Ұстаздар мәртебесі өз тұғырына қонған күн!

Картинки по запросу қамбар батыр шымкент

2017 жылдың 26 қыркүйегі қазақ педагогикасының тарихына алтын әріптермен жазылатын күн болмақ. Неге? Мәселе бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысында ел тарихында тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында «Батырлар жырын», нақтырақ айтсақ «Қамбар батыр» дастанын жатқа айтудан жарыс ұйымдастырылуында ма? Жоқ, әрине. Мәселе, бас жүлде – темір тұлпардың сол сайыста жеңіп шаққаның баланың өзіне емес, оны оқытқан, осы жарысқа дайындаған Ұстазына берілгенінде болып отыр. Бұл өзі о бастан солай қабылданған шешім болатын.

Идея авторы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан биылғы жылдың ақпан айында «Батырлар жырын» жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында жарыс өткізсек қалай болады?» деген ой тастады. Оған, әрине, ешкім қарсы болған жоқ, бәріміз бірауыздан қоштадық. Бірақ, ары қарай идеяны іске қалай асыру жайлы нақты қадамдар жасала қоймады-дағы, ол біртіндеп ұмыт бола бастады. Міне, сол кезде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руххани жаңғыру» атты мақаласы жарқ ете қалсын. Бұл нағыз көктен тілегеніңді жерден берді дейтіннің өзі болды. Бас редактор бұдан соң қанаттанып, ойға алған игі ісімізді биылдан қалмай өткізейік деген талап қойды да, көктемде оқу жылы аяқталғанға дейін-ақ аудандарда іріктеу жарысының алғашқы сатысы өткізілді. Соңғы саты - облыс орталығындағы ақырғы сайысқа барлық ауданнан жүлделі үштікке ілінген талапкерлер қатыстырылды.

...Мен 5 жасымда хат таныдым. Жазуды қалай үйренгенім есімде жоқ. Ол кезде біз атам Ақжігіттің 1930 жылғы Созақ көтерілісіне қатысқан мерген ретінде атылып, одан аман қалып, қашып шығып, ақпанның сақылдаған сары аязында жалғыз ұлы екеуі бір тайлаққа мінгесіп Қаратауда күндіз жатып, түнде жүріп отырып, тәжік еліне қуғын-сүргін салдарынан бас сауғалап барған басқа да күнгейлік қазақтарға қосылғаннан кейін Тәжікстанның Ленинабад (кәзіргі Құжанд) қаласы маңайында солармен бірге көшіп-қонып жүрген кезіміз болатын. Кемел есімді әжеміз сол жылдары Қазақстанға, Келес өңіріне көшіп кеткен балаларына маған хат жазғызатын. Химиялық карандашты тілмен жалап қойып, асқан ыждаһаттылықпен «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты...» деп бастайтынмын барлық хатымды. Сол жылы Қазақстанға біз де көшіп келдік. Қолыма түскен бірінші кітап көлемі үлкен емес, бірақ қалың «Батырлар жыры» болды. Қобыланды батыр, Алпамыс, Ер Тарғын, Қыз-Жібек, Қозы-Көрпеш-Баян сұлу, Айман-Шолпан, Қамбар батыр болатын ішінде. Төртінші класқа келгенде ауылдың кемпір-шалына оқи-оқи алғашқы төртеуін жатқа айтатынмын...

Бұның бәрін неге еске алып отырмын? Кеше Шымкенттегі жарыс басталғанда редакция түгелдей дерлік театрда жүрдік. «Киіз кімдікі – білек соныкы» ғой. Менің таңертеңнен басым ауырып, амал жоқ барғанмын. Бас жағында шамалы отырып, сосын сұранып кетермін деген ой болған. Қайда-а-ан! Кезіндегі өзім секілді 5 кластың кішкентай балалары барын салып жатқанын көріп, ауруымның қайда кеткенін білмей қалдым...

