ТАШКЕНТТЕГІ БИЗНЕС-ФОРУМҒА ОҢТҮСТІКТЕН 150 КӘСІПКЕР ҚАТЫСТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көрші елге жасаған іс-сапары аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес-форумы болып өтті. Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған 150-ден астам мемлекеттік және қаржылық ұйымдар мен кәсіпкерлер қатысты. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретін кездесуге барлығы 500-ден астам қос елдің кәсіпкерлері қатысты. Сонымен қатар, Ташкент қаласында өткен бизнес-форум шеңберінде біздің елімізде өндірілетін өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Өзбекстан астанасындағы көрмеге 90-ға жуық отандық компанияның өнімдері қойылды. Қазақстандық тауар өндірушілер көрмеге тамақ және өнеркәсіп, инженерлік, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары мен химия, металлургия IT салаларындағы 500-ден астам өнімдерін әкелді. «Өзэкспоорталық» кешенінде өткен көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар ірі кәсіпорындарының өнімдері қойылды. Атап айтқанда, кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасы, ұн және сүт өнімдерін өндіруде көшбасшылардың қатарындағы кәсіпорынның бірі «Алтын Дән» ЖШС-гі, цемент өндіретін «Шымкент цемент» және «Стандарт цемент» зауыттары мен ТМД-да бірінші ашылған вакумдық пробиркалар мен екіжақты ине шығаратын «ЭкоФарм Интернешнл» компаниясы мен терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» зауыты, медициналық жабдықтардың 17 түрін шығаратын «Marai E7 Group» ЖШС-нің өнімдері қойылды. Сонымен қоса, көрмеде «АтаСтрой» құрылыс компаниясы Сарыағаш ауданындағы Жібек-Жолы шекара бекетін модернизациядан өткізу жобасын таныстырды. Құны 18 млн. АҚШ доллары болатын жоба жүзеге асса тәулігіне 30 мың адам емін-еркін екі ел шекарасынан өте алады. Бизнес-форумда келіссөздер жүргізіліп, ондағы қатысушылар өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді. qazaquni.kz