МАҒЫНАЛЫ ӨМIРДIҢ МАЗМҰНДЫ ШЕЖIРЕСI

Картинки по запросу қуаныш айтаханов

Мемлекет және қоғам қайраткерi, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигi, экономика ғылымдарының докторы, Оңтүстiк Қазақстан облысының және Арыс, Бәйдiбек, Қазығұрт, Отырар, Сайрам, Созақ, Шардара аудандары мен Түркiстан қаласының құрметтi азаматы Қуаныш Айтаханов қалтарысы мен бұлтарысы көп мына тiршiлiкте ащының да, тәттiнiң де дәмiн татып, үлкен өмiр жолынан өттi.

Ел басқару iсiне жас шағынан араласып, Оңтүстiк Қазақстан облысында жастар жетекшiлерiнiң бiрi болды, осы облыстың бiрнеше ауданына басшылық жасаған кезде де iске жанашырлықпен қараудың, халықпен етене араласудың, тың бастамалар көтеру арқылы шаруашылықтарды алға сүйреудiң үлгiсiн көрсетiп, үнемi абырой биiгiнен көрiнiп жүрдi. Облыс басшысының идеология жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарған жылдарда да қандай жұмысты қолға алса да ұршықтай үйiрiп әкететiн iскерлiгiмен облыстың идеология саласына тың серпiн әкелдi. Ал, Қазақстанның жоғары билiк тармақтарының бiрi болып табылатын, Тәуелсiздiк туралы заң қабылдаған Жоғарғы Кеңестiң, кейiннен Парламент қабырғасында, оның iшiнде Парламент Сенатына халықтың қалауымен қатарынан екi рет депутат боп сайланып, еңбек еткен жылдарында қашандағыдай белсендi, сергек қалпынан бiр танбай, мемлекеттiк дәрежедегi мәртебелi мiнбелерден елдiң сөзiн сөйлеп, жоғын жоқтаумен айрықша көзге түскен санаулы саңлақ депутаттардың бiрi болғанын жұртшылық жақсы бiледi. Демек, саналы ғұмырын халық үшiн қызмет етуге арнап, мазмұнды да мағыналы өмiр белестерiн артқа тастаған абзал жанның елiне, халқына ғибратты өмiрiнен айтар әңгiмесi де, шертер сыры да аз болмаса керек.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Қуаныш Айтахановтың Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жуырда жарық көрген «Өмiр белестерi» атты кiтабы шынында да автордың оқырманмен сыр бөлiсуiне арналғандай екен.

Жалпы, Қуаныш Айтахановтың бұдан бұрын да «Ел мерейi жолында» (2010 ж.), «Сөз сұраймын» (2011 ж.), «Елге қызмет – ең басты мiндет» (2015 ж.), «Қызмет еттiм халқыма» (2017 ж.) атты кiтаптары жарық көрген болатын. Оларда 2005–2017 жылдары Парламент Сенатына депутат болған автордың қоғамның сан алуан саласына қатысты ойлары, мақалалары, әртүрлi жиындарда сөйлеген сөздерi, мемлекеттiк органдарға жолдаған депутаттық сауалдары топтастырылған едi. Ал, 2014 жылы жарық көрген «Азамат ажары» деген жинақта Қ.А.Айтахановтың бейнесiне оның бүгiнгi замандастарының көзiмен шолу жасалған-ды.

Ғұмырнамалық сұхбат сипатындағы мына туындыда Қуаныш Айтаханұлы өзiнiң өмiр жолына ой көзiмен қарап, Кеңес өкiметiнiң тұсында және тәуелсiздiк жылдарында қызмет бабында өзi белсене қатысқан оқиғаларды әңгiме арқауы ете отырып, көрген-бiлгендерi мен көңiлге түйгендерiн оқырманмен бөлiседi.

Әрине, шағын рецензияда кiтаптың бүкiл мазмұнына шолу жасау шарт емес, дегенмен, ондағы айтылған негiзгi ойлардан өмiрiнiң жарты ғасырын республиканың шаруашылық жұмыстарына, мемлекеттi өркендету жолындағы iстерге арнаған қайраткердiң қажырлы қимыл-әрекетiн аңғаруға болады.

