үшін үлкен көрсеткіш, әрі үлкен жетістік. Оның үстіне 73 жылдан астам тарихы бар қазақ спортының қарашаңырағы үшін заңдылық та. Биылғы жылы оқу ордасының табалдырығын аттаған студенттердің жалпы саны мыңнан асып жығылады. Осынау жылдар бедерінде біздің оқу ордамыздан 29 олимпиада, 70-тен астам Әлем чемпиондары шығып абыройымызды асқақтата түсті», – дейді Қазақтың Спорт және туризм академиясы президентінің Тәрбие және бұқаралық спорт жөніндегі орынбасары Мұхтар Есқалиев.

ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ – КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ

Бәйгеге түссе, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктерді тәрбиелеп келе жатқан білім ордасының өзіндік ерекшелігі де ә деген беттен байқалады. Бүкіл ел болып Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен рухани жаңғыруға қадам басқанымыз белгілі. Ал бұл тұрғыда оқу орнында академия басшысы профессор Қайрат Закирьяновтың ұйытқы болуымен ауқымды істер атқарлып келе жатқанын да тілге тиек еткеніміз жөн. Мәселен, еліміздің ұлттық спортының дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан осынау білім ордасында ғана Ұлттық спорт түрлері кафедрасы жұмыс істейді. Бұл тұрғыдағы атқарылып жатқан ауқымды шаруалардың дені Ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанға Еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақ күрес Федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдиновтың жетекшілігімен жүзеге асып келеді. Аталмыш кафедра бүгінгі күні көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрлерін заман талабына сай қайта жаңғырту жолында тындырымды тірліктер атқарып келеді. Мәселен, оқу ордасы Ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамытып, тынысын кеңейту үшін ауқымды ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Осынау айтулы шараға бүкіл республиканың осы саладағы білікті мамандары қатысады деп жоспарлануда. Біздің академиямыздан түлеп ұшқан спорт саласында жұлдызы жарқыраған саңлақтарымыздың жеңістерінен сыр шертетін олимпиадалық музей жұмыс істейді. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музейде орналасқан Қажымұқан бабамыздың жәдігерлерінің бір парасын оқу орнындағы аталмыш музейге алдыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Мұның барлығы әлбетте, батыр баба ерлігін өскелең ұрпақққа насихаттау жолында атқарылып жатқан игі істердің бір парасы.

АКАДЕМИЯ ШӘКІРТТЕРІ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала» дегені бар. Қазақстанның спорт және денешынықтыру саласының дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан оқу орнының бірегейі Қазақтың спорт және туризм академиясы екендігі баршаға мәлім. Бұл тұрғыда оқу орны өздерінің жеңіс тұғырынан көрініп, әлемге қазақ атын танытып жүрген шәкірттерімен мақтана алады. Халықаралық студенттер спорт федерациясының шешімімен Алматы шаһары – 2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы универсиаданың астанасы болып қабылданған-ды. Елбасымыздың өзі тікелей қолдаған осынау ауқымды шара қатысушыларының 64 пайызын Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері құрады. Қысқы Универсиада қорытындысы бойынша, Қазақстан 36 медальді иеленсе, оның 17-і қазақ спортының қарашаңырағының студенттеріне тиесілі. Осынау додада біздің еліміздің спортшылары 11 алтын иеленіп алтындай жарқыраса, оның 8-і осынау білім ордасының шәкірттері иеленген. Яғни, осындай дүбірлі додада қысқы спорт түрлерінен академия студенттері мен магистранттары өздерінің өте жоғары деңгейде белсенділік танытқанын айқын аңғаруға болады. Әлемдік додаларда асығы алшысынан түсіп, ел мақтанышына айналған оқу орнының шәкірттері мен түлектері жетерлік. Атап айтқанда, Алина Байкова, Юлия Галышева, Денис Тен, Дмитрий Ряхин және т.б. көптеген студенттер ел намысын қорғап жүр. Сондай-ақ, Астанада өткен VII Республикалық «Қазақстан Барысы» турнирін осынау білім ордасының түлегі Еламан Ерғали жеңіп алып, алтын тайтұяққа қол жеткізді. Сонымен қатар, жақында ғана өткен жазғы универсиада ойындарына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген ауыр атлетші Альберт Линдер де спорт академиясының 1-ші курс студенті. Ал, Италияның Ремин қаласында өткен кикбоксингтен WAKO Дүниежүзілік қауымдастығының Әлем чемпионатында Нұрболат Жайлаубаев алтын медаль иеленіп, Әлем чемпионы атанған-ды. Сонымен бірге, дзюдошы Рустам Ибраев әлемнің күміс жүлдегері болса, Худиков деген жігітіміз жүзуден Азия чемпионы атанған-ды. Тағы да тілге тиек етер болсақ, Демеу Жадыраев атты оқу орнының магистранті Париж қаласында грек рим күресінен өткен әлем чемптонатында күміс жүлдегер атанды. Шәкірттерінің осындай биік белестен көрінуі әлбетте ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, спортшылардың жетістіктерінің тағы бір сыры оқу-жаттығу жиындарына тұрақты түрде қатысып келе жатқандығының нәтижесі екендігін айта кету парыз. Сондай-ақ, бұл тұрғыда оқу орнының оқытушылар құрамының әрбір спортшымен арнайы сабақ кестесін белгілеп, жеке-жеке жұмыс істеуді де жолға қоя білгендігінің жемісі. Отызға жуық олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарған білім ұясы бүгінде Нелли Ким, Владимир Смирнов, Ермахан Ибраймов, Ольга Шишигина, Илья Ильин, Бахтияр Артаев, Серік Сәпиев, Ольга Рыпакова сынды спорт саңлақтарын мақтан етеді.

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

Қазақ спортының қарашаңы­рағын чемпиондар шығаратын ұстахана десе болғандай. Шәкірттерінің биік шыңды бағындырып келе жатқаны ұстаздар төккен маңдай тердің арқасы екені сөзсіз. Сондықтан, білікті мамандардың бір парасын атап өткеніміз артық болмас. Тәжірибелі мамандардың көшін бастап тұрған Күрес кафедрасының меңгерушісі, профессор Михаил Шепетюк, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ерғали Мұхиддинов, Қысқы спорт түрлерінен білікті жаттықтырушы, шаңғыдан КСРО чемпионы Виктор Акимов, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы Хван Май, Бокстан олимпиада чемпионы, Бокс кафедрасының оқытушысы Ермахан Ибраймов, ауыр атлетші Алмас Өтешов, ганболдан КСРО-ның әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Наталья Кефер, баскетболдан Сергей Соломеев және т.б көптеген ұстаздар қауымы кәсіби спорттың көкжиегін кеңейтуге орасан зор үлес қосып келеді. Дүбірлі додаларда жеңіс деген ешкімге оңайлықпен келмесі анық. Барлық жеңіс тек ғана адал еңбек пен маңдай тердің, талмай еңбектенудің арқасында келеді. Қазақтың спорт және туризм академиясында білім алып жүрген барша жас осынау білім ордасының мол мүмкіндігін пайдалана отырып, теория мен тәжірибені қатар ұштастыру арқылы егемен еліміздің атын әлемге танытып, көк туымызды көкте желбірете береді деген сенімдеміз. Олардың әрбіріне сәттіліктің серік болуына тілекшіміз. Ақтолқын ТӘЖІКОВА qazaquni.kz