Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 3-орынға көтерілді

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 3-орынға көтерілді

Қазақстандық спортшылар Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтіп жатқан V Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуде. Бүгін спортшылар ел қоржынына 3 «алтын», 3 «күміс», 4 «қола» медаль салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіл атлеттеріміз 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медал еншіледі. Әйелдер арасында 60 метрге жүгіруде Виктория Зябкина 7.32 секундтық нәтижемен алтын, Ольга Сафронова (7.43 секунд) қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, әйелдер арасында 400 метрге жүгіру сынында отандасымыз Елена Микина алдына жан салмады. Елена 53.37 секундтық нәтижемен жеңімпаз атанды. Ал ерлер арасындағы бәсекеде Михаил Литвин (46.51 секунд) үшінші орынды қанағат тұтты.

Бұған дейін Ольга Рыпакова мен Мария Овчинникова әйелдер арасында үш қарғып секіруден 1 алтын, 1 күміс медаль еншілеген болатын.

Белбеу күресінен сынға түскен Ерсұлтан Мұзаппаров (90 кг) және Перизат Жақыпбекова (70 кг) күмісті, Дидар Сәтбаев (55 кг) қола медальді жеңіп алды. Сондай-ақ, джиу-джитсудан 55 кг салмақта өнер көрсеткен Галина Дуалова қола медальға қол жеткізді.

Сонымен Азия ойындарының төртінші күнгі қорытындысы бойынша, Қазақстан 3-орында.

1. Түрікменстан - 89 (43-28-18)

2. Иран - 26 (7-4-15)

3. Қазақстан - 22 (6-6-10).

Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы жалпы есепте 5-орында болған еді.