Қазақстандықтарға Қазақ тілін қорлатпай, қорғап жүрген Оғыз Доған бауырыма зор алғыс!

    Қазақстанда Қазақстан азаматтарына Қазақ тілін қорлатпай, қорғап жүрген оғлан Оғыз Доған бауырыма мың да бір рахмет! Мемлекеттік тілді талай табанға таптаған "Эйр Астананың" стюардессасы Екатеринаның мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқан бұл тірлігі мен Моңғолияда Дұниежүзілік Поэзия фестивалында жүргенде болғанға ұқсайды. Келе салысымен ұлт мүддесін қорғап жүретін Абзал Құспан бауырымның   "Заңгер: Оғыз Доған «Эйр Астананы» сотқа берсе жеңуіне  кепілмін" жазбасынан шетін оқиғаның шетін байқап қалып, Qazaquni.kz ұлттық порталына көшіріп бастық. "-Маған жолсерік қыз келіп, орысша сөйледі. Менің қарындасым сияқты қыз ғой, дауыс көтермедім. Мәдениетті түрде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін, өзімнің орыс тілін түсінбейтінімді талап етіп, сұрадым. Жолсерік қыз сосын ағылшынша сөйледі. Жаным-ау, мен Қазақстанға келіп тұрмын ғой. Қазақ тілінде қызмет алуым керек қой.  Маған Қазақстанда тұрып, бөтен мемлекеттің тілінде қызмет көрсеткені ұялтты. Бұл Қазақстан. Оның тілі – қазақ тілі. Мен түрік болсам да, қазақ тілін өз ана тілімдей құрметтеймін. Біз түріктер Қазақстанды анажұртымыз, атажұртымыз деп білеміз. Мен Қазақстанға бірінші мәрте келіп тұрған жоқпын. Бұл жақтағы кейбір азаматтардың, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білмейтінін, тіпті білгісі де келмейтінін жақсы білемін. Әйтпесе, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы қанша жыл өтті. Қазақ тілін үйреніп алатын уақыт жетті, тіпті асып кетті ғой. Мен журналистпін. Қазақ тілінде докторлық диссертация қорғаған адаммын. Неге мен Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете алмаймын?! Өкінішке орай, сол ұшақта отырған талай қазақ азаматтардың біреуі, «мына түріктің айтып отырғаны дұрыс қой», деп қолдау білдірген жоқ. Маған келіп, «орындықты көтеріңіз, белдемшені тағыңыз» десе, мен сөзсіз ережені орындайтын едім. Өйткені мен қазақ тілін түсінемін. Саналы түрде ондай маңызды талаптарды орындаудан бас тартатындай, мені не жын соғыпты?! Мұнда айыппұлдың мәселесі емес. «Эйр Астанамен» дау 6800 теңгені төлеу арқылы бітер. Бірақ, мұның сыртында қазақ тілінің мәселесі көмулі қалады ғой. Ол Халықаралық әуе қызметі. Мен секілді шетелдік туристер, қонақтар қаншама келіп-кетіп жатқан. Солар айтпайды дейсіз бе? Айтады, әрине. «Қазақстанда мемлекеттік тілдің құны бес тиын екен» деп ертең өз елдеріне өсек апарады. Олар неге олай айтады? Себебі, дүкен, тіпті әжетханаларға дейін орыс тілінде қызмет көрсетіп, маңдайшаларына жайнатып жазып қойған, «Туалет» деп. Бұл бұл ма? Екі аттап, біреуден жол сұрасаң «Вам в ту сторону» деп бейпіл жауап береді. Мұны көрген кез келген турист қазақ тілінің бар екенінен де бейхабар кетері анық. Ал енді, сол туристердің ең бірінші көретіні әуе қызметі. Сол жерден, яғни, қазақ топырағына табандары тиместен жатып, бөтен тілде сөйлеп тұрса, менде не ақы. Өкінішке орай, Қазақстанда жүріп, қазақ тілінде қызмет сұрағаным үшін осындай жағдай орын алып отыр. Мен 6800 теңгеден қашпаймын. Әуелі, қазақ халқынан мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін «Эйр Астана» кешірім сұрасын. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген компания қызметкеріне компанияның ішкі тәртібіне сәйкес шара қолданылсын. Сонда ғана барып, мен 6800 теңгені төлеймін. Егер, әуе қызметі өз айыптарын мойындамайтын болса, мен заң аясында өз құқығымды қорғайтынымды айтпақпын."- дейді   Оғыз Доған "Абай.кз" сайты тілшісіне берген жауабында. Негізі  мемлекеттік тілдің мүддесін қорғаған Оғыз Доған  осы уақытқа дейін  қазақ халқынан кешірім сұрамаған  "Эйр Астана" компаниясын  бүгін сотқа беріпті. Әлеуметтік желіде  пікір айтушылар дұрыс айтады, "Эйр Астанаға" моральдық шығын ретінде 1 теңге емес, кемінде 10 миллион немесе 100 миллион теңге деп бағалау керек қайтадан. Себебі: 1. Олар заңды да, арды да тек ақшамен бағалайтындықтан, олар үшін Тіл емес пұл ғана құнды болып саналатындықтан, тек Ақша ғана әсер ете алады. Әйтпесе, осы уақытқа дейін олар  кешірім сұрап,  компаниядағы мемлекеттік тіл мәселесін заңға сәйкес шешіп қояр еді. 2. Ертең олар "Қазақ тілін қорғағандағы моралдық құның 1 теңге ғана ма" деп күлкіге айналдырады және бұндай тірлік қайталана береді. 3. Ақшадан ауыр шығын келсе, мейлі сот ол соманы оншақты есе кемітсе де, 1 миллион теңгенің өзі мемлекеттік тілді табанға таптағыш "Эйр Астанаға" қатты  тиіп, қазақ тілін керек етпеген стюардессаны жұмыстан шығаруға , ал бұл басқаларға үлкен сабақ болуына жеткізеді. ҚАЗАҚ ҮНІН, ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАДІРЛЕУДІ ОСЫЛАЙ НАҚТЫ ІСІҢМЕН КӨРСЕТЕ БЕР, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ОҒЫЗ ДОҒАН БАУЫРЫМ! Саған Қазақ халқының атынан зор АЛҒЫС айтамыз. Жерде де, суда да, әуеде де алдыңнан Ақ жол ашыла берсін, Алла жар болсын! Қазыбек ИСА qazaquni.kz   http://www.qazaquni.kz/2017/08/16/73641.html