Кiтаппен танысу барысында Қ.Айтаханов бойындағы қоғам iсiне деген сергек, жанашырлық мiнездiң оның балалық шағындағы алғырлығынан бастау алатыны байқалады. Алты жасында мектеп табалдырығын аттаған бала Қуаныштың ондаған жылдар өткенде дана Қуанышқа айналуы арасындағы кезеңде ол үнемi қоғамның алдыңғы легiнде жүрiптi. Кiтаптан оның мектепте үздiк оқығанымен, малдәрiгерлiк техникумды, Мәскеудiң малдәрiгерлiк академиясын үздiк бiтiргенiмен, мектеп қабырғасында жүрген кезiнен қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен, ақырында ел басқару өнерiн қапысыз меңгерiп, мүлтiксiз атқаруымен танысқаннан кейiн-ақ Қ.Айтахановтың басқаша мiнезде болуы, яғни адамдардың көпшiлiгiне тән қоғам дақпыртына iлесе шауып жүре беретiндердiң қатарынан емес екенiне көз жеткiзе түсесiң.

Әдетте кiтап оқыған адам одан көбiне өзiне керегiн iздейдi емес пе?! Қ.Айтахановтың аталған туындысынан бiз сол керегiмiздi тапқандай болдық. Бұл ретте кiтапта автордың ел басқару iсiнде халықтың әл-ауқатының қайнар көзi саналатын экономиканы ұдайы назарда ұстап, бұл бағытта тың ойлар мен ұсыныстарды ортаға салып қана қоймай, оларды практикада iске асыру арқылы қомақты нәтижелерге қол жеткiзген сәттерi қызықты баяндалып, оқырманды баурайтын тұстары баршылық.

Сонымен бiрге бiздi автордың қызмет барысында рухани саланы дамытуды экономиканы жолға қоюдан бiр мысқал да кем көрмейтiнi қуантты.

Бұл жөнiнде автордың өзi былай дейдi: «Мен қай жерде қызмет iстесем де, менi ең бiрiншi алаңдататын елдiң рухани, мәдени өмiрi болды. Өйткенi, экономикалық, әлеуметтiк жағдайларды бiрте-бiрте, ертелi-кеш жөндеуге, жақсартуға болады. Ал, рухани өмiрдi жөндеу өте қиын. Рухани азғындау мен рухани ашаршылық аса қауiптi. Себебi, ұлттық рух, ұлттық намыс жоқ жерде ар-ождан, салт-дәстүр аяқасты болады».

Қ.Айтахановтың сөзi мен iсiнiң үнемi сәйкестiкте жүретiнiне, елдiң рухани өмiрiне байланысты жоғарыда айтқан пiкiрiн өзi атқарған қызметiнде үнемi назарда ұстайтынына аталған кiтаптан көптеген мысалдар келтiруге болар едi.

Кiтаппен танысу барысында Оңтүстiк Қазақстан облысының идеология саласын басқарған кезде, осы облыстың Қазығұрт, Шардара Созақ, Сайрам, Отырар аудандарында, Арыс қаласында басшы қызмет атқарған жылдарында облыста, қалада, аудандарда рухани саланы өркендетуге айрықша назар аударылғаны айтылған әңгiмелерден айқын аңғарылады.

Мысалы, Қ.Айтаханов Созақта туып-өскен көрнектi мемлекет қайраткерi Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығын, қазақтың классик жазушысы Тәкен Әлiмқұловтың 75 жылдығын, жазушы-сыншы Төлеген Тоқбергенов пен ақын Бәтима Батырбекованың 70 жылдығын, жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменовтiң 60 жылдығын, тамаша күйшi Төлеген Момбековтiң 70 жылдығын үлкен көлемде аталып өтiлуiне аянбай еңбек сiңiрген.

Сол сияқты Сайрамда Мәртөбенiң мәртебесiн көтерген, аудан тарихы туралы бiрнеше кiтаптың жарық көруiне мұрындық болған, өзбек ағайындар көп қоныстанған ауданда қазақ тiлiн дамытуды қолға алып, арада бiрсыпыра уақыт өткенде, өзi мұнда басшы болып келгенге дейiн өзбек тiлiнде өткiзiлген жиналыстардың қазақша өткiзiлуiне, баяндамалардың қазақша ұйымдастырылуына қол жеткiзген.

Ал, Арыста жүргенде ел басқарудың қазақы рәсiмiн қайта жаңғыртуға барынша күш салған. Ауыл биi, төбе би деген сияқты институттар енгiзген. Ардагерлер кеңесi, ақсақалдар кеңесi, әйелдер кеңесi, жастар кеңесi, мүгедектер кеңесi, қажылар кеңесi деген ұйымдар ашқан. Сөйтiп, демократиялық институттарды барынша дамытып, үкiметтiк емес ұйымдардың санын көбейтiп, олардың аудан көлемiндегi халықтың барлық санаттарын қамтитын құрылымдарының тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз еткен.

Қ.Айтаханов басшылыққа келгенге дейiн Арыстағы жердiң, елдi мекендердiң аттары тұрғындардың басым көпшiлiгi қазақтар болғанына қарамастан, Мамаевка, Обручевка, Ермоловка аталатын. Бұл баяғы отарлау саясатының салдары екенi түсiнiктi. Сондықтан Қ.Айтаханов жер аттарын да, көше аттарын да қазақшалауды қолға алған. Мысалы, Обручевка атауы Қараспанға, Мамаевка атауы Көлтоғанға ауыстырылған.

Сондай-ақ, сол жылдары Арыс қаласында елу көше болса, солардың 80 пайызының атауы орысша екен. Қазақы аудан болса да, тiзеге салып отырып, кезiнде осылай жасалған. Сондықтан мұндағы көше аттарына елiмiзге, осы жерге еңбегi сiңген ерлердiң, әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерiнiң есiмдерiн беру керек деген бәтуаға келген жергiлiктi билiк қалалық Кеңестiң сессиясында 31 көшенiң атын ауыстырып, оларға Шәмшi Қалдаяқов, Жұмекен Нәжiмединов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Сәбит Мұқановтың есiмдерi берiлген.

Қ.Айтахановтың халықтың қамын ойлайтын мiнезi Парламент қабырғасында да байқалмай қалмады . Бұған жоғары мәртебелi органдарға жолдайтын депутаттық сауалдары, баспасөзде жариялайтын мақалалары куә. Оларда үнемi қоғамның көкейкестi мәселелерi қозғалады (мектеп, денсаулық сақтау, ескерткiштердi қорғау, ауыл шаруашылығы, тiл мәселелерi). Және өз ойын үнемi тек қана мемлекеттiк тiлде жеткiзедi. Бұл оның өмiрлiк қағидасы. Әйтпесе Мәскеудiң жоғары оқу орнын үздiк бiтiрген оның бiр адамға жетiп артылатын орысшасы бар екенi анық. Кiтапта автор Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен елiмiздiң тәуелсiздiк жылдары қол жеткен табыстарының ұшан-теңiз екенiн нақты цифрлармен көрсетедi. Бұрын бiз кiм едiк, қазiр кiмбiз? Әрбiр қазақстандық өзiне осы сұрақты қойып ойланса, елiмiздiң бүгiнгi жетiстiктерi көз алдымызға келедi, кеудемiздi елiмiзге деген мақтаныш сезiм кернейдi деп сабақтайды. Осының бәрi өзiмiз талқылап отырған туындыда қызықты әңгiмеленедi. Көпшiлiк қауымға арнап жазылған, он бес тараудан тұратын ауқымды еңбектегi оқиғалар жатық тiлмен әсерлi баяндалады. Аталған туындыны мағыналы өмiрдiң мазмұнды шежiресi деуге толық негiз бар.

Жеңiс БАҺАДҮР, жазушы-журналист

"Оңтүстік Қазақстан" газеті