Жарыс шын мәнінде айта қаларлықтай қызықты да тағлымды болып басталды. Режиссер Мақсат Айтжанов театр әртістерін, бишілерді, редакция журналистерін жегіп 10-15 минуттық сахналық көрініс қойды. Редакторымыздың орынбасары Гүлжамал Мұсаева айтқандай: «Мұндағы ең қызығы өз журналистеріміз бен қызметкерлеріміздің сахнаға шығып, кәсіби әртістерше өнер көрсеткені болды. Абыз ролінде - Атанбек Наурыз, жыршы - Дәулет Тұрсынұлы». Ал, қалғандарымыз «массовкаға» қатыстық. (Өзі - әнші, өзі - әртіс, өзі -театр... Мұндай ұжым қайда бар?! )

Бұдан соң жүргізушілер қазылар алқасының құрамымен таныстырып, сөзді соғыс және еңбек ардагері, ел басқарған көсем, жазушы-шешен, бүгінгі күннің абызы деп айтуға әбден келетін 93 жасар Әдһам Шілтерханов ақсақалға берді. Өткеннен бүгінге дейінгі тарихты тұтастай шолып өткен қадырменді қарияның Ұлы дала ұлтымыздың неліктен бағы мен қатар соры да екенін лық тола залдағы халықты баурап алып айтқан сөзін әр адам өз құлағымен есту керек еді!.. Оны түгел басуға газеттің мүмкіндігі жоқтығы себепті Әдекеңнің батасын бере кетейік:"Е, Жасаған! Уа, халайық! Жайыңдар қолды, көтеріңдер білекті, берсін Құдай тілекті! Садақтарың сынса да, сақтарың сынбасын, таяқтарың тайса да, аяқтарың таймасын! Жаратқан ием, сауат берсең – салауатын қоса бер, байлық берсең – қанағатын қоса бер, билік берсең – парасатын қоса бер, бақ-дәулет берсең – елге тиер шарапатын қоса бер! Елімізді Құдай даласымен сақтасын, азаматты санасымен сақтасын, халықты баласымен сақтасын, сәбиді анасымен сақтасын! Жыр додасына түсетін өрендерді Құдай тіл-көзден сақтасын! Күндерің күлімдеп шығып, таңдарың арайлап атсын, осы өнегелі істерің бүкіл қазақ даласына өнеге болып таралып жатсын! Өмірлі болыңдар, өрісті болыңдар, жеңісті болыңдар! Ата-бабаның әруағы, Қамбар баба әруағы қолдап, жебеп, желеп жүрсін. Әумин!" Бұдан соң Абай Балажан мен бокстан әлем чемпионы, шымкенттік Қайрат Ералиев тілек айтты, облыстық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Төлеген жарысты ашық деп жариялады.

Енді жарыстың өзіне келер болсақ, ә дегеннен-ақ оны ұйымдастыру үдерісінің барлық суығына тоңып, ыстығына күйген жанның бірі Гүлжамал Мұсаеваға кезек бергеніміз дұрысырақ болар. "Жақсылар, дастан айтайын..." байқауының шарты бойынша биыл қатысушылар "Қамбар батыр" жырын бастан-аяқ жатқа айтуы тиіс болатын. Бір шумақ өлеңді жаттата алмай жүргенде бір жырды жаттай қояр ма екен деген күдік болды. Уақыттың тығыздығына қарамай аудандық кезеңнің өзінде жырды түгел жаттап келген балаларды көргенде жүрек жарыла қуандым. Мықтыларын облысқа алып келдік. Сол балалар кеше сенімді ақтады. Жырды толық жаттаған балалар көрініп тұрды, қай жерінен сұраса да іліп әкетіп жатты. Көбісі жартысына дейін жақсы жаттайды да, әрі қарай кібіртіктей бастайды. Қазылар алқасы қанша тырысса да еш мүдірмеген 12 оқушы есімде қалды. Бүкіл халық соларға риза болды.

Байқаудың аудандық кезеңінен жолдама алып, кеше облыстық кезеңіне қатысқан оқушының ұстазы бүгін хат жазып жіберіпті. Оқушысын дұрыстап дайындай алмағыны үшін ұялып отырғанын жазыпты. Кейбір ұстаздар секілді емес, өз айыбын түсінген адамға риза боласың, әрине. "Байқау әділ, таза өтті, керемет ұйымдастырылыпты" депті. Керемет ұйымдастырыла қоймағанын өзіміз де біліп отырмыз, қай жерден қателік жібергеніміз де алдағы уақытқа сабақ болды. Бірақ, түкпірдегі ауылдың қарапайым ғана мұғалімінің осы бір ауыз пікірі таң атпай жанымды жадыратып тастады. Өйткені біз байқауды солар үшін - ауыл оқушылары мен мұғалімдері үшін ұйымдастырдық қой. Ал, байқау қазылар алқасының арқасында әділ де таза өтті...»

Бірінші жүлдені отырарлық Олжас Бәкира (жетекшісі – Айнұр Әлішер), бас жүлдені түркістандық Гүлжайна Елмұратова (жетекшісі – Майра Назарбекова) жеңіп алды. Айтпақшы, Майраның тағы бір шәкірті – Назерке Назролла екінші орынды иеленді.

Қазақтың тойы өкпесіз өткен бе, қапалығын білдірген бір ұстаз да табылып жатты. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы бүгін «фейсбук» әлеуметтік желісіне жарыстың үш кезеңінің де бейнежазбасын іліп қойды, реніш білдірген жан өз шәкіртінің қай жерден мүлт кеткенін өзі де көріп, тынышталатын болар.

Байқаудың басты жетістігі неде? Басты жетістік, әріптесіміз Айдар Құлжанов жазғандай бұл күннің «Бабалар рухы төрге озған күн» болғандығы. Бұл күн – қазақ Ұстаздары мәртебеснің өзіне лайықты биік тұғырға қайта оралуының бастауы болған күн. Бұл күн – жас ұрпақтың қанындағы қалғып жатқан батырлықтың қайта ояуына алғашқы қадам жасалған күн. Қандағы қасиет ешқашан жойылып, жоғалып кетпейтініне кеше залда отырған жұрттың бәрінің көзі жетті деп ойлаймыз. Өйткені, олар арқасы қозған, қанатын қомдаған, қабағы түйіліп, жанары жанып тұрған ұл мен қыздарды көрді.

Сонымен қатар, бұл күн қандағы батырлықты оятпасақ күніміз мүлдем қараң екенін, мың өліп, мың тірілген қазақ өзінің 5 мың жылдық тарихындағы ең шешуші

кезеңде тұрғанын, бұған дейінгі сынақтар бүгінгінің қасында баланың ойыны екенін, себебі бұрын жау сырттан келсе, бүгін ол ішімізде екенін, тілден, діннен екіге, тіпті үшке-төртке бөлінгенімізді, тіл мен діннен бөлінгеннің кесірінен ділден де бөлініп тұрғанымызды көрсетті. Көрсеткен нәрсе - «Жақсылар, дастан айтайын...»» жарысына қатысқан 48 үміткер оқушының арасында ары барса 7-8 қыз бала болатын шығар дегенбіз, сөйтсек, үштен екіге жуығы қыздар болып шықты!.. Ең нашар дайындалып келгендер де сол ұлдар. Соңғы сайысқа да 9 қыз, 3 ұл өтті...

Басқа басқа, кішкентай күнінде соғысып ойнайтын ұлдардың БАТЫРЛАР ЖЫРЫН жаттауға соншама құлықсыздығы нені көрсетеді? Бұл - біздің жетер жерімізге жеткенімізді, орта білім саласындаағы әйел затының үстемдік құруы қазақтағы жігіттік «НАМЫС» деген ұғымның жойылуға жақын қалғанын көрсетеді. Жойылмай қайтеді, шәкірттерін ертіп келген 48 ұстаздың да 4-еуі ғана ер адам екен. Мектептегі ұстаздардың 90 пайыздайы әйел, ал, олардың ішінде күйеуінен ажырасқан, ұлдары «мамамның баласымын» деп жүргендері де аз емес. Өз ошағын сақтай алмаған олар жас буынға қандай үлгі, өнеге бере алады?.. Ендеше, ең бірінші кезекте мектепке ер-азаматтарды қайтаруға тиіспіз. Міндеттіміз! Оны жүзеге асырудың жолы көп, тек ынта-ықылас болсын деңіз.

Ал, байқауға жақсы мен қатар жағымсыз жағымызды ашып көрсеткені үшін де мың қайтара алғыс! Енді, аурудың диагнозын ғана емес, оның емін де білеміз...

Өмірзақ АҚЖІГІТ,

Қазақ